Аптаның сейсенбі, сәрсенбі күндері облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың және Аршалы Ерейментау аудандарында болып, биылғы егіннің көктеп өсуіне және жылу беру маусымына дайындықтың барысына назар аударды. Елді мекендердегі абаттандыру жұмыстарын жандандыруды тиісті басшыларға тапсырды.
АТБАСАР. Алдымен, өңір басшысы жауапкершілігі шектеулі «Полтавка-2», «Шыңғыс-1» серіктестіктері мен «Алан» шаруа қожалығының егіс алқаптарын аралап көріп, егістік алқаптардағы топырақтың ылғалдығы мен егіннің шығымдылығына назар аударды. «Полтавка-2» серіктестігінің директоры Николай Белобров өздерінің астықпен және ет, сүт бағытындағы мал шаруашылығымен айналысатындарын айтып өтті. Сондай-ақ, шаруашылық жылқы мен шошқа да өсіреді. Биылғы жылы серіктестік 10 мың гектардан астам алқапқа бидай, 2 мыңнан астам алқапқа арпа сеуіпті. Серіктестік жыл өткен сайын майлы дақылдар, картоп пен көкөніс алқабын ұлғайтып келеді. Өйткені, бүгінгі күннің талабы осылай. Ендігі арада жалғыз бидай немесе арпа еккеннен гөрі шаруашылық қажеттілігі үшін өнім түрлерін көбейту мәселесі барынша маңызды.
Бүгінгі күнгі тағы бір мәнді шаруа қолда бар төрт түлікті қажетті жемшөппен қамтамасыз ету. Ерте көктемнен бері ылғал мол түсті. Ара-кідік аптап ыстық та болып тұрады. Табиғаттың осы бір қолайлы шағы қолат қойнауда ғана емес, ағаш бауырында, жазық жерлерде де көкмайсаның бой салып өсуіне игі ықпалын тигізді. Сапар барысында мал өрісінен басқа жерлерде шөптің жайқалып өсіп тұрғандығын көрдік. Қазір барлық аудандар осы бір маңызды науқанға бел буып кіріскен. Мұнда да шөп шабу науқаны қызу жүргізілуде. Пішеншілер 577 гектар алқаптағы бітік шөпті белгіленген мерзімде жинап алуды межелеп отыр. Шабындық және жайылым жеткілікті. Шаруашылықтың диірменінде әрбір ауысымда 20 тонна ұн тартылады. Қымыз өндіру де қолға алынған.
Жауапкершілігі шектеулі «Шыңғыс-1» серіктестігі биылғы жылы 9 мың 373 гектар алқапқа бидай, арпа және сұлыны уақытында сеуіп үлгеріпті. Алқапта ылғал қоры жеткілікті. Бидайдың масағы мысық мұрттанып шыға бастаған. Серіктестік жыл сайын жаңа техникалар сатып алып, егіс алқабын тиімді технологиямен өңдеуде. Облыс басшысы аталмыш үш шаруашылықтың егіс алқабын салыстырып, жер қанша жомарт дегенімізбен еңбек еткендерге ғана иетіндігін естеріне салды.
Облыс әкімі Атбасар қаласындағы орталық бу қазандығында болды. Қаланың жылу беру маусымына дайындығы жөнінде «Атбасар-теплосервис» коммуналдық кәсіпорнының директоры Надежда Кривошеина есеп берді. Орталық бу қазандығына 4 қазандық орнатылған. Бірақ, олар өзге өңірлерден сатып алыныпты. Басшылардың Щучинск қаласында салынатын қазандық жөнінде хабарлары болмай шықты. Өңір басшысы облыста жасалатын тауарларды сатып алуға шақырды. Бұл бу қазандығы 1286 абоненті бар тұрғын үйлерді және 25 кәсіпорын мен ұйымдарды жылумен қамтамасыз етеді. Биылғы жылдың мамырында бұл салаға облыстық бюджеттен 150 миллион теңге, аудандық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініпті. Аталмыш қаржыға орталық бу қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс еді. Дегенмен, бүгінгі таңда бұл жұмыстардың 10 пайызы ғана атқарылған. Аудандық білім бөлімі де бөлінген қаржыдан қағылған. Облыс басшысы бұған кінәлі басшылар жауапқа тартылатынын қадап айтты. Жылу ақысы 230 миллион теңгені құрапты. Ал, шыққан шығын 170 миллион теңге. Осы орайда, облыс әкімі тарифті көтеру жөнінде тұрғындармен жиналыс өткізуді тапсырды.
Орталық алаңда белгілі жазушы Ілияс Есенберлин ескерткішінің құрылысы жүргізілуде. Өңір басшысы ескерткіштің іргетасына капсул салу рәсіміне қатысты. Жеке кәсіпкер Иван Седлецкийге осы жұмысты сапалы жүргізуді тапсырды. Орталық алаңды абаттандыруды тиісті басшыларға міндеттеді.
ЖАҚСЫ. Облыс басшысы Жақсы ауданындағы жауапкершілігі шектеулі «Айбат» серіктестігінің егіс алқабын аралап көрді. Мұнда ылғал жеткілікті. Егін де әжептәуір көтеріліп қалған. Серіктестік басшысы Ысқақ Смағұловтың айтуынша кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, өңдеумен айналысады. Сондай-ақ, олар ауыл шаруашылығы техникалары мен автокөліктердің қосалқы бөлшектерін сатады. Техника жөндейді. Транспорттық қызмет көрсетеді. Серіктестікте шетелдік техникаларды жөндейтін цех жұмыс істейді. Қоймаларда комбайндар, жатка мен техникалар, бөлшектер мен өзге де бағалы материал-дар сақталуда. Шаруашылықта тәулігіне 20 тонна сүт өңдейтін цех жұмыс істейді. Техника паркінің көп бөлігін шетелдік техникалар құрайды. «Айбат» серіктестігінде сүт, май, айран мен ірімшік өндірісі жақсы жолға қойылған. Биылғы жылы 15 мың 320 гектар алқапқа «Ақмола-2» бидайы егілді. Ылғал сақтағыш технологияны қолданатын егіс алқаптары көбеюде.
ЕСІЛ. Облыс әкімінің жұмыс сапары Есіл ауданында жалғасты. Мұнда ол жауапкершілігі шектеулі «Родник», «Торғай АШТС» серіктестіктеріндегі егіс алқаптарының жағдайымен танысты. Бұл алқаптарда ылғал аз. «Родник» серіктестігінің директоры Сейілбек Сағатов өз сөзінде өздері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп сататындарын айтты. Биылғы жылы 2 мың 419 гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңіріліп, химиялық өңдеу жұмысы жүргізілген. «Торғай ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» серіктестігі егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Биылғы жылы 15 мың 700 гектарға бидай сіңірілді. Тәжірибе станциясында жүгері және өзге де бұршақты дақылдарды өсіру сынағы жүргізілуде.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мөлшерін арттыру көзделген. Өңір басшысы Есіл қаласында салынып жатқан екі көп қабатты тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын Алматы қаласының жауапкершілігі шектеулі «КазИнтелгрупп» серіктестігі жүргізуде. Қазір құрылысшылар екінші қабаттың қабырғаларын қалап жатыр. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталады деп көзделген. 73 пәтерлі тұрғын үйдің іргетасы мен жертөле қабырғасы қалануда. Бұл үй желтоқсанда пайдалануға берілмекші. Қаладағы Мұңайтпасов, Макаренко және Пушкин көшелерінің жолдары жөнделуде. Бұл жұмыстарды «Мираш-Н» серіктестігі атқарып жатыр. 11 адам жұмыспен қамтылған. Бөлінген 50 миллион теңгенің 38,7 миллион теңгесі игеріліпті. Облыс басшысы абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.
Есіл қаласындағы №4 бу қазандығы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарды жылумен қамтамасыз етеді. Мұнда 3 қазандық орнатылыпты. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 22 миллион теңге бөлініп, бу қазандығының қондырғылары мен жылу құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі жұмыс қарқынын үдетуді және қондырғыларды жергілікті өңірден сатып алуды тапсырды.
Жарқайың. Аудандағы жауапкершілігі шектеулі «Мадияр-К» серіктестігі астық өндірумен айналысады. Биылғы жылы 12 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілді. Кәсіпорын бидай өндірісі көлемін арттырып, сапасын жақсартуға ұмтылуда. Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында элеватордың жағдайымен танысты.
Астана қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған № 2-ші мамандандырылған мектеп-интернатының бөлмелерін аралап көрді. Қазір жатақхананың бөлмелері жөнделуде. Мектеп-интернаттың директоры Сәруар Шанқұлованың айтуынша, білім ошағында 189 оқушы білім алады. Олар облыстың түкпір-түкпірінен келген дарынды балалар. Биылғы жылы 5 мектеп түлегі «Алтын белгі» иесі атаныпты. Сондай-ақ, мектепте республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары жетерлік. Өңір басшысы педагогтар ұжымымен кездесіп, бос тұрған балабақшаның ғимараты мен жері сатылатынын, бұл қаржыға 300 орындық жаңа мектеп салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, дарынды балаларға барлық жағдай жасауды тапсырды.
Аршалы. Облыс басшысы № 2 облыстық аурухананың бөлімшелерін аралап көрді. Ауруханадағы елу шақты дәрігер мен жүзден астам медбике Астана қаласы маңайындағы аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Мұнда 5 қабатты жаңа аурухана ғимаратын салу көзделіп отыр. Бұдан соң облыс әкімі «Ижевский» өндірістік кооперативінің егіс алқаптарында болып, бітік өскен егіннің шығымдылығына назар аударды. Шаруашылық астық, ірі қара және құс өсірумен айналысады. Биылғы жылы 9,7 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл сіңіріліпті. 1047 бас ірі қара, 600 жылқы, 926,91 мың құс өсіріледі. Өткен жылы 1228,2 тонна сүт, 2022,4 тонна ет, 150273 мың дана жұмыртқа өндірілген. Кооператив басшысы Ибрагим Жанғоразов жерді өңдеу технологиясына тоқталды. Биылғы жылы 1300 гектар жерге 80 тонна тыңайтқыш пайдаланылған. Химиялық өңдеу де дәстүрлі жүргізіледі. Техника паркі жыл сайын жаңартылуда. Шаруашылық ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін арттыруды көздеп отыр.
Өңір басшысы Аршалы кентінің Астана көшесі бойындағы жөнделген көлік жолын көріп, орталық бу қазандығына соқты. Мұнда Қарағанды қаласынан сатып алынған 3 бу қазандығы орнатылыпты. Бу қазандығында тек қана Майкөбе көмірі жағылатын көрінеді. Бұған облыс басшысының көңілі толмады. Бу қазандығы мен көмірді өзіміздің өңірден сатып алуды тағы да бір ескертті. Аудан орталығында 16 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Үш қабатты үйдің терезелері орнатылып, төбесі жабылып, инженерлік жүйе тартылған. Қостомар ауылында 120 оқушыға арналған мектептің және фельдшер-акушер пункттің құрылысы жүргізілуде. Екі қабатты мектеп биылғы жылдың тамызында пайдалануға беріледі. Құрылысқа 50 адам тартылған. ФАП-тың құрылысын жауапкершілігі шектеулі «Қанат» серіктестігі жүргізуде. Нысанның ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір жиһаздар мен қондырғылар жеткізілуде. Абаттандыру жұмыстары да жүргізілуде.
Ерейментау. Облыс басшысы жұмыс сапарын жауапкершілігі шектеулі «Жалғас Агро» серіктестігінен бастады. Мұнда 27 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Аталған шаруашылық ағымдағы жылы 5879 гектар алқапқа жаздық дәнді-дақылдар егіпті. 2014 жылы жазда қуаншылық болып, серіктестік біраз шығынға ұшыраған екен. Осылайша, бір гектардың берекесі 2,1 центнерді құрады. Енді серіктестік басшылығы биылғы егіннен мол үміт күтіп отыр.
Торғай орта мектебі облыстағы аралас мектептердің бірі. Әрі ұлттық бірыңғай тестілеуде жыл сайын жақсы көрсеткішкерге ие болып жүрген мектептердің қатарында. Бұл оқу ордасында қызмет атқаратын білікті 59 мұғалімнің ерен еңбегінің нәтижесі деп толық айтуға болады. Айта кетерлігі, мектептің материалдық-техникалық базасы қазіргі заман талабына сай. Мектеп директоры Жеңіс Бөдешев өз сөзінде 2013-2014 оқу жылдарында мектепке 18 компьютер мен физика кабинетінің барлық жабдықтары сатылып алынғанын алға тартты.
Бұдан кейін Сергей Кулагин жауапкершілігі шектеулі «Бірінші электр станциясының» жұмысымен таныс-ты. Кәсіпорын жаңартылған энергия көздерін пайдалана отырып, энергия өндірісі саласында қызметтерді жүзеге асырады. Жобалық құны 17,6 миллиард теңге болатын серіктестіктің қуаты жылына 45 MBт болып табылады. Қазіргі уақытта аралық станциялардың құрылысы аяқталып, жөндеу жұмыстары қолға алынған. Мұнда қазірдің өзінде 22 жел турбинасы бой көтеріпті. Ілкімді жоба ағымдағы жылдың екінші тоқсанында іске қосылмақ.
Ал, Ерейментау қаласында тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарды жылумен қамтамасыз етіп отырған №5 қазандықтың маңызы зор. Мұнда бес қазандық орнатылып, тұтынушылардың саны 2023-ке жеткен. Кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуі үшін тәулігіне 85-120 тонна көмір жұмсалады екен. Соның есебінен, қазандықтың қуаттылығы сағатына 30,92 Гкал. Өткен жылы Кенесары көшесінен бастап, Абылай хан мен Әл-Фараби көшелерінің қиылысындағы жылу желілері жөндеуден өткізілген. Бүгінгі таңда қазандықтағы барлық құрылғылар мен жылу желілері ретке келтірілуде.
Облыста жыл сайын жаңа білім ошақтары салынып жатыр. Ауданда осындай жауапкершілігі мол құрылысты «АлАнСтрой-Ком» серіктестігі жүзеге асырып отыр. Оқу ордасы 200 оқушыға шақталып жасалмақ. Бюджеттен бөлінген қаржының 231 миллион теңгесі игеріліп, мектеп ғимараты тұрғызылған. Сондай-ақ, оның маңын абаттандыру, жылу қазандықтарын сатып алу сынды бірқатар жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, оқушыларға білім нәрімен сусындауға септігін тигізер жабдықтарға тапсырыс берілген. Ең бастысы, биыл балалар жаңа мектеп табалдырығын аттамақ.
Ағымдағы жылы жауапкершілігі шектеулі «KAZ Arms» серіктестігі іске қосатын зауыт құрылысшыларға арналған бас киімдерді шығарумен айналыспақшы. Жоспар бойынша кәсіпорын 1337 бас киімдерді шығаруды межелеп отыр. Серіктестіктің бүгінгі жағдайын саралайтын болсақ, өндіріс орындарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс материалдарын өндіретін цех өз жұмысын бастады. Алайда, мекеменің қордаланған мәселелерінің бірі – са-уатты мамандардың жетіспеуі. Бүгінде кәсіпорында 25 адам жұмыс істесе де, кадр мәселесі шешілмей тұр.
Рамазан ТІЛЕУОВ
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.