Дастарханның мол болуын қалаймыз

Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін жасау  бағдарламасының негізгі мақсаты Елорда тұрғындарын сапалы отандық азық-түлік тағамдарымен тұрақты және жеткілікті қамтамасыз ету болып табылады.

Сондай-ақ, отандық өнімді қолжетімді бағамен сатып, біртіндеп шетел тауарларымен бәсекелестікті өрістету де қарастырылған. Облыстың азық-түлік белдеуіне қатысушылары Астана қаласының рыногына азық-түлік тағамдарының негізгі түрлерін жеткізу көлемін арттыруда. Импортты қысқарту үшін азық-түлік белдеуі аймағында тұрақты шикізат базалары құрылуда. Астаналықтарға азық-түлік тағамдарының негізгі түрлерін қолжетімді бағамен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары өндірістің қазіргі заманғы әдістерін қолданып, өнім тасымалдау шығынын азайтып отыр. Бағдарлама шеңберінде Астана қаласының тұрғындарын азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз етудің нақты талдауы ұсынылды. Азық-түлік тауарларын жеткізетін аудандардың әлеуеттік мүмкіндігіне баға берілді.
Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес, облыста Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Біздің өңір азық-түлік белдеуіне толығымен кіріп,  Астана қаласына ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдайтын негізгі жеткізуші болып табылады. Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары Елорданы 40 пайыз сүт өнімдерімен, 47 пайыз ет өнімдерімен, 100 пайыз ұнмен және жұмыртқамен, 93 пайыз картоппен қамтамасыз етті. Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін одан әрі дамыту өңірдің агроөндірістік кешенімен тікелей байланысты. Облыста 2009-2014 жылдары тоқсан инвестициялық жоба іске қосылса, биылғы жылы он үш жоба жүзеге асырылуда.
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басымдықтарының бірі сүт өңдеу болып табылады. Бұл бағытта он төрт кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары Целиноград ауданының «Родина» агрофирмасы», Ақкөл ауданының «Экомилк» және «Молоко Синегорья» серіктестіктерінің сүт зауыттары пайдалануға берілді. Бұл кәсіпорындар қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталғандықтан, ішкі және сыртқы нарықта бәсекелестікке қабілетті. Жыл басынан бері 349,6 мың тонна сүт өндірілді. Бүгінгі таңда  Ақкөл, Атбасар, Астрахан, Аршалы, Бурабай, Есіл, Жақсы, Зеренді, Целиноград және Шортанды аудандарында 25 ауыл шаруашылығы құрылымы сүт өндірумен айналысады. Сонымен қатар, облыста сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес 28 шағын тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Олар жыл өткен сайын өнім өндіру көлемін арттырып келеді.
Сондай-ақ, он бес кәсіпорын ет өңдеумен айналысады. Оның ішінде Қорғалжын ауданындағы «Астана Агропродукт», Бурабай ауданының «Казбив ЛТД» және «Щучинск ет комбинаты» серіктестіктерінің ет комбинаттары өндірген өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндіктері бар. Биылғы жылы Көкшетау қаласында «Бижан» серіктестігінің ет өңдейтін зауытының құрылысы басталды. 2015-2018 жылдары мал шаруашылығы саласын дамытудың жоспарына сәйкес елу бас сауынды сиырдан тұратын жиырма екі тауарлы сүт фермасы, жүз бас сиыры бар жиырма бір шаруашылық және екі жүз сауынды сиыры бар жиырма екі шаруашылық ұйымдастырылмақшы. Осы үш жылда жалпы саны 7 мың 550 бас сауынды сиырға арналған алпыс бес шаруашылық ашып, 26,4 мың тонна сүт сауу көзделген.
Құс өсірушілер саласын дамытуда біршама нәтижелерге қол жеткізілді. Облыста құс өнімін жеті мамандандырылған кәсіпорын өндіреді. Тек соңғы екі жылда үш құс фабрикасы пайдалануға берілді. Биылғы жылы жұмыртқа өндірісін екі есеге көбейту көзделіп отыр. Бұл өніммен Астана қаласының және облыс тұрғындарының қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Тіпті, экспортқа шығуға да мүмкіндік туады. Өңірде құс етін өндіретін үш фабрика жұмыс істейді. 2017-2019 жылдары Астрахан мен Бұланды аудандарында екі жаңа құс фабрикасы пайдалануға берілмекші. Сөйтіп, құс етін өндіретін бес фабрика жұмыс істейтін болады.
2015-2018 жылдары  ауыл шаруашылығы құрылымдарында алпыс бес тауарлы сүт фермасын пайдалануға беру жоспарланды. Өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізат аумағы бекітілді. Астана қаласының қажеттілігі жыл сайын өсуіне байланысты картоп пен көкөніс отырғызу алқаптары ұлғайтылады. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметі бойынша Елорда тұрғындарының саны 850 мың адамды құрады. Биылғы жылы Астана қаласына 86 мың тонна сүт өнімдерін, 20,4 мың тонна ет өнімдерін, 217,5 миллион дана жұмыртқа, 82,7 мың тонна картоп, 1,7 мың тонна өсімдік майы мен 11,3 миллион тонна ұн жеткізу жоспарланған.
Қала тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізу көлемін көбейту мақсатында облыстық мәслихаттың шешімімен 2015-2018 жылдары Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамытудың кешенді бағдарламасы бекітілді. Бағдарламада ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өндіру көлемін арттыру және өнімдерді Астана қаласының төңірегіндегі азық-түлік белдеуінде өңдеу тапсырмасына қол жеткізу бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде Астана қаласы тұрғындарының 60 пайызын сүтпен, 70 пайызын етпен, 43,4 пайызын көкөніспен сондай-ақ, ұнмен, жұмыртқамен және картоппен толық қамтамасыз ету көзделген.

Мұрат БАЛПАН,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар