Әр жылдың жұмысы жоспарлансын

Өткен сенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласының бірқатар көшелерін аралап көріп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көлік жолдарының сапасына назар аударды.

  Алдымен, өңір басшысы Сәтпаев көшесі бойында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көлік жолын көрді. Бұл жұмыстарды жауапкершілігі шектеулі «Көкшетауавтодор» серіктестігі атқаруда. Олар Сабатаев көшесінен Уәлиханов көшесіне дейінгі аралықта көлік жолын жөндеп жатыр. Жобада көлік жолын кеңейту, жаяу жүргіншілер жолын салу, инженерлік коммуникация жүйесін ауыстыру, су және жылу құбырларын жөндеу және жарық орнату жұмыстары қарастырылған. Серіктестік директоры Виталий Люлевичтің айтуынша, бүгінгі таңда бөлінген қаржының 55 пайызы игерілген. Инженерлік коммуникация жүйесін ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын. Осы аптада бұрынғыдан құрамы өзгешелеу асфальт бетон төселеді. Сөйтіп, көлік жолын пайдалану мерзімі ұзартылмақшы. Барлық жұмысты тамыз айының ортасында аяқтау көзделіп отыр. Облыс басшысы өз сөзінде Көкшетау қаласындағы көлік жолдарының сапасы нашар екенін, басты назарды көлік жолының сапасына аудару қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, ол орталық көшелерді қиып өтетін және қатарлас көшелердегі көлік жолдарына асфальт төсеуді тапсырды.
Бұдан соң облыс басшысы Вавилов көшесі бойындағы көлік жолын көрді. Уәлиханов көшесінен «Жайлау» шағын ауданына дейінгі бұл жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Жөндеу жұмыстары алдағы жылдары жүргізілмекші. Облыс әкімі Капцевич көшесі бойындағы көлік жолына назар аударды. Бұл жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, бюджеттік өтінім облыстық жолау-шылар транспорты және көлік жолдары басқармасына берілген. Өңір басшысы Жеңіс көшесі бойындағы көлік жолына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Осы көшемен жүретін қалаішілік автобус бағытын ұйымдастыруды және тұрғын үйлердің маңын тәртіпке келтіруді тапсырды. Әуелбеков көшесінен Уәлиханов көшесіне дейінгі көлік жолында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын жауапкершілігі шектеулі «Көкшетауавтодор» серіктестігі атқаруда. Әзірше бөлінген қаржының 33 пайызы игерілген. Жобада жаяу жүргіншілер жолын жасау, бордюр, су ағатын арықтар, бағдаршам, жарық, жол белгілерін орнату, ағаш отырғызу қарастырылған. Сондай-ақ, берілген техникалық жағдайларға сәйкес, жылу мен су құбырлары жүйесінің апатты учаскелерін ауыстыру, кәріздік құдықшаларды қалпына келтіру, электр энергиясы мен телефон тартудың қосалқы бөлшектерін салу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Ғабдуллин көшесі бойындағы көлік жолын көрді. Әуезов көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі көлік жолын қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжаттамасы өткен жылы жасалған. Бір жарым шақырымдық көлік жолының сметалық құны 974 миллион 350 мың теңгені құрайды. Жобада жаңа автопавильондары бар 4 автобус аялдамасын, 7 көлік тұрағын жасау, бағдаршам, жол белгілерін, көше жарығын орнату, су және жылу құбырларын, жылу камерасын қалпына келтіру, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары қарастырылған. Осы көшедегі Қылшақты өзені арқылы өтетін көпірді қалпына келтірудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалыпты. Жобаға өзгертулер енгізу қажет. Өңір басшысы өз сөзінде жұмыстарды әр жылға жоспарлау қажеттігін, қала тұрғындары көп тұратын көшелер мен аулалар тәртіпке келтірілетінін және келесі жылы газгольдер орнату жұмыстары аяқталатынын алға тартты. Сондай-ақ, ол қалаішілік көлік жолдарын жөнге келтіру үшін 2 миллиард теңге қажеттігін айтып, тиісті басшыларға бюджетпен жұмыс істеуді тапсырды.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар