Айшықты қолтаңбамыз қалды

1998-1999 жылдары біздің серіктестік жаңа елордамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері үшін көп қабатты тұрғын үйлер салды. Қазір бұл үйлер Астана қаласына көрік беріп тұрған ғимараттардың бірі.

Өз басым Астана қаласының құрылысына үлесімізді қосқанымызды және тұрғын үйлерінде құрылысшыларымның қолтаңбалары қалғанын мақтан тұтамын.
Бұрынғы Ақмола қаласының көшелері мен үйлері біркелкі, ескіше салынған болатын. Көп қабатты үйлермен бірге, жер үйлер де аз болмайтын. Бүгінгі қаланың көркі мүлде басқа. Сол кезбен салыстыруға да келмейді. Аз уақытта осынша өсіп, үлкейіп шыға келгеніне қайран қаласың. Қазіргі Астана тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген жасампаз қала. Оны Ұлт Көшбасшысының бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген өзінше бір таңғажайып әлем деуге болады. Әсіресе, ерке Есілдің сол жағалауына көз салсаң, көк тіреген зәулім ғимараттардың әсемдігіне сүйсінесің. Жаңадан қайта салынған көшелердің бойындағы ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілген мүсін-тастар мен гүлзарларды көргенде, төбем көкке жеткендей қуанып қаламын.
Кейін біздің серіктестік бедертастар жасайтын цех ашып, жаяу жүргіншілер жолдарын төседі. Біздің фирманың Мұрат Сәдуақасов, Жәкен Нұралин, Аслан Нұрғожин сияқты құрылысшылары Астана қаласынан мол тәжірибе жинақтап, өз істерінің шеберлері атанды. Бүгінгі таңда құрыш қолды құрылысшылар Көкшетау қаласында 30 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Қазір Астанаға бара қалсам, қым-қуыт тіршілік. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс бабымен ағылып жатқан адамдар. Жаңадан бой көтеріп жатқан зәулім ғимараттардың биіктігіне таң қаласың. Бір жаңа леп бар бас қалада. Өз басыма Астана батыс өркениеті мен сан ғасырларға тамыр жайған шығыс мәдениетін бір арнаға тоғыстырған ғимараттарымен ұнайды. Бейбітшілік және келісім сарайы, әуежай мен жаңадан салынған сәулетті мешіттер қандай керемет.
Бізге шетелдік инвесторлардың көп тартылып, ел экономикасын көтеруге қыруар қаржы құюы да осы Астананың абырой-беделінің арқасы деп білемін. Себебі, кез-келген мемлекеттің Елордасы –  оның айнасы. Астанасы қарыштап дамып тұрған елдің болашаққа бет алысы да қуатты. Яғни, инвесторлардың көңілдеріне сенімділік ұялатады. Құдайға шүкір, қазір де Астанамыздың өсу қарқыны – кемел, дамуы –  жедел. Өміріміздің сәні мен мәніне айналған Елорда мені міне, әрдайым осындай жақсы ойларға жетелейді.
Серік МҰҚАНОВ,
жауапкершілігі шектеулі «Жақия»
серіктестігінің құрылтайшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар