Күмбезделген көне тарих

Ғылым докторы, профессор, Алматы облысындағы төрелер қауымдастығының төрағасы Аман Шотаевтан хабар түсті. Жезқазған қаласының әкімдігі және Қарағанды облысының мәдениет және құжаттама басқармасының Жезқазған қаласының мемлекеттік мұрағаты ұжымдарының ұйымдастыруымен дәстүрлі ХІІІ-ші Бүкіров оқулары аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығының куәсі – Ұлытау даласы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі екен. Осы иманды шаруаға қатысу үшін Көкшетаудан жол тарттық. Жолсеріктерім есімі көкшеліктерге жақсы мәлім, сөз ұстаған, өрісті өнерге баға бере білетін, қазақтың арғы-бергі тарихынан мол хабары бар, көшелі азамат Жақсылық Ақтанов, екіншісі журналист Байқал Байәділов.

Әуелі Астана астық. Одан соң Қарағанды. Қарағандыдан поезбен Жезқазған қаласына жеттік. Жусан иісі аңқыған сайын даланың төсіндегі жып-жинақы, шағын шаһар құшақ жая қарсы алды. Алдымен Жезқазған қаласының тарихи-археологиялық мұражайына саяхат жасадық. Тылсым тарихтан суыртпақтап сыр тартатын көне жәдігерлер көп екен. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен жиналған меймандар есте жоқ ескі күндерден мәнді мағлұмат алып жатты. Түстен кейін дәстүрлі ХІІІ-ші «Бүкіров оқулары» аясында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Тақырыбы «Қазақ хандығының қалыптасуы». Бұл жалпылай алғандағы атау. Әйтпесе, конференцияға ұсынылған 22 баяндама сала-саласымен сабақталған. Бірақ, ортақ негізі бір, жалқы тақырыпты қамтиды. Баяндамашылардың да дені Алашқа аты шыққан білімді азаматтар. Өзімізге жақсы таныс, әнебір кезде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры болып қызмет еткен, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев бастаған тарих ғылымдарының білгірлері тереңнен толғап, көне дәуірден сыр шертті. Астана қаласының Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының профессоры Қарлығаш Нұғыманқызы тәрізді білімдарлар ғылыми деректерге негізделген мәнді де әсерлі баяндамалар жасады. Бірер тақырып төңірегінде жанды пікірталас та туындап жатты.  
Ой елегіне салып, сана таразысымен салмақтағанда негізі ғылыми-тәжірибелік конференция кең ауқымды қамтыған, өткен өмірдің бар белестерін көз алдыңа мөлдіретіп әкелетіндей шыншыл, ақиқаты ажар шашқан, тыңдаған жанға тағылым берерлік мазмұнды өткізілді. Ендігі жол Жезқазған қаласынан шамамен елу шақырым жердегі Жошы ханның мазары. Жошы – Шыңғыс ханның тұңғышы. Дүниені тітіренткен ұлы қаһанның бірінші әйелі Бөртеден туған төрт ұлдың бірі.
Шыңғыс хан көзі тірісінде бірінен бірі өткен жолбарыс жүректі, арыстандай айбатты ұлдарына енші бөліп берген. Ол заманның еншісі ауыл-аймағымен, бота-тайлағымен тұтас елді айдарлы ұлдарының қарамағына беру. Сол замандағы тілмен айтқанда мұндай өңірлер ұлыс деп аталған. Айталық, Шыңғыс ханның кенжесі Төле Моңғолия жерін иемденген. Қазақстан жері үш ұлыстың құрамына енген. Ең үлкен бөлігі солтүстіктегі жалпақ дала мен Ертістің жағалауынан сонау Алакөлге дейін, ал, батыс беткейде Іле мен Сырдария бойы Жошы ұлысына қараған. Оңтүстік пен оңтүстік шығыс Қазақстан Шағатай ұлысына, солтүстік шығыс бөлігі Үгедейдің үлесіне тиген.
Жошы ұлысының негізгі бөлігін Қазақтың Сарыарқасы мен Дешті Қыпшақтың ұшы-қиыры жоқ сайын даласы алып жатыр. Қазір бұл жерлер Қазақстанның солтүстік, солтүстік шығыс және орталық аудандары болып есептеледі.
Бірнеше жеңіл машинаға, үш автобусқа иен тіресіп мінген конференцияға қатысушылар жусанды даланың төсіндегі тас-падай тартылған дала жолымен Жошы ханның мазарына жеттік. Көз ұшында елді мекен көрінбейді. Жапан даланың жазықтығынан жанарың жасау-райтындай. Көкірегіңді кере демалсаң, он сан шөптен өрбіген жұпар иіс буын-буыныңа түсіп, саумал ішкендей көкірегіңді кілкітіп мас қылады. Бір қыраттан соң бір қырат. Оның ар жағында әлдебір биіктік сымдай тартылып барып, көгілжім нұрға бөленген көкжиекке сіңіп кетеді. Осы байтақ даланың төсіне баһадүр бабаларымыздың тұлпарының тұяғы тиген. Іргеде мың бұралған Қаракеңгір мен Сарыкеңгір бір-бірімен жарыса, жанаса, толқыны толқынын қаққандай болып, қыз бұрымындай қабаттаса өріліп, ағып жатыр. Өр екпінді, арнасына ашу-ыза сыймастай тегеуіріні тепсінген тентен өзен емес, жайлап аққан жуас, майда толқынды, мөлдір өзен екен. Қаракеңгірден қол созым жерде Жошы бабамыздың биіктігі шамамен 7-8 метрге жуықтайтын күмбезі тұр. Суырдан басқа аңы жоқ, қойдан басқа малы жоқ жапан даладағы жалғыз қарауыл өзі сияқты. Айбар болып тұрғандай, абыройы асқақтап, жығылмас айдар болып тұрғандай. Қызыл кірпіштен өрілген екен, жымдасуында мін жоқ. Қол созымдай жер көтеріліп барып әнтек бүгіліп, шаңырақ кейіптес болып жабылған. Кіреберістегі қақпаның алды әлде желден, әлде тынымсыз жаңбырдан тозған болуы керек, қайрадан жамалыпты. Жымдасқан жері, ескі мен жаңаның қауышқан тұсы зер салып қараған адамға көрініп тұр.
Әуелі сайын даланы күңірентіп құран оқылды. Ноқтаға басы сыймай кеткен ер бабалардың рухына бағышталып. Содан соң ақ сауыттарын жарқылдатып, алмас ұшты ақ найзаларын айға білеп, атой салып өткен жолбарыс жүректі жауынгер аталардың ерлік істері, мәңгі өлмес мұраттары тілге тиек етілді. Заманында Жошы өз ұлысының ханы ғана емес, айбарынан ай ыққан, ақыл-айласы мол, парасаты терең, пайымы орасан атақты әскербасы да болған. Бір аңыз айтады: Төре тұқымы моңғол ханы жергілікті халықтың жомарт мінезін, арыс-тандай айбатты күш-қайратын дұрыс бағалап, жан-тәнімен ұнатқан. Сол сүйіспеншілігінің негізінде Моңғол империясының орталық ставкасында болашақ тәуелсіз жеке мемлекет қазақ хандығын құруға ұмтылған. 1235 жылы бүкіл моңғолдың құрылтайында «соңғы теңізге» Атланд мұхитына жету үшін батыс елдерін жаулау туралы шешім қабылданады. Бату біріккен әскердің қолбасшысы болып тағайындалады. Ұлы жорықтың алдында, яки 1227 жылы арыстан жүректі Жошы өмірден өткен. Ұлытаудың бөктерінде мәңгілік тыныс тапса керек. Жошы ханның мазары қаншама жылдан бері Алаш жұртының тағзым ететін қасиетті қара орны болып саналады. Жошының көптеген әйелдері болған. Жалпы саны қырыққа таяу ұлдары өмірге келген. Оның ішіне тарихтан белгілісі Дешті Қыпшақты билеген Орда Ежен, Бату, Берке, Беркечар, Шибан, Танғұт, Бувал, Чилаукун, Шынғықұр, Мұхамед, Теміртоқай және басқалары.
Дәл осы арада Жошы мазарының жанындағы тағзым етуге жиналған халықтың аузынан негізінде шындыққа жанасатын жорамал естідік. Ол Жошының өліміне байланыс-ты. Әлмисақтан айтылып келе жатқан Жошының құланның айғырынан қаза табуы бекер екен. Бұл жорамал бойынша былай делінеді: Шыңғыс ханның хан ордасына рұқсатсыз кіретін құқық берілген жалғыз-ақ адам болыпты. Ол Құлан қатын екен. Күндердің бір күнінде Жошы мен Құлан қатынның арасында келіспеушілік туындайды. Баһадүр ұлы әлемнің қақ жартысына әмірін жүргізіп тұрған кемеңгер әкесінің ордасына Құлан қатынның рұқсатсыз кіргеніне намыстанды ма, жоқ әлде күні ертеңгі тақ таласының болашағы алаңдатты ма, әйтеуір араларынан қара мысықтың жүгіріп өткені ақиқат. Құлан қатын дүние десе көздері жұмылып қалатын, обал-сауапты ойламайтын 12 жендет жалдайды. Сол 12 жендет аңға шыққан Жошыны өлтірсе керек. Мұны Шыңғыс хан біледі. Содан соң қанішер Құлан қатынды 12 жендетпен қоса бірге өлтіріп, қатынды мазардың ішіне, дәл табалдырыққа жерлетеді. Ал, 12 жендет мазарды жиектей дөңгелек шеңбер жасап, көміледі. Сонда әулие хан былай деп айтқан деседі: күндердің күнінде менің ұлыма мінажат етіп келген жұрттың әрқайсысы қанішер қатынды табанымен таптап өтсін. Ал, өз хандарына қылыш көтерген 12 жендет сол қанішердің қалай табан астында қорланғанын көріп жатсын десе керек. Айтса айтқандай, мазарға аттап кірген кезде кіреберістегі босағаға жерленген қабірді басып өтесің. Әдейілеп емес, амалсыздан. Әуел баста солай есептелген.
Жошы мазарының түбінде, жусанды далада дастархан жайылып, ас берілді, құран оқылды. Ырғыз даласында өзінен әлденеше көп Хорезм шақтың алпыс мың әскерін тас-талқан еткен, 1207-1212 жылдар аралығында оңтүстік Сібірді, алыстағы Алтайды, Шығыс Түркістанның жерлерін өзіне қаратқан қаһарман Жошының қайтпас қайсар ерлігі айтылды.
Жошы Еуропаға жорық жасай алмады. Жоспарын тағдырдың жолы өзгеше бұрып әкетті. Жошы қаза болған соң Шыңғыс ханның ақылшысы, өз заманының озық ойлы перзенті, күйші Кетбұға хан иесіне былай десе керек. Тұла бойынан күш саулап тұрған, ақылы озық, ерлігі кемел Жошы ханның бір әйелдің қолынан қаза табуы хан ұрпағының сүйегіне таңба. Сондықтан, Жошының өлімін даладағы құланнан болды деуіміз әлдеқайда ақ өлім болып есептелсе керек. Солай дейік дескен. Уәде байласқан. Ақсақ құлан күйінің шығуы да осы тұс. Анығында күй Кетбұға күйшінің жорамалы бойынша қиялдан туған құдірет. Қиял болса да осы сапарда әлденеше рет тыңдадық. Жергілікті өнерпаздардың шертуімен. Атақты күйші Жанғали Жүзбаевтың орындауында. Мың сан тұяқтың даланы дүбірлете шабуы. Торы құнанның ажал аңсап ұшқан сұр жебеге ұшырауы, қасқа құлынның жон арқасын қылпылдаған алдаспанның алмас  жүзі тіліп түсуі, шұрқыраған жылқы, үдере шапқан қалың үйір, жусанды дала, сары сағымға оранған сарғылт жүзін қызыл қанға бояған. Бауырындағы үйірінің оққа ұшып, найзаға шаншылып жатқанына шыдамаған, мұндай жан алып, жан беріскен сан жорытуды басынан өткерген күрең айғырдың қара жерді қақырата кісінеуі, содан соң аузын арандай ашып ұмтылуы, қызылшыл топтың есірік айғайы.   
Күй тілі осылай сөйлейді. Аңыз әлде ақиқат. Арада ғасырлар өткен. Қалай болғанда да Жошының жусанды дала төсінде ажал құшқаны анық. Кейінгі жорамалды ғұлама оқымысты Әлкей Марғұлан да қоштаған деседі.
Жошы мазарынан кейін жусанды дала төсімен Алаша ханның мәңгілік тыныс тапқан жеріне, яки мазарына бет алдық. Сөз арасында Алаша хан жайында білгенімізді айта кеткен ләзім. Алаша хан алты Алаштың ортақ атасы. Иісі қазақтың бабасы делінеді. Жауынгер түркі тайпаларын біріктіріп, тұңғыш Алаш мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Нақты қай кезеңде өмір сүргендігі туралы мәліметтер жоқтың қасы. Кейінгі зерттеулерде аңыз көп. Ұлытау өңірінің Қаракеңгір өзенінің бойында сонау 15 ғасырларда салынған «Алаша хан күмбезі» қазіргі күнге дейін сақталып отыр. 1998 жылы антрополог О.Смағұлов моланы қазса керек. Табылған бас сүйекті Мос-ква қаласындағы М.Герасимов атындағы пластикалық антрапология лабораториясының мамандары жан-жақты зерттеп, адамның бет әлпетін бастапқы қалпына келтіріпті. Қазіргі пайымдау бойынша осы мазарда жатқан Алаша хан 15 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ хандығының негізін салушылардың бірі, әрі алғашқы ханы Керей болуы ықтимал. Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған аңыз-әпсенелердің бірінде Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғыс ханға да айна-қатесіз ұқсайды деген пікір айтса керек.
Ұлы Ұлытаудың бөктеріндегі қара Кеңгірдің жағасын жиектей орнатылған Алаша хан күмбезі әлі күнге дейін міз бақпай тұр екен. Бұл осы өлкедегі шоқтығы биік көне өнер туындысы, мәдени мұра. Кесененің биіктігі он метр, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, кіреберіс сол жақ бұрыштағы баспалдақ арқылы жоғарыға көтеріліп, кесененің үстіне шығуға болады. Кесененің сыртқы әлпеті әртүрлі кірпіштерден геометриялық өрнектер арқылы көз тартарлық етіп безендірілген. Күмбезі жұқа сырлы қаптамалармен қапталған.
Мазар халық шеберлерінің епті қолымен 11-12 ғасырларда Алаша ханның құрметіне салынған екен. Дәл осы мазардың жанында жиналған жұрт тағзым етіп, құран оқыды. Сайын далада қаншама жылдар бойы жауын мен желге тозбай тұрған мәдени мұраның соншалықты беріктігіне таң қалып, қайран қалысты. Шынында да, бұрынғылар білген ғой.
– Сәке, мына бір ғажапты қараңызшы,–деді Жақсылық Ақтанов,–әр кірпіштің арасында, ара жігінде қылаудай қайшылық жоқ. Қыздың жиған жүгіндей, түзулігі атқан оқтай мінсіз қылып қалай жасады екен?
–Беріктігін айтсаңшы,–дедім мен,–замананың желінен, кесапат саясаттың тезінен мұрты бұзылмай аман қалуы да аруақты бабаларымыздың қасиетінен шығар-ау.
Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты өткізілген шара Алаша ханның мазарының басында тұйықталды. Осы арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір сөзі ойға оралды. «Кешегі келеңсіз күндерде бабадан қалған сөзден жаңылып, бағзыдан қалған ізден адасып қала жаздаппыз… Қасиетті орыннан қалғаны Ұлытау мен Ордабасы. Бауырында бабалардан қалған із әлі сайрап жатыр. Басында бабалар дауысы әлі саңқылдап естіліп тұр. Енді сөзден жаңылып, ізден адасар еш ретіміз жоқ».
Шынында да, солай-ау.

Сансызбай МҰХИТАНОВ,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар