Ұрпаққа көрсетер ұлағат қайда?

Баламды кеше ғана мектепке бергендей едім, бір жыл көзді-ашып жұмғанша өтіп, міне, жазғы демалыста жүр. Бұрын өзімнің бала кезімде оқу бітісімен ауылдың балаларына қосылып,  таңертеңнен кешке дейін ойнап жүре беруші едік.

Қазір жазғы демалыста баламды қайда жіберетінімді білмеймін. Әйелім екеуміз жалдайтын бір бөлмелі үйде күні-түні қамалып отырады. Екеуміз  бірдей жұмыс істегендіктен жалғыз өзін қала ішіне жіберуге де қорқасың. Далаға шығып ойнамаған соң баламның екі көзі компьютерде. Одан не көріп, не ойнап жатқанын өзім де білмеймін.              
Жексенбі күні бір кішкене бой жазып, серуендеп қайтсын деп баламмен паркке бардым. Балаларға арналған бұрынғы көп аттракциондар жоқ. Әрі жүріп, бері жүріп, баламды «Айдаһар» аттракционына отырғызып, бір балмұздақ әперіп, аздап көңіл көтердік. Балам тағы бірнешеуіне ұмтылып еді, оларға отырғызуға ақшам жетпеді. Бар жаныңды салып балаң үшін жұмыс істесең де, жалақың пәтерге төлейтін ақшаң мен тамақтан аспайды. Бір аттракционға бес минут мінгізу бағасы 250-300 теңге. Оған қоса, көп аттракционға баламды кішкентай деп жалғыз өзін отырғызбаған соң, бірге отырып өзіңе де ақша төлеуің керек. Ұялғаннан баламды көтеріп алдым да, қайтадан үйге әкеліп, төрт қабырғаға қамағандай болдым.
Жазғы лагерьге жіберейін десең оған да біраз қаражат керек. Арзан лагерьлер жоқ емес, бар ғой, бірақ, жолдастарымның балалары барып, қайта онда бармаймын деп жылап келген еді. Бұдан кейін арзан лагерьге балаңды қалай жібересің? Одан да өзіміздің қасымызда үйде отырғаны жақсы.
Үйде отырып компьютерде ойнайтыны тек соғыс, бірін-бірі өлтіру. Қасына келсең жаба қояды да, біз кеткен соң қайта ойнайды. Компьютерде отырма деп те айта алмайсың, үйде жалғыз өзі басқа не істейді. Мультфильм көрсе, ол да шетелдікі. «Алдар көсе» мультфильмінен басқа, қазақ тілінде дені дұрыс мультфильм де көргенім жоқ.
Осындайда ауасы таза, көшесінде ұшып жүрген көлігі жоқ, балаңды қайда жіберсең де қарайласып жүретін жұрты бар ауылды сағынасың. Ал, енді қаламызда қанша мектептер салынып, көптеген балабақшалар ашылып, лагерьлердің саны көбейіп, керемет жобалар жасалып  жатса да, баламды қайда жіберетінімді білмейтінім қызық болды.

Амангелді АМАНЖОЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар