Әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруда

«Ақмола Медиа Орталығында» Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов ауданның жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлар жөнінде  баспасөз мәслихатын өткізді.

Ерейментау ауданы облыстағы жер аумағы бойынша үлкен аудандардың бірі. Тиісінше, мұнда көмір, кварц, молибден және алтын сынды пайдалы қазбалар бар. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі тетіктері мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және дәнді-дақылдар егуде жердің құнарлығының алатын маңызы зор.  Ағымдағы жылы біржылдық шөп 11,6 мың гектарға және көпжылдық шөп алқаптары 8,7 мың гектарға дейін кеңейтілген. Аудан ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы бо-йынша жұмыс істеуде. Бұл бағдарлама шеңберінде мал тұқымын асылдандыру мәселесіне баса назар аударылып келеді. Сондықтан, қазақтың ақ бас сиырын өсіру жұмысы кешенді түрде қолға алынып отыр. Малды асылдандыру үшін 2012 жылы Америкадан 250-ден астам ангус тұқымды ірі қара мал әкелінген еді. Бүгінде оның саны бес жүзден асады. Етті экспортқа шығару үшін мал бордақылау алаңдары болуы шарт. Осы ретте,  екі мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Барлық шаруашылықтар мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларына белсене араласып, ірі қара малдың басын көбейтуді мақсат етуде. Қазіргі мәліметтерге жүгінсек, ауданда 40 мың қара мал, 100 мың қой бар екен. Айта кетерлігі, өңірде шалғынының мұрты бұзылмаған 54 жайлауда шаруақор азаматтар мал бағуға табанды түрде кіріскен. Мұнда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалып, электр желісі мен ауыз су тартылыпты.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі қаңтар-сәуір айларында өткен кезеңмен салыстырғанда 43 пайызға өсіп, 4 миллиард теңгені құраған. Сөйтіп, облыста аудан аталмыш сала бойынша 8-ші орынға тұрақтаған. Айта кетерлігі, өткен жылы өңірде тоғыз инвестициялық жоба мақұлданып, бекітілді. Соның ішінде, жауапкершілігі шектеулі «Он олжа» серіктестігі синтетикалық мұнай және жоғары сапалы мотор жанармайын алу үшін көмірді өңдесе, «Қызылту» тау-кен өндірісі кешені мыс-молибден өндірумен айналысады.
Өңірдегі әлеуметтік салаға келетін болсақ, аудан әкімі өз сөзінде тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін бірқатар ілкімді шаралар қолға алынып жатқанын жеткізді. Үстіміздегі жылы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмысқа орналасуға 393 адам өтініш білдірсе, 286 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, қоғамдық жұмыстарға 128 адам жіберіліпті. Бұл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 6,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Бағдарламаның негізгі үш бағыты бойынша 53 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Әрі тұрғындар қаражаты есебінен аумағы 1778 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өту қажет. Ескеретін жәйт, ағымдағы жылы әлеуметтік нысандарды қысқа дайындау шаралары мерзімінен бұрын қолға алынған. Мектептердің 90 пайызы, ауруханалардың 80 пайызы  қысқы жылу беру маусымына дайын.  Ал, денсаулық мәселесіне келер болсақ, ауданға 560,5 миллион теңге қаржы  қарастырылып, аталмыш сома кепілдік көлем, тегін медициналық көмек көрсетуге жұмсалмақ. Ағымдағы жылдың жарты жылдығында анализді зерттеуге арналған фотоэлектроколориметр қондырғысы сатылып алынды.
Ауданда білім саласына  ерекше көңіл бөлінеді. Оған мемлекет тарапынан берілетін қаржы да қомақты. Алайда, Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Мәселен, ағымдағы жылы  орташа көрсеткіш 76,9 балды құрап, бұл өткен жылмен салыстырғанда  үш балға төмен болды. Осылайша, «Алтын белгіге» үміткер сегіз оқушының үшеуі ғана өз білімдерін дәлелдей алды.
Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы күн санап жақсарып келеді. Бұған баспасөз мәслихатында келтірілген мәліметтер толықтай  дәлел бола алады.

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар