Жазасын өтеушілер диплом алды

Ашылғанына биыл он жыл болған ЕЦ-166/25 мекемесіндегі №3 агротехникалық колледждің филиалы  жуырда өзінің оныншы қарлығаштарын ұшырды.  Бұл мерейлі күні түлектерге мемлекеттік үлгідегі дипломдар салтанатты жағдайда  табыс етілді.

Шара барысында мекеме басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Е.Бағысов,  облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің  аға қызметкері, әділет капитаны М. Телжанова, №3 агротехникалық колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары В.Лесик пен түлектердің ата-аналары және басқа да қонақтар сөз алып, жазасын өтеушілерге сәт-сапар тіледі.  Түлектер де қарап қалған жоқ. Олар өз кезегінде өндірістің қыр-сырын меңгерткен ұстаздары мен осындай кәсіпті меңгеру мүмкіндігін туғызған мекеме басшылығына  алғыстарын жеткізіп жатты.  Талаптылары ұлы ақынымыз Абайдың өлеңдері мен  өз жүректерінен шыққан жыр шумақтарын оқып,   ағынан жарылды.
Жалпы, пенитенциарлық жүйеде техникалық және кәсіптік білім беруге айрықша көңіл бөлінеді. Бұл сала мемлекеттің ұдайы қамқорлығында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында да осы мәселелерге жеке-жеке тоқталып отырады. Биыл жоғарыда аталған колледждің филиалынан  102 маман кәсіп иесі болып шықты. Олар: тігінші, дәнекерлеуші,  құрылысшы, автомеханиктер және аспаздар.  Бас бостандығынан айырылғандар мекеме аумағындағы «Еңбек – Көкшетау» өңірлік мемлекеттік мекемесі сияқты өндіріс орындарына жұмысқа орналастырылады.  Бастысы, олардың еңбегі бағаланады,  оған ақы төленеді. Қалай десек те, сотталғандарды жұмысқа орналастыру – олармен жүргізілетін тәрбие жұмысының басты құралы болып табылады.  Түзету мекемесіндегілер жазасын өтеп біткеннен кейін де далада қалмай, бірден  жұмысқа орналасады. Өз  отбасыларына, қоғам мен мемлекетке қажет екендіктерін сезінеді.  Себебі, жұмысшы мамандар қашанда сұранысқа ие.
Осы орайда, мекемедегі колледж филиалы ашылғалы бері одан 1200-ден астам маманның қанат қағып ұшқанын, олардың өңірдің ғана емес,  республикамыздың әр түкпірінде  халық шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқандығын атап өткен абзал.  Жазасын өтеушілердің  басты жетістігі – өмірден өз жолдарын тапқандығында болса керек.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар