Шөп шабу науқаны басталысымен тас-түйін даярлықпен кіріскен ауданның шөпшілері жалпы көлемі он бір мың гектар болатын шабындық алқапқа шалғы салып, қыс қамына кіріскен.
Ресми ақпарат көзіне жүгінсек, шілде айының ортасында даярланған шөп мөлшері 69100 тоннаға жетіп, жылдық жоспардың 82,8 пайызын құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы мезгіліндегі көлемнен үш есеге көп. Бағымдағы малдың қытымыр қыстан қысылмай өтуі үшін бір жарым жылдық қажеттілікті өтеу жоспарының жартысына таяу даярланған сапалы шөп негізінен көпжылдық екпе шөп алқаптарынан шабылды. Бүгінгі күнделікті жұмыс көрсеткіші шамамен 2300-2400 тоннаны құрайтынын ескерсек, үстіміздегі айда жылдық жоспар орындалады деген үміті бар шөпшілер қауымы аптап ыстықты елемей, еселі еңбек етуде.
Шөп қоймаларын маяларға толтырып жатқан жауапкершілігі шектеулі «Белағаш», «Новокиенка» серіктестіктерінің ұжымдары қарқынды жұмыс атқарып, басқа шаруа қожалықтарына үлгі көрсетуде. Аталмыш шаруашылықтарда шөп шабу, жинау, тасымалдау және маялау үрдістері іркіліссіз жүргізіліп, даярланған және қысқы орынға тосылған шөп мөлшері молайып келеді.
Көңілге сенім ұялатар бір мәселе, өзен бойындағы табиғи шабындықтардың басты бөлігінің мұрты бұзылған жоқ. Оған бөгет болып тұрған жағдай көктемгі тасқын судың кеш қайтуы. Шабындық үсті әзірше дымқыл тартып, техниканың түсуіне қолайсыздық тудырып отыр. Ауа райы ашық болса, бір жеті ішінде өнімді еселей түсуге толық мүмкіндік бар.
Зияда НҰРЖАН.
Жақсы ауданы.