Қоршаған орта араша сұрайды

 Облыстық мəслихаттың заңдылық, депутаттық этика, табиғатты пайдалану жəне экология мəселелері жөніндегі комиссиясының Бурабай кентінде өткен көшпелі отырысында өңіріміздегі мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде табиғатты қорғау заңдылықтарының сақталуы, депутаттардың сайлауалды бағдарламаларының іске асырылуы кеңінен сөз болды. Комиссия отырысына облыстық мəслихаттың хатшысы Нина Дьячек қатысып, осы тұрғыда өз ой-пікірін ортаға салды.

  Қомиссия мүшелері алдымен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өндірістік базасында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Мұндағы жаңа техникалар, қызметкерлерге арнайы салынған тұрғын үйлер жақсы жағынан атап өтілсе де, көрікті өлкенің шырайын кетіретін жайлар да орын алып отыр. Жергілікті халық қатты тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерге апарып тастай салады. Осындай олқылықтың бар екеніне Зеленобор селолық округінің аумағында болғанымызда көз жеткіздік. Бəз-біреулер табиғат аясын қоқыс  полигонына айналдырып жіберген.
Бұл мəселелер аталған комиссияның көшпелі отырысында қатты сынға алынды. Оның үстіне, мемлекеттің қорғауындағы сирек кездесетін жануарларға броконьерлер тарапынан озбырлық азаймай отыр. Өткен жылы Қорғалжын қорығында заңсыз аң аулауға қатысты 81 заң бұзушылық анықталып, 79 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Облысымыздағы өзен-көлдердің тартылып қалуы да өзекті мəселе күйінде қалуда. Жиында сөз алған «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Ерлан Құтпанбаев қазіргі таңда аудандағы Үлкен Шабақты көлі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын айтып, халық қалаулыларын осы мəселеге назар аударуды өтінді. Басқа да баяндамашыларды тыңдай келе, комиссия мүшелері айтылған жайлардан қорытынды шығарып, ең өзекті дегендерін облыс əкіміне хат арқылы жолдайтындықтарын жеткізді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар