Әлем таныған дара тұлға

Кей сәттерде ойланасың…  Мүмкін, жазымыш Нұрсұлтан Назарбаев арқылы біздің санамызды сілкінтіп, адамзатқа қарапайым шындықты өткеннің өкініштерінен арылып, бейбіт те, қастерлі өмір сүрудің қадірін ұғындыруға тырысатын болар!?

 

 

Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы

Алғашында, көптеген құбылыстар мен заттарды зерделеуге салыстырудың өзі-ақ жетіліп, артылатындай көрінері анық. Десек те, кей жағдаяттарда бұл да өзін-өзі ақтай бермейді. Әсіресе, егерки біз, қайталанбас, тұғыры биік жандар хақында баяндар болсақ… Ал, Назарбаев тұлғасына келсек, біз тек қана саяси қайраткерді ғана емес, аса ауқымды таным мен құбылыстың қандайын да болсын өзіне табиғат туа бітірген даналық көрегендікпен саралап, онысын қызметінің саяси өрістеріне шеберлікпен пайдалана білетін кемеңгер парасат иесін танимыз.  Сондығынан да, ол өз ұлты мен елінің табиғи көшбасшысынан ғаламдық деңгейдегі саясаткерге айналды. Назарбаев Қазақстанды экономикалық, демократиялық және де әлеуметтік реформалар тұрғыларынан аймақтағы лидер етіп қана қоймай, елді екінің біріне тағдыр бұйыртпаған биіктерден де керемет жетістіктерге көтерді. Нұрсұлтан Әбішұлы еуразиялық тарихи-мәдени және рухани кеңістіктегі осыған дейін ешкімнің қолы жетпеген деңгейлерден Қазақстанның өз орнын жеңіп алуына мүмкіндік әперіп, Шығыс пен Батыс жүйесінде жалпы адамзаттық құндылықтарды тереңнен пайымдауымызға жаңа күш берді. Ендеше, әлемдік саясат пен руханилыққа тамыр тартқан осы әмбебап үлесті – Назарбаев феномені десек дұрыс.
Әрине, адамгершілік жағынан келер болсақ, біз кез келген саясаткерді ең алдымен өз Отанының перзенті ретінде бағалауды үйренуіміз қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы үшін де тіршілікте қастер тұтар арқаулар: ана мен перзент, Отан мен азамат, халық пен оның көшбасшысы. Ақпараттар ағыны адамның шын бейнесін көлегейлеуге бейім қазіргі замана жағдайында біз тұлғаны танудың осы табиғи бастауларына оралуымыз жөн. Сонда ақиқат әзірге тарихтан тәуелсіз күнделікті нақтылығымен айқара ашылады.
Әлқисса, Қазақстан бүгінгі әлемнен маңызды орнын алып үлгерді. Бұл оқиға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің қастерін келешекте де жоғалтпайтын соншалықты танымал саяси тұлға ретіндегі айдыны мен айбынын дәлелдейді. Осылайша тарих пен уақыт мезгіл мен дамудың бағыттарын өзгерте алған ұлы тұлғаларды айқындайды.
Қазақ «сан қырлылық – тұтастықта» дейді. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты пайым. Оның тұлға ретіндегі тұтастығы ішкі рухани әлеуетінің биіктігінен және туған халқының дәстүрлерінен, өзі игерген іргелі білімдерден, жалпы адамзаттық құндылықтардан әлеует тартатын қайталанбас бірегейлігінде.
Сонымен, әлемнің аса көрнекті лидерлері шоғырының сапына енген тамаша саясаткер, әрі сандаған ұлттар мен ұлыстардан тұратын, жас деңгейлері мен мамандықтары әртүрлі қазақстандықтардың өз тағдырларын сеніп тапсырған мемлекетшіл жан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев феноменінің сыры неде?
Мүмкін адамзат өз көшбасшыларынан саяси сарабдалдықты ғана емес, үлкен руханилықты да талап ететін дамудың жаңа бір сатысына қадам баса бастаған шығар. Біздіңше, осы екі ұстанымды ту еткен лидер ғана жаңа жалпыадамзаттық деңгейлерге көтеріле алады. Батыста Назарбаев саясатының арқасында ғаламшарымыздың ірі аймағында тұрақтылықтың сенімді жаңа орталығының пайда болғандығын атай келе, оның экономикалық ықпалдастық үшін болашағы барлығын және де қарулы қақтығыстар мен ядролық қатердің бақылаусыз таралуын тежеуде белсенді рөл атқаратынын бағалауда.
Ал, Шығыста  Қазақстанның өз тәуелсіздігін алып, оның өз лидерінің халықаралық аренаға шығуы ғаламшарымызда Батыспен үнқатысуға арналған белсенді Орталықтың пайда болуына жол ашқанын, әйгілі Киплигтің болжамын жоққа шығарып, сол Шығыс пен Батыстың әлемдік өркениеттің векторлары ретінде бір-біріне жақындаса бастағанын айтуда.
Егер, әлемді жағрапиялық тұрғыдан бөлмей, ғаламдық сана мен жалпы адамзаттық ақыл-ой тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда осыншалық көлемдегі ақиқат аясынан өзіміз іздеген шындықты ашамыз. Бәлки, тағдыр біздің Президентіміздің есімін тек Қазақстанның серпінді дамуымен ғана емес, әлемнің де жаңа тынысымен сабақтастыруды хош көрген шығар.
Баршаға мәлім, жер шарының бір түкпі-рінде «Қазақcтан» сөзі естілсе, сол сәтінде санаға «Назарбаев» есімі ұялай қалады. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев есімі өзге де себептермен жиі аталады. Назарбаев туралы ғаламдасу үрдістерімен қабаттаса келіп, адамзатқа төнген қауіптер мен шақыруларды еңсеру әңгіме болғанда сөз етіп жатады. Мүмкін, адамзат баласы осының баршасынан сабақ алар. Сабақ алулары керек-ақ. Әйтпесе, кеш болуы мүмкін. Ғаламшарымыздағы барша ұлттар мен ұлыстар өмір сүру үрдістерін және жалпыадамзаттық дамуға қатысты мүдде-мұраттарын өзара келісе бастағанда жаңа өркениеттің өрлеуі бастау алар.
Егер Назарбаевтың саясаты мен тарихтағы рөлін адалымен сараптар болсақ, ол үшін аясы тар ішкі саясаттың мүлдем жоқтығын байқаған болар едік. Қазақстан тәуелсіздігін алған уақыттан бастап, біздің Президентіміз жекелей алғандағы бір мемлекеттің табысы мен тағдырын барша әлемдік қауымдастықтың жағдайынан бөле-жара қарау мүмкін еместігін дәлелдеумен келеді.
Еліміздің «үлкен» әлемге қадам басуы Қазақстан өз тәуелсіздігін алмай тұрып-ақ басталған болатын. Одақтың құрамындағы республика кезінде Орталықтың еркінен тыс Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан қуаты жағынан әлемдегі төртінші орында тұрған ядролық әлеует – Семей полигонын жапты. Бұл бүкіл ғаламшар қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі – Қазақстан мемлекеттігінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен құтты қадамдардың бірегейі еді.
1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының биік мінберінен Елбасымыз Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының қол жеткен үздік жетістіктерін қызметіне арқау етіп, ғаламның ірі, әрі қауіп-қатері сейілмей тұрған бөлігіндегі үнқатысуларға жағдай туғызатын Азиядағы ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі Кеңесті шақыру туралы ұсыныс енгізді. Осы ұйымның Алматыда өткен алғашқы Саммиті де Қазақстан Президентінің сол бастамасының маңызы мен келешекке керектігін толығымен дәлелдеді.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Руханилық. Назарбаев пен Адамзатты сүюшілік. Бұл сөздер ажырамас тұтастықтағы болмысы бір ұғымдар. Ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің ішкі саясатындағы басымдыққа ие өзекті шарболат арқауы.
Осыдан да Қазақстан түрлі ұлттардың ортақ шаңырағына айналды. Елде тұратын халықтардың интеграциясы этникалық әртүрлілікті сақтауды таған етуде. Еліміз ғасырлар бойы дамытуға мүмкіндігі болмаған, тіпті, жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған туған тілін оралтуға тәуелсіздігінің туын тіктегеннен соң ғана мүмкіндік алды. Бұл ахуалдың аясында өзге этностар өкілдері ешқандайда қолайсыздықтарды сезініп отырған жоқ. Қайта мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге шын ықыластарымен атсалысуда. Мемлекет оларға өздерінің ұлттық тілдерін, мәдениеттерін қайта жаңғыртып, шығармашылықпен өркендетуге тең мүмкіндіктер беруде. Бүгінде өз уағында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-тәжірибелерін жаһан жұрттары елімізден тысқары жерлерде зерделеп, өздерінде пайдалануда. Олар түрлі ұлттардың мұрат-мүдделерін үндестіру жолында тәжірибе алу үшін Қазақстан халқына ерекше зейін аударуда.
Реформалар мен Назарбаев. Бұлар да болмысы бір, ұғымы егіз  синоним сөздер. Сондықтан, Қазақстанның өркендеген экономикасындағы тәжірибесі  Нұрсұлтан Назарбаевтың реформаларының нәтижесі деген пайым айтылғанда, оның ақиқаттығына ешкім де күмән келтірмейді. Шындығында Елбасымыз барлық салалардағы жаңғырулардың бастауларында тұрды және солай болып қалуда да. Президентіміз бұл үшін халықаралық тәжірибелер мен сарапшылардың пікірлерін үнемі зерделеуде. Нәтижесінде еліміз қандай да бір алмағайып замандардың өзінде де еңсесін түсірген жоқ, елдігін сақтай алды.
Әлемді таң қалдырған тағы бір батыл қадам, ол КСРО құлағаннан соң, іле 1997 жылдың қазан айында Қазақстанның өз дамуының 2030 жылдарға дейінгі ұзақ мерзімдік Стратегиясын қабылдауы еді. Біздер сөйтіп, кешегі Кеңестік елдердің арасында бірінші болып, әлемдік тәжірибеде мойындалған, мемлекеттік басқару мен үйлестірудің стратегиялық жоспарының айқын жолына түстік.
Осының арқасында бүгінгі ғаламдық экономикалық дағдарыс уағында өзге кешегі кеңестік республикаларға қарағанда, қазақстандықтар өздерін тұрмыстық жағынан анағұрлым жақсы сезінуде. Ұлттың өзі болса, бүкіл ғаламшарымызды экономикалық тұрғыдан сауықтырудың жолдарын белгілеуге белсене қатысуда.
Бұл тұста Тәуелсіздігінің жиырмасыншы белесінен асқан Қазақстан өз тәжірибесін әлемге таңуға бейіл деген пікір әсте тумауы керек. Елбасымыз планетамыздың ғаламдық даму заңдылықтарына сүйене отырып, ерекше экономикалық тоқырау туғызған кеселдің шипа-дәрулерін дәл табуда. Асылы, бір адамды сендіру қандай қиын болса, бүкіл адамзат баласының үмітін ояту тіптен мүмкін еместей көрінері заңды. Осыған қарамастан, Елбасымыз бұл тұста да кемеңгерлік танытуда. Бұған сонау 2004 жылдың басында-ақ Еуроодақ шеңберінде бұрынғы одақтас болған мемлекеттерді күш біріктіруге шақырғаны дәлел.
Бүгінгі кезеңде Елбасымыздың сол ұсыныстары Еуразиялық Экономикалық Одақ, Шанхай Ықпалдастық Ұйымы, Кедендік Одақ, Бірегей Экономикалық Кеңістік секілді мәртебелі интеграциялық халықаралық бірлестіктер түрінде өмір шындығына айналуда. Ендігі кезекте тағы да бір Мегажоба бар. Ол – ұлттық валютадан жоғары тұратын аса әлеуетті ортақ валютаны енгізу. Бұл мәселеге келгенде де ғаламдық экономикалық дағдарыстың ықтимал жаңа толқыны сергек қарауға мәжбүрлеуде. Тиісінше, әлемдік қауымдастық бірінен соң бірі туындаған ғаламдық дағдарыстан шығуға күш жұмсауын арттырған сайын бұл идеяны қолдаушылар саны да өсе түсетіні айдан анық.
…Қысқасы, даму жолдарындағы кездескен қиындықтарға қарамастан, әлем жаңаруға бет алды. Өйткені, сол жаңғыруларға көшбасшы болатын әлемдік тұрғыдағы лидерлер бар. Осыған орай, адамзат баласының бүкіл рухани және толеранттық әлеуеттерін өркениеттердің, мәдениеттердің, һәм, барша халықтардың арасындағы үнқатысулардың қызметіне бағыттау үшін Елбасымыздың көшбасшылығымен және де ғаламдық негізгі діндер өкілдерінің қатысуларымен дінаралық үндестіктің әлемдік Форумдарының біздің жерімізде шаңырағын көтеруінің де кездейсоқ еместігін айтқанымыз жөн. Жалпы, адамзаттық деңгейдегі саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев осы заманның ғана болмысын зерделеп қоймай, келешекті болжап, ғаламшарымыздың да тарихи миссиясын пайымдай білуде. Мақсат – жұмыр жердің бетінде ғұмыр кешіп жатқан әр адамның бақытты болуы.
Елбасымыз жақын болашақта әлемдегі діндераралық дүрдіараздықтар қызуын бәсеңдететін, руханилықты, бейбітшілік сүйгіштікті және төзімділікті насихаттайтын жаңа халықаралық ұйымның құрылуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев діни төзімділік Хартия-сын жасауды ұсынады.
Жуырда Астанада өткен дін лидерлері съездерінің делегаттары жаһанның бүкіл тілдерінде адамзатты бірлікке, түсіністікке шақырған жалынды сөздерін айтты. Еуразия кіндігі – Астанадан бейбітшілік пен ынтымаққа арналған қасиетті шақырулар әлем аспанында қанат қақты.
Әлбетте, осы және өзге де адамзаттық мұраттар деңгейлеріндегі құтты қадамдардың нәтижесінде қазақ еліне 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына, ал, 2011 жылы Ислам Конфедерациясы Ұйымына төрағалық ету құрметтері бұйырды. Бұл дегеніңіз, Нұрсұлтан Назарбаевтың ішкі және сыртқы саясаттардағы еңбектеріне берілген лайықты баға ғана емес, сонымен қатар, Еуропа мен Азияның, Шығыс пен Батыстың, Ислам мен Христиан әлемдерінің араларындағы жағырапиялық қана емес, сонымен қатар, рухани байланыстардың дәнекершісіне айналған елімізге деген әлемнің артып отырған үкілі үміті екені рас. Ал, Астана ше?! Елбасының өз қолымен айдай әлемге кереметтілігін паш ете түскен бас қаламыз да нағыз көрегенділіктің жемісі.
Әлбетте, қай халыққа болсын тағдыр соның өзіне ғана лайықты көшбасшы сыйлайды. Дана халқымызға да тағдыр дана лидер сый етті. Осы бақыттың қадірін зерделейік. Ақиқатын ашып айтар болсақ, біздер мемлекетімізді басқаруды Рухы биік адамға сеніп тапсырдық. Ол халықтың қайнаған ортасынан шыққан, ұлы Даланың адал перзенті.
Ол мемлекеттің тізгінін тарихтың алмағайып, сынақты кезеңінде қолына алды. Тағдыр оған тәуелсіз мемлекетті құрып, еркін елдің көшін бастауды бұйыртты. Ол болса, мүмкін еместі жасады. Халық та өз көшбасшысымен бірге жасампаздыққа жол ашып, бостандығының байрағы астында, әлемдік айдынға еркін қадам басуда.
Айтары жоқ, Елбасымыз расында да қайталанбас қасиетті, дара тұлға. Оның бұл феномендігі туған Ұлтын басқара жүріп, барша Қазақстан халқын Жаңа Әлемді құруға жұмылдыра білгендігінде, ғалам елдерінің де назарын осыған аудара алғандығында! Ендеше, Ұлы Көшбасшымызды ардақ тұтып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын шайқалтпай, биіктете берелік, ағайын!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар