Қазіргі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға баса мән беріліп отырғаны белгілі. Себебі, кәсіпкерлікті дамыту еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты бекем етпек.
Елбасы шағын және орта кәсіпкерлікті 40 пайызға жеткізу және отандық кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау қажеттігін басты назарға алған. Бұл бағытта ауданда бірқатар іс-шаралар жүзеге асуда. Мәселен, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясы аясында 77 көтерме және бөлшек сауда орталықтарында отандық өнімді ерекшелеп тұратын 132-ден астам «Қазақстанда жасалған» жазуы бар тақтайшалар қойылды. Акцияның алғашқы күнінен-ақ тұтынушылардың отандық тауарға деген қызығушылығы арта түсті. Мұның өзі өнімнің көбірек сатылуына мүмкіндік берді.
Ел экономикасының негізгі тірегі саналатын шағын және орта кәсіпкерлік саласын алға жылжытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер үлкен қолдауға ие. Ауданда ағымдағы жылдың басынан бастап үш жоба өрістеп келеді. Бизнеске жол ашқан бағдарлама негізінде «Байзақов» жеке кәсіпкерлігі жалпы қуаты 12 мың тонна астық сақтайтын элеватордың құрылысын бастап кетті. Сондай-ақ, «Герман В.В» жеке кәсіпкерлігі тігін цехына жаңа құрылғылар сатып алса, «Папушина Т.В.» кәсіпкерлігі балаларға арналған ойын клубының ғимаратын жөндеуден өткізіп, онда қажетті құрал-жабдықтар орнатқан. Бағдарлама кәсіпкерлердің алдында жаңа көкжиек аша отырып, сапалы деңгейге шығуға ықпалдастық етіп келеді. Құжатта қарастырылған үш бағыт бойынша сүбелі жұмыстар атқарылуда.
Атбасар қаласында ашылған кәсіпкерлерді қолдау орталығы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімімен бірлесе отырып, кәсіпкерліктің дамуына өз септігін тигізіп келеді. Ауданда 2924 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, бес мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіліп отыр. Бір қызығы, қазіргі уақытта өңірде әйел кәсіпкерлердің де саны көбейді. Әрі бой көтеріп жатқан кәсіпорындардың қуаты артып, ауа райының қолайлығы ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатарының көбеюіне негіз болуда. Түптеп келгенде, ауданда қай кәсіп түрінің болмасын даму әлеуеті зор. Бұл өндіруші кәсіпорындардың кемелдене түсуінің негізгі тетігі болмақ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Атбасар ауданы.