«Ұлт жоспары» халық арасында талқылануда

 Ақмола Медиа Орталығындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілхановпен өткен кездесуде ақмолалықтар «Ұлт жоспары –100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша өздерінің ұсыныс, пікірлерін білдірді. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жүргізді.

  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» бағдарламасы бойынша әзірленіп жатқан құжаттар мен жоспарлар жөнінде халықты ақпараттандырып, түсіндіру жұмыстары еліміздің түкпір-түкпірінде басталып кетті. Біздің өңірге осы мақсатта ат басын тіреген вице-министр Марат Әзілханов аталмыш құжаттың төртінші бағыты – біртектілік пен бірлік бойынша қолға алынып жатқан қадамдарға нақтылай тоқталды.
– Менің келген мақсатым – алдымен, «Ұлт жоспарын» халыққа түсіндіру болса, екіншіден, осы құжатты іске асыру бойынша сіздердің де тараптарыңыздан ұсыныстар қабылдау. Себебі, бұл құжат ғасырлық жоба болғандықтан, халықтың пікірі мен көзқарасы біз үшін қашан да маңызды, – дей келе вице-министр төртінші бағыттың қадамдары бойынша әзірленіп жатқан тұжырымдамалар мен бұрыннан іске асырылып келе жатқан кейбір  құжаттар мен заңнамаларға толықтырулар мен өзгертулер енгізілетіні туралы айтып өтті.

 

Олардың ішінде жақында қабылданған Қазақстан Республикасы мәдени саясатының тұжырымдамасы мен мемлекеттік нышандарға қатысты заң бар екендігін баса айтты. Мәселен, өңірлердегі кейбір аймақтық белгілер мен таңбалардың талаптарға сай келмейтіндігін сынға алды. Жоғарыда атап өткен өзгертулер мен толықтырулар негізінде мұндай заңсыздықтар жойылатындығын баса айтты. Халық қалаулысының айтуынша, «Ұлт жоспарындағы» «Мәңгілік ел» патриоттық актісі бойынша жоспарлар құрылып, бұйрықтар мен тиісті құжаттар әзірленіп жатқан көрінеді және олар ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асырыла бастайды. Осы бағыттағы келесі қадам – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасы. Бұл орайда, азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру мақсатында түрлі іс-шаралар жоспарлануда. Ал, «Менің елім» ұлттық жобасы аясында жүйелі түрде қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру қолға алынады. Бұл орайда, қайырымдылық шарасын өткізуге ниет білдірген мецанаттармен арнайы жұмысты үйлестіруші орталық жұмыс істейтін болады. Бүгінде оның басқару тетіктері қарастырылып жатыр. Сонымен бірге, мәдени-туристік клас-тер жүзеге асырылып, Қазақстанның энциклопедиялық Интернет порталы құрылмақшы. Ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызды шет елдерге насихаттау үшін этноауылдар бой көтермекші. Бұл ретте, ауылдар да дамиды, халықтың жағдайы да жақсарады. Кездесуде сонымен бірге, «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу мәселесі кеңінен қарастырылып, мектеп бағдарламаларына мәңгілік ел құндылықтарын енгізу мәселесі көтерілді.
Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілхановтың баяндамасынан кейін сөз алған Қазақстан Журналис-тер одағының мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-зерттеу кеңесінің мүшесі Ғосман Төлеғұл «Ұлт жоспары» бағдарламасының 100 қадамының арасында мемлекеттік тілге қатысты бір де бір сөз қозғалмағандығы жөнінде мәселені төтесінен қойып, назын білдірді. Әрине, Абай хакім айтпақшы, «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» дегендей, жиырма жылға жуық тілдерді дамыту саласында қызмет еткен азаматтың мемлекеттік тіл мәселесіне бейжай қарамайтыны, одан басқа мұңы болмайтыны да айдан анық. Сондықтан, бұл көзқарас-пікір орынды. Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақстандық бұл құжатты өте орынды жоба деп қабылдап жатқаны анық қой.
– Мемлекеттік тілді құрметтеп, жас ұрпаққа үйретіп, меңгерту керек. Мәселен, Жапонияда егер мектеп бітірушілер өз халқының үш жүзге жуық фольклорлық шығармасын жатқа білмесе, оларға аттестат тапсырылмайды екен. Мұндай тәжірибе біздің де елге қажет сияқты, –дей келе, шешен өз сөзін оқулық мәселесімен жалғастырды. Былтырғы жылы «Ана тілі» газетінде қазақ тіліндегі бір оқулықты басу үшін жарияланған тендерді қырғыздардың ұтып алып, басып шығарғаны жөнінде үлкен мақала шыққаны белгілі. Бұл да ұрпақ тағдырына қатысты үлкен мәселе.
–«Ұлт жоспары» болашақ үшін өте маңызды да мәнді құжат. Бұл орайда, күллі қазаққа тегін тарайтын, ұлттық мүдде мен ұлттық болмыс-бітімімізді жазатын, алаштың мұң-мұқтажын айтатын бір қазақи газет тегін тараса деген бір ұсынысым бар. Әрине, оған қыруар қаржы керек. Мәселен, теледидарды қоса қалсаңыз, ана жақта жемқорлықпен анау ұсталды, мына жақта пара алып, мынау ұсталды деген хабарлар көп. Осыдан түсіп жатқан қыруар қаржыны алып, осындай халыққа қажетті игі шараларға жұмсаса дұрыс болар еді. Ал, жемқорлар қылмыстық жазамен қоса, рухани тұрғыдан да жазаланса, өзгелерге сабақ болар еді, –деп сөзін түйіндеді ұлт жанашыры Ғосман Төлеғұл.
Бұл ұсыныс, пікірлерді құп алған вице-министр «Ұлт жоспарының» жүзеге асуына қоғамдық бақылау міндетті түрде жүргізілетіндігі және сын, ескертпелер міндетті түрде ескерілетіндігі туралы мәлімдеді.
Бұдан әрі жарыссөзге шыққан Көкшетау қаласының құрметті азаматы Г.Терещук те аталмыш жобаға қатысты өзінің оң пікірін ортаға салды. Еңбек адамын құрметтеу, оларды халық арасында кеңінен насихаттау қажеттігін айтып өтті. «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын іске асыру барысында бұрынғы кеңестік кезеңдегі ұрпақ тәрбиесіне қатысты кейбір бағдарламалар мен жобаларды қолдануға болатындығын атап көрсетті.
– «100 нақты қадамды» іске асыру кезінде халқымыздың ұлттық құндылықтарын қайта жандандыру қолға алынса игі еді. Бүгінде қазақтың ұлттық операсының халі мүшкіл. Мұқан Төлебаев, Евгений Бруссиловскийдің жазған операларынан басқа ұлттық туындылар жоқ. Осы мәселе министрлік тарапынан ескерілсе, –деген ұсынысын жолдады ақын, сазгер Иран Тасқараұлы.  
Кездесу соңында жиналған қауым тарапынан Көкшетауда сал-серілер мектебін құру, айтысты дамыту, шоу-айтыстарды қысқарту, дәстүрлі әншілер одағын құру, Елордасы – Астана қаласының сапаржайына жолаушылар көліктері келіп тоқтағанда, Мемлекеттік Әнұранның орындалуы туралы  ұсыныстар айтылды.
«Ұлт жоспарын» насихаттау және  оны іске асыру барысында халықтың ой-пікірін біліп, ұсыныстарын қабылдау үшін келген Марат Алмасұлы ақмолалықтарға алғысын білдіріп, журналистердің сауалдарына жауап берді.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар