Алдымен мәдениет қажет

 Көрме дегеніміз «Уикипедияның» тілімен айтсақ,  белгілі бір қоғамның не жеке адамның материалдық және рухани жетістіктерін көпшілікке көрсету болып табылады. Алғашқы көрмелер XVІ ғасырдан бастап ұйымдастырыла бастаған.

  Сөйтіп, кейінгі ғасырларда оның  маңыздылығы артып,  дүние жүзінде кең өріс ала бастады. Осындай, аты жер жарған техникалық ілгерілеу дүлдүлдері ұсынылатын халықаралық «ЭКСПО» көрмесінің Елордамызда өткізілуі, еліміздің  инновациялық дамуына үлкен серпін бермек.
Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келетін көрменің инновациялық шешімдер тоғысқан ел атануға толық негіз беретіні ақиқат. Бір жарым ғасырлық тарихы бар көрме техникалық және технологиялық саладағы соңғы ғылыми жетістіктерді паш етудің жолы ғана емес. Сондай-ақ,  сан түрлі салада ынтымақтастық орнатуға таптырмайтын орта болары мәлім. 1851 жылы Лондонда өткен бірінші Бүкіләлемдік өнеркәсіп көрмесінен бастау алған ЭКСПО халықаралық көрмесі әр жыл сайын зор танымалдыққа ие болып, барлық қатысушыларға әлемнің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндіктер беріп келеді. Ал, халықаралық көрмелер бюросының 161 мүше-мемлекеттері өкілдерінің жасырын дауыс беруі нәтижесінде  Астана бельгиялық Льеж қаласын басып озып, ЭКСПО-2017  Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу астанасы болып таңдалуы жасампаз әлеуетімізді ашудың жаңа жолы. Бұл Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. Астана ұсынған көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады, ол баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналған. ЭКСПО-ға мүше барлық елдер  тақырыпқа сай өз өнімдерін көрсетеді. Көрмені өткізу құқын иеленген соң, ендігісі соны абыроймен өткізу. Оның ауқымы да үлкен, жүктейтін міндеті де ауыр.  ЭКСПО көрмесі үш айға созылып, оған әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Аталмыш шара елорданың көрме нысандары мен инфрақұрылымы құрылысына елеулі көлемде жеке инвестициялар тартуға, оларға қызмет көрсетуге ондаған мың жұмыс орындарын ашуға, ішкі туризмді дамытуға және елге келетін шетелдік туристер санын көбейтуге, республикамыздың экономикалық және әлеуметтік ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Көрме әлемді қазақстандықтардың көпұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, өнерімен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныстырып, әлемдік қоғамдастықтың алдында еліміздің танымалдығын арттырады.
Көрме өтетін алаңның аумағы 25 гектарды құрайды. Оның ішінде тұрғызылатын нысанның жалпы ауданы 240-250 мың шаршы метр болады. Онда қатысушыларға салынатын тұрғын үй, қонақ үй және тұрмыстық қажетті мекемелер орналастырылмақ. Мамандардың айтуына қарағанда, көрме аймағының 30 пайызын саябақ пен гүлзарлар, шағын пішіндегі сәулет туындылары алады. Жеңіл рельстік жол салынып, 42 шақырымдық жол Астана мен ЭКСПО кешені арасын жалғастырады. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің мәліметіне жүгінсек, «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені 26 айда бой көтереді деп жоспарлануда. Оның ішінде халықаралық, корпоративтік және тақырыптық павильондар, тұрғын үй кешендері, мектеп, балабақша, қонақүй, конгресс-холл, конференция және баспасөз орталықтары бар. «Астана
ЭКСПО-2017» көрме кешені 2016 жылдың желтоқсанында толық салынып аяқталады. Ал, 2017 жылдан бастап қатысушылар өз павильондарын реттеуді бастайды. Көрмені қабылдаған қалалар техникалық прогрестің және бүкіл әлемге танымалдықтың белгісі болуға лайықты бірегей ғимараттар салуға тырысқан болатын. Мәселен, Брюссельдегі Атомиум, Барселонадағы Монжуич Ұлттық сарайы, Париждегі Эйфель мұнарасын атап өтуге болады. Сондықтан, Елордамызда салынатын ғимараттар сәулет өнерінің озық үлгісіне айналса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ең әуелі, көрмені  келер кіріс көзі мен тартылатын инвестиция көлемі деп ұғыну қажет. Себебі, шара барысында 1 миллиард АҚШ доллары көлемiнде қаржы тартылмақ. Осы жәйтті, бүкіл халық жете түсініп, тиісті түрде дайындалу керек. Әрі салынған нысандардың көрме өткеннен кейін де халыққа қызмет ететіні де оң көзқарасты нығайта түсуі маңызды. Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес бір сөзінде «Көп жағдайда тұрғындар инвестициялардың қалай жұмсалып жатқанын білмейді. Сондықтан, ЭКСПО-ның әрбір қадамы бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен түсіндірілуі тиіс. Бұл – үлкен жауапкершілік» деген ойын жеткізген еді. Бұл орынды айтылған ескерту. Жан-жақты әрі нақты ақпарат сын сағатта халықтың бірігуіне әсер ететіні белгілі.
Сонымен қатар, көрмені өткізу барысында  туристердің көптеп келуі жол, жарықтандыру, туризм, экология, тамақтандыру және қонақтарға қызмет көрсету сынды салаларға үлкен жүк түсіргелі отыр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұндай шараға ондаған миллион турист келетіні айтылады. Әрине, осы жағдайда шағын және орта кәсіп иелерінің көл-көсір табыс табуы мүмкін. Осы ретте, қызмет көрсету және тамақтандыру саласы бойынша  330 миллион еуроға жуық кіріс кіргізу көзделуде. Туристер Астана қаласын аралаумен ғана шектелмей, еліміздің жауһары Бурабайдың табиғатын тамашалауға келетіні сөзсіз. Бұл дегеніміз туризм саласының дамуының негізгі тетігі. Осы жерде, табыс-
тан гөрі құндысы ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, тарихымызға, мәдениетімізге, әдебиетімізге қатысты түрлі кітаптарды шет тілдерге аударып, келген турис-терге ұсынуға болатыны. Ендеше, Астанадағы тоқсан күн түрлі оқиғаларға толы болмақ.
Ауқымды шараны өткізу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып отыр. Сондықтан, барлық атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы жоғары болуы қатаң бақылауға алынған. Бұл орайда, Елбасы өз сөзінде көрмені табысты өткізген Португалия, Қытай елдерінің тәжірибесін зерттеу қажеттігін алға тартты. Аталған елдерде ұйымдастырушылар барлық ұйымдастыру шараларын сауатты жүргізіп, салынған нысандардың көрмеден соң пайдаланылу мәселелерін басты назарға алған екен. Әр басқан қадамның маңыздылығын   аңғарып, көрмені өткізуге табанды түрде дайындалу қажет.
Жалпы, халықаралық көрмені ұйымдастыру үшін мол қаражат емес, үлкен мәдениет қажет екенін естен шығармаған жөн. Бұл Қазақстанның әлемдік сахнадағы беделін арттырып, Астананың атағын тағы да жаһанға жария етеді.
Ырысгүл КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар