«Өмір өткелдері» кітабы – Президент пен халық арасындағы үзілмес сабақтастық

 Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің даму тарихын, оның сындарлы кезеңдерін мазмұнды кітаптарына топтас-тырып, тәуелсіздік жолын қалыптастыру кезеңіндегі өзінің ойын халықпен үнемі бөлісіп отырады.

  «Қазақстан жолы» атты кітабындағы егемендіктің бастаулары, жас мемлекеттің бұғанасының бекуі сияқты дүниелерге бой алдырса, оның «Әділеттің ақ жолы» кітабында өзінің жарқын өмірбаяны суреттеледі. Өз басым оқырман ретінде Президенттің әрбір кітабына ерекше көңіл бөліп, оның парасатты ой-толғамдарымен  тұрақты түрде танысып отырамын. Расында, Елбасымыздың әрбір кітабы баға жетпес құндылық. Себебі, онда біздің киелі де қастерлі тәуелсіздігіміз, оған жету жолындағы жанкешті еңбек баяндалады.  
Жуырда ғана  Астанада өткен Ұлт Көшбасшысының «Өмір өткелдерінің» тұсаукесерінен кейін  аталған кітаппен танысып шықтым. Бұл еңбекте Елбасы өзінің шыққан тегінен бастап, балғын балалық шағын, мектептегі естен кетпес кезеңін, Днепродзержинскідегі жалынды жастығын, Теміртаудағы құрыш құйған сәттерді баяндайды. Он алты  тараудан тұратын Президентіміздің  өмірі жайлы бұл туынды жуық арада мектеп оқушыларынан бастап барлық жастағы оқырманның көзайымына айналатын бірден-бір еңбек болмақ.
Қалың оқырман назарына жол тартқан бұл кітап елге белгілі азаматтардың да назарынан тыс қалмады. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, зиялы қауым өкілдері Мырзатай Жолдасбеков, Кенжеғали Сағадиев, Төлеутай Сүлейменов, Александр Тараковтар осы бағалы еңбек  жайлы өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл еңбектің мені қызықтырған тұстарының бірі  –  Елбасы мен сұхбат алушы арасында шынайы әдеби әңгіменің өрбуі, егемендік шежіресіне қатысты бұрын-соңды естілмеген тың деректердің келтірілуі. «Ұшқан ұя ұлағаты» атты тараудан басталып, «Нұрлы жолмен» ұштастырылған осы аралықтағы өмірбаяндық сұхбаттар тарихи оқиғалармен бейнеленіп, өзара диалог барысындағы жоғары интеллектуалдылық пен тамаша қолданылған қазақтың тіл байлығы оқырманды бірден баурап алады. Кітаптағы риясыз әңгіме барысындағы сөз астарын байқасаңыз, қазақтың кемел келешегі туралы да терең ойлар қозғалады.
Еліміздің даму жолындағы сындарлы кезеңдер туындыда  айшықты бейнеленеді. Алғашқы тарауынан соңғысына дейін оқырманды ерекше әсерге бөлеп, тәуелсіздікті қалыптастыру кезеңіндегі елдің басынан өткерген қиыншылықтары жарқын баян етіледі. Елбасы туындысынан біз оның  жеке адами қасиеттері, өмірбаянымен жақынырақ таныса аламыз. Сондықтан да, бұл кітапты шынымен де, Президент пен халық арасындағы үзілмес сабақтастық деуге болады.
Қайрат ЖҰМАБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы  Қорғалжын аудандық филиалы төрағасының
 бірінші орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар