Саннан да сапаға мән берген жөн

Облыстық әкімдікте техникалық реттеу мәселелері бойынша өңірлік штабтың отырысы болып, «мұнай базалары мен жанармай құю бекеттерінің қауіпсіздігі» және «жанармай қалдықтарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар туралы» Кедендік одақтың техникалық регламентінің жобасы талқыланды.

Қазақстан метрология институты мен Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты бас директорының орынбасарлары, өңірлік штаб мүшелері, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, бизнес қауым мен облыстағы сынақ орталықтарының өкілдері қатысқан жиынды Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Ғинаят Қасенов ашып, жүргізіп отырды. Метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Дұғалов кіріспе сөзінде техникалық регламент техникалық реттеу нысандарына қойылатын талаптарды орындау үшін бекітілген құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Кедендік одақтың 35 техникалық регламенті қолданысқа енгенін жеткізді.
Басқосу барысында Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бас маманы Азамат Мырзалин сөз алып, мұнай базалары мен жанармай құю бекеттерін жобалаудағы негізгі талаптарға тоқталды. Оның айтуынша,  нысанға жалпы торапты көлік жолдарында кем дегенде екі кіру қақпасы болуы тиіс. Оған қоса, мұнай базасының аумағына биіктігі 2 метрден кем емес жанбайтын материалдардан жасалған қоршау орнату қажет.  Баяндамада оқу барысында мұнай базасының аумағын  жүк айналымы мен көлік түрлерін, санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да талаптарды ескере отырып, аймақтар мен учаскелерге бөлу керектігі де назардан тыс қалмады.
Ал, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің жетекші маманы Нұрлан Сейдалин  жанармай қалдықтарының қауіпсіздігіне қойылатын негізгі талаптарды кеңінен әңгімеледі. Әрі зиянды қалдықтарды азайтып, жанармайды сақтауда және тасымалдауда қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі айтылды.
Бұдан кейін жауапкершілігі шектеулі «Гелиос» серіктестігінің  кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі менеджері Мәулен Ахметжановқа сөз беріліп, ол коммерциялық фирмадағы жанар және жағармай материалдарының сапасын бақылау әдістерімен таныстырды. Маманның сөзіне жүгінсек, серіктестікте материалдың сапасын анықтайтын  жеті зертхана жұмыс істейді. Онда қызмет ететін білікті мамандардың жылдар бойы жинақталған тәжірибесі  сараптаманың дәлділігін қамтамасыз етеді. Сонымен бірге,  Павлодар мұнай-химия зауытынан өнімді делдалсыз сатып алатыны да материалдардың сапасына күмән келтірмеуі тиіс. Ол сыйымдылығы 7000-18500 тонна болатын мұнай базаларында сақталады.  Алынған өнім ай сайын тексеріліп, қолдануға жарамдылығы зерттеледі. Жоғарыда аталған талаптарды ескеретін болсақ, «Гелиос» серіктестігінің жанармай құю бекеттері барлық талаптарға сай екендігін атап өткен жөн. Саннан гөрі сапаға баса мән беретін кәсіпорын  тұрақты тұтынушыларды тарту мақсатында  кешенді  өткізілетін зерттеулерді жүйелі түрде қолға алыпты.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралғаннан кейін барлық қабылданған шешімдер мен ұсыныстардың хаттамасы толтырылып, оның орындалуы бақылауға алынатын болды. Отырыс қорытындысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түйткілді мәселелер жөнінде келелі әңгіме жүргізді.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар