Пилоттық жоба жалғасады

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталық мамандарының қатысуымен Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде өткен семинар дәрігер мамандар үшін пайдалы тұстарымен ерекшеленді.

 

Туберкулез ауруының санын азайту, халық арасында аурудың таралуына жол бермеу, өлім-жітім көрсеткішін төмендету мақсатында ұйымдастырылған семинарға Астана қаласы мен Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстарындағы туберкулезге қарсы күрес диспансерлерінің  дәрігерлері қатысты. Үш күндік семинар барысында туберкулез ауруы бойынша 2014 жылы облыста қабылданған пилоттық жобаны іске асыруда атқарылған  жұмыстың қорытындысы шығарылды.  
Сондай-ақ, пилоттық жобаға енгізілген облыстардың туберкулез диспансерлері мамандары өзара тәжірибе алмасты. Облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Қасымжан Тәшметов туберкулезді дер кезінде анықтау, ауруға шалдыққан науқастарды ауруханаға жатқызып ем-дом шараларын уақытылы жүргізу үшін дәрігерлер тарапынан барлық көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ,  ол күндізгі стационарда емдеу шаралары тәжірибеге енгізілгенін жеткізді.
Қазіргі таңда облыста күндізгі стационарлық емді үйде ұйымдастыру жұмыстары да қолға алынуда. Осы жұмыстың нәтижесінде біздің облыс бойынша туберкулезбен ауру екі есеге, өлім-жітім  төрт есеге азайған. Қазіргі таңда  120-ға  жуық адам өздерінің үйлерінде және күндізгі стационарда ем қабылдауда. Бірақ, облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері  Қасымжан Тәшметовтың айтуынша, аурушаңдық көрсеткіші әлі жоғары деңгейде. Оған медицина саласы қызметкерлері ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың да өкілдері қолдау көрсетуі тиіс.
Осы орайда, семинар барысында мамандар туберкулездің алдын алу туралы дәрістер оқып, 2014-2020 жылдарда туберкулезбен күресті күшейтудің кешенді жоспарын талқылады. Олар Мариновка ауданаралық туберкулезге қарсы күрес ауруханасы мен Атбасар аудандық емханасының диспансерлік бөлімшесінде болып, күндізгі стационарда ем қабылдап жатқан аурулардың жағдайын сұрастырып білді. Көкшетау қаласындағы диспансер бөлімшесінің жұмысымен де жете танысып, Көкшетау қалалық емханасында болуға да зор мүмкіндік туды.
  Семинардың соңғы күнінде облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жағдайымен танысып, алғашқы медико-санитарлық көмек көрсетудің нақты шаралары талқыланды.
Алматы қаласындағы Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының бөлімше меңгерушісі Қағаз Серікпаева үш күндік семинарды қорытындылап, туберкулезді амбулаторлық емдеу жобасы аясында Ақмола облысында жүргізілген пилоттық жұмыс өз нәтижесін бергендігін айтты. Республика бойынша облыстың деңгейі көңіл қуантарлық дей келе, өзгелерге қарағанда ақмолалық дәрігерлер туберкулезге шалдыққан науқастардың  үзбей ем қабылдауын жіті қадағалайтынын айтты.  Сондай-ақ, туберкулез ауруының азаюы да жұмыстың оң нәтижесін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, пилоттық жоба біздің облыста одан әрі жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, Астана қаласы мен Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында да жобаны іске асыру қолға алынбақ.

 

Ақмарал   ЖАНҒАЛИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар