Жат ағымнан жастарды қалай сақтандырамыз?

Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығында  жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне  діни ақпараттарды саралауға арналған семинар-тренинг болып өтті. Онда қазіргі кезде өміршең болып отырған теріс діни ағымдардан қорғанудың амал-тәсілдері жайлы мәселе ортаға салынды.

Семинарды ашқан облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраева өз сөзінде облыстағы діни ахуалға жан-жақты тоқталды. Қазір облысымызда оннан аса әртүрлі конфессиялар жұмыс істейді. Қарапайым адамдардың санасын улап жүрген теріс ағымдар да жетерлік. Әсіресе, жастардың жат ағымдардың жетегінде кетіп, имани өмірден алшақтап бара жатқанын да жоққа шығаруға болмайды.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған бастамаларында осы жайлар бас-ты назарға алынады. Өркениетті ел болу үшін қоғамдағы тағаттылық пен төзімділік сипаттарды да кеңінен дамыту қажет етіледі. Ал, ғаламтор жастарды теріс жолға арбайтын басты арнаның бірі екені де жасырын емес.
Бұл басқосуда осы жайлар көбірек ортаға салынды. Облыстық дін істері басқармасы жанындағы конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының маманы Данияр Тоқсанбаев та ғаламтордың адамдар арасындағы өшпенділікті насихаттайтын арнаның бірі екендігін атап көрсетті. Ондағы парақшаларда теріс ағымды уағыздау жиілеп отырғанына алаңдаушылық білдірді. Өз кезегінде бұл орталық арнайы блогерлер топтарын құрып, әлгіндей заңға қайшы насихат түрін бұғақтау жұмыстарын жүргізеді. Әзірге олар әлеуметтік желіде алты мыңнан аса  парақша  иелерін топтастырған. Енді бұл көрсеткішті он мыңға жеткізу көзделіп отыр.
Осы шараға Алматыдан арнайы келген Қазақстан Республикасы Ұлттық  қауіпсіздік  комитетінің психологы, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Лола Шакимова  ғаламтор арқылы арбалудан сақтаудың әдістері туралы баяндама жасады.  Ол еліміздегі лаңкестік оқиғаларды назарға ала отырып, оның шығу арнасын саралады. Атап айтсақ, діни лаңкестік оқиғалар саны әлемде 35 пайызға өскен екен. Өткен жылдың өзінде 13,5 мың  террорлық актілер тіркелген.
Ал, Қазақстанға келетін болсақ,  16 өңірді қамтыған сауалнамада респонденттердің жартысынан көбі БАҚ-тар, 27 пайызы әлеуметтік желілер, 6 пайызы ресми хабарлар арқылы экстремистік тұрғыдағы ақпараттарға қанығады. Өсек-аяңға сеніп, дерек көздерін алатындар да жоқ емес. Сөйтіп, тұрғындар негізінен телеарналарға (35 пайыз), ғаламторға (24 пайыз) және газет-журналдарға (3 пайыз) көбірек сенім білдіреді екен.
Шынында да, кімдер діни теріс ағымдар жетегінде кетеді? – деген сауал да ойландыратыны бар. Ұлттық қауіпсіздік мекемесінің психолог маманы жастардың ағымдар арбауына көбірек түсетінін айтты.  Бұл жерде әлеуметтік мәртебесі тұрақты емес тұлғалар, өзіне сенімі жоқ, діни тәуелділікке бейім адамдар ең алдымен осындай қауіптерге ұрынатынын жоққа шығармады.
Радикалды көзқарастағы адамдардың осынша көбеюінің астарында әлеуметтік теңсіздіктің де әсері бар. Ақпарат көздеріне қарағанда еліміз бойынша 500-ге тарта адам террорлық қылмыстары үшін темір торға қамалған. Қамаудағы сотталушыларға сауал жүргізілгенде, олар өздерінің террорлық топтарға тартылуының негізгі көздері мешіттер, туыстары мен достарының ықпалы дей келіп, 39 пайызы ғаламтор екенін айтқан.
Ендеше, ғаламтор бүгінгі күннің технологиялық өрлеу жаңалығы ғана емес, адамдарды ізгіліктен ажыратып, қатыгездікке үндейтін ошақтардың бірі екенін де көреміз. Лола Шакимова да осыны баса айтты. Семинарда жүргізілген тренинг барысында бір ақпараттың таралу сипаты  өзгеріп, өзінің түпнұсқасынан алшақтап кететінін мысал ретінде көрсетті.
Журналистер де өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Бұл пікір алмасу кезінде жат ағымдардан жас ұрпағымызды қорғаудың жай-жапсары ортаға салынды. Бұған БАҚ өкілдері де үлес қосуы қажет екені ауызға алынды. Ал, семинар соңынан облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраева діни насихатқа үлес қосып жүрген бір топ журналистке Алғыс хаттар табыс етті.

 

Бақыт СМАҒҰЛ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар