Ораза айты құрметіне мешіттерде намаз оқылып, дұға жасалды

Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітіндегі Ораза айты шарасына облыс әкімі Сергей Кулагин қатысып, барша мұсылман қауымды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады. Ол өзінің құттықтау сөзінде бұл мейрамның  тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлтаралық және конфессияаралық бірлікті нығайтуда айшықты оқиға болып табылатындығын атап көрсетті.

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  ортақ құндылықтарға негізделген рухани арналарды дамытып, имани мұраларға ден қоюдың  ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы жайлы айтқан сөздерін де тілге тиек етті. Әсіресе, бүгінгідей діни жат ағымдар белең алып отырғанда жас ұрпағымызды сақтандыру бағытында жергілікті мешіттердің зор үлес қосып жатқанын айтты.
Ислам дінінің қоғамдағы төзімділік пен тағаттылықты дамытудағы рөлінің де жоғары екеніне тоқталды. Шынайы дін ешқашан экстремизмді насихаттамайды. Керісінше, ынтымағымызды жарастырып,  ортақ мүддеге жұмылдырады.
Өңір басшысының құттықтауынан кейін Ораза айтына арналып жамағатпен намаз оқылды. Бұл үш күнге созылатын айт мерекесінің бастау алғанын білдіреді. Рамазан айы бойы ораза ұстаған адамдар мерекелік көңіл-күйде көрші-қолаң, туыс-бауырды аралап, қонақ болады. Бір-біріне қошемет білдіріп, ізгі тілектерін жолдайды.
Ораза айт мерекесі құтты болсын деген тілекті бізде барша жерлестерімізге жолдадық. Елдің амандығынан артық ештеңе жоқ. Қуанышты күндеріміз көп болғай!

 

Бақыт СМАҒҰЛ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар