Сенде тұрған қандай бақыт!

Біреулер еліміздің бас қаласы Астананы көруді армандап жүрсе, маған осы әсем де көрікті шаһарда тұру бақыты бұйырғанына қуанамын.

Осыдан төрт жыл бұрын жолдасымның жұмыс орны Астанаға ауысқандықтан, отбасымызбен осында көшіп келдік. Әрине, бас кезінде үлкен қалада қалай тұрамыз, бұрынғыдай молшылықта өмір сүре аламыз ба деген сияқты ойлар санамызды көп мазалады. Алғашында пәтер жалдап тұрсақ, кейіннен өзімізге үй сатып алдық.
Ұлы ақынымыз Абай: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп текке айтпаған ғой. Кез-келген адам талаптанса, міндетті түрде істеген ісінің жемісін көреді. Біздің қалада да сондай еңбекқор, алға биік мақсаттар қоя білетін жастар көп. Жалпы, барлық астаналықтар жайлы соны айтар едім. Мұнымен, кейбір оқырмандар қала тұрғындары жұмыстан мүлде бас алмай, демалмайды деп қалатын шығар. Әсте олай емес. Астанада бос уақытты отбасыңмен бірге пайдалы өткізуге барлық жағдайлар жасалған. Бір адым аттасаңыз болды, алдыңыздан саябақтар, балалардың ойын алаңдары, басқа да демалыс орындары шыға келеді. «Бәйтерек» монументінің алдында, әсіресе жаз айларында күні-түні тынымсыз ағып тұратын субұрқақтардың жанында қыдырғанның өзі көңілге қуаныш сыйлайды.
Өзім бала бақшада еңбек еткеннен кейін балғындарға Астанамыздың тарихын, әлемдік аренадағы орнын ылғи да айтып отырамын. Балалардың туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі тәрбиеге байланыс-ты болғандықтан, олармен патриоттық тақырыптарда әңгіме жүргізіп отыру аса маңызды. Өйткені, ертеңгі күні еліміздің тұтқасын ұстайтын осы ұл-қыздарымыз.
Астананы астана етіп, әлемге әйгілеп тұрған оның аспанмен таласқан зәулім ғимараттары емес, тұрғындары деп ойлаймын. Тұрып жатқан мекеніміздің мерейін асырып, оны әрі қарай дамытып, көркейтіп жатқан сіздер мен біздер, қадірменді жерлес-тер. Сөз соңында арайлы  Астанамыз одан сайын құлпырып, дамып, қуанышымыз еселене берсін демекпін. Баршамызға ортақ мереке –  
Астана күні құтты болсын!  

Жанерке МҰХАМБЕТЖАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар