Тасты-Талды ауылында Иран инвесторлары сыйымдылығы 120 мың тонна болатын элеваторды қалпына келтіру жұмысын қолға алды.
Бұл жобаға тартылған алғашқы инвестиция сомасы 90 миллион теңгені құрады. Таяуда тағы 400 миллион теңге құйылмақ. Қалпына келтіру жұмыстарына ауылдың 70-ке жуық тұрғыны тартылды. Инвес-торлар күзге дейін барлық жұмыстарды аяқтап, жаңа астықты қабылдауды көздеп отыр.
Бұл жауапкершілігі шектеулі «Агро Нұр Азия» серіктестігінің қолға алып отырған жетінші жобасы. Олар барлық жұмыстарды бүге-шүгесіне дейін ойлас-тырып, астықты Иранға Каспий теңізі арқылы тасымалдау үшін арнайы жүк кемелерін сатып алуды жоспарлауда.
Айта кетерлігі, ауданның әлеуетін арттыратын осындай жобалар легі толас-тамай, өңірге инвестиция тарту жұмысы жалғасып келеді. Аудан әкімі Асқарбек Үйсінбаевтың айтуынша, инвесторлар өңірдің экономикалық мүмкіндіктерімен танысып, ауданның бар ресурстарын тиімді пайдалануға зор күш салып жатыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Жарқайың ауданы.