Қазақ мультфильмдері қайда?!.

 Кешкісін жұмыстан кейін құрбымның үйіне барып едім, кішкентай қызы теледидар алдында түсініксіз тілде бір бағдарлама көріп отырғанын байқадым. Қасына барып, мен де көрейін деп жайғастым. Баланың ойлау қабілетін дамытуға арналған, бірақ, жапон не корей тілінде. Сөйтіп, ол бүлдіршінге қазақша мультфильм көрейік деп едім, ол пультті маған ұстатып, «қойып беріңізші» деді. Интернеттен іздей бастадым. Таппадым…

  Жазғы каникул уақытында балаларымыз көбіне көгілдір экранның алдынан шықпай, ұлттық арналарымыз көрсетіп жатқан шетел мультфильмдеріне жіпсіз байланып отырады. Тіпті, балғындарымыз  сол мультфильмдердің кейіпкеріне еліктеп, іс-қимылдарын қайталаудан да тайынбайды. Шетелдік анимациялық студиялардың өнімдерін ересектер де сүйсініп, тапжылмастан көретіні бар. Сондайда біздің елдің аниматор, мультипликаторларының басын қосып, осындай мультфильм индустриясын жасауға болмас па екен деген сауал ойландырмай қоймайды.
Қазақ мультфильмінің дүниеге келуіне себепкер болған белгілі жазушы-публицист Камал Смайыл кеңестік дәуірдің кезінде жоспарда көрсетілмеген дүниеге 30 мың сом қаржы сұрау үшін Мәскеуге барып, басын бәйгеге тіккен еді. Арда азаматтың ұлтына, ұрпағына деген  жанашырлығының нәтижесінде Қазақстанға өз мультфильмі келген болатын. Қазіргі уақытта да сол мультфильмдерді дамытуға болады ғой.
Кезінде түсірілген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Алдар көсе», «Бақытын іздеген Қадыр» сынды мультфильмдер кешегі ұрпақ санасында мәңгі жатталып қалғаны анық. Тәуелсіздігімізді алған кезде түсірілген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мультфильмі шетелдіктердің туындысына ұқсап кеткендей. Ұлттық сипат жағынан да кемшіліктері көп. Балалардың оны қызыға тамашалағанын көрмеппін. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай түсірілген «Бәйтерек» мультфильмінен аздап алға басушылық бар. Жобаның авторы – белгілі режиссер-аниматор Әбдіқадыр Сабыр. Бүлдіршіндер ұлттық арналардан сүйсіне тамашалады. Демек, мультфильм түсіру қолымыздан келеді.   
Шетелдерде мультфильмді әртүрлі бағытта пайдаланады екен. Басым көпшілігі идеология ретінде пайдаланатын болса, енді бірі оған табыс көзі ретінде қарайды. Тағы біреулері оны балалардың ермегі ретінде жасаса, басқалары таза өнер ретінде бағалайды. Тарихқа үңілер болсақ, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мультфильм жасайтын анимациялық студия-лар АҚШ-та, Германияда, Кеңес Одағында жұмыс істеген. Олар балалардың тамашалайтын мультфильмдерін саясатқа бұрып, идеологиялық қару ретінде пайдаланыпты. Тіпті, Гитлердің өзі анимациялық студия ашқан. Соғыс кезінде «Том және Джерри» мультфильмі екі рет Оскар сыйлығын алғаны тағы бар.  
Америкадағы Ақ үйдің әкімшілігі, Пентагон Голливудқа мультфильм түсіру үшін арнайы қыруар қаржы бөліп отырған екен. Қазір де бөліп отыратын көрінеді. Ал, Голливудтың бейшара студия емес екендігін барша қауым айтпаса да біледі. Дегенмен де, Голливудқа арнайы ақша бөліп отырғанында бір гәптың бары анық. Сөйтсе, олар америкалық идеологияны өркендетіп, басқа мемлекеттерден басып озуды көздеп отыр екен.
Сонда Пентагон мультфильмдер шығару үшін Голливудқа не үшін ақша бөледі деген заңды сұрақ әркімді де ойландыруы мүмкін. Бұл сауалдың жауабын тапқандай болдым. Сөйтсек, аниматорлардың қиялы өте тереңге кетеді. Олардың қиялы қару-жарақ жасайтын арнайы ғылыми институттардың ғалымдарынан да асып түсетін көрінеді. Яғни, Пентагон аниматорлардың қару-жарақтар жөніндегі идеяларын ғалымдарға ұсынып отырады. Олар дәл сол қаруға ұқсатып соғыс технологияларын ойлап шығарады екен. Көзге көрінбейтін ұшақ, әскери роботтар дегеннің бәрі осындай қиялдардан туындайды. Міне, осылайша олар өздерімен терезесі тең елдерден озық тұрады.
Ресейдің өзі бүгінде кино және мульт-фильм салаларын мемлекеттің қолдауының арқасында жақсы дамытып алды. Мәселен, сауда орталықтарына бара қалсаңыз, сатылып жатқан DVD дискілері атышулы Голливуд пен Болливуд емес, ресейлік кинолар. Әрине, Болливудтың да телехикаялары аз емес. Бұл телехикая мәселесі өз алдына бөлек тақырып. Бізге де кино, мультфильм саласын дамыту үшін мемлекеттен үлкен қолдау көрсетілуі керек деп ойлаймын.
Бірде еліміздің ұлт жанашырлары мен халық қалаулылары жиналған жиналысқа қатыстым. Сонда белгілі аудармашы Ғосман Төлеғұл сөз сөйледі. Сонда ол:
–Бүгінгі күні балаларға арналған бағдарламалардың басым көпшілігі сын көтермейді. Ұлттық арналардан көбіне өзге елдердің мультфильмдері қазақ тіліне аударылып, көрсетіліп жатыр. Түрлі-түсті құбыжықтар мен роботтар, атыс-шабыс. Жақсылық пен жамандықтың тартысын көрсетеміз деп, шет елдік бағдарламалар арқылы балаларымызды қатыгез етіп алмайық, –деп еді, сол жиынға қатысушы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілханов та оны қолдады. Вице-министр өзінің кішкентай немересімен теледидар алдында отырып, ұлттық ділімізге тән бір де бір қазақ мультфильмін таба алмағандығын, тапқан бірді-екілі мультфильмсымақ бағдарламалардың өзін немересі қарағысы келмегендігін айтты. Және де осы күні Мәдениет және спорт министрлігінде балалар мультфильмдерін дамыту үшін жоспар құрылып, қолға алынып жатқандығы жөнінде жеткізді.
Кезінде жазушы Смағұл Елубай Мұхтар Әуезовше: «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деген еді. Расында елді тәрбиелеу үшін, ең алдымен түзетуді буыны қатпаған бүлдіршіндерден бастау керек.
Мультфильм – баланың санасын қалыптастыратын идеологиялық құрал. Біздің халық ауыз әдебиетіміз ертегілердің кейіпкерлеріне өте  бай. Көлтауысарларымыз бен таусоғарларымызды, желаяқтарымызды бүгінде шетелдіктер пайдаланып жатыр. Сондықтан да, оны өз мүддеміз үшін өзіміз қазірден кәдеге жаратуымыз қажет сияқты.  Ал, сіз қалай ойлайсыз?..

Ырысалды ШАМШИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар