Ұлттық аспапты дәріптеуші

«Домбыра тілегімді қуаттасаң, Үніңе үзіле бір құлақ тосам» демекші, қазақтың киелі, табиғи ұлттық  музыкалық  аспабын құрметтемеген, домбыра үніне елеңдемеген адам жоқ шығар. Осы орайда, біз  ауданымыздағы  «Қарлығаш» домбыра оркестрі және оның жетекшісі Бекежан Анапин жайында сөз қозғағымыз келіп отыр.

Осыдан он үш жыл бұрын құрылған аталмыш оркестрде бүгінгі таңда Мәдина, Рысгүл, Сәуле, Ерқанат есімді барлығы сегізге жуық оқушы домбырада ойнайды. Олар ауданаралық байқауларда өнер көрсетіп, өздерінің күмбірлеген күйлерімен жұрт ықыласына бөленіп жүр. 2004 жылы Атбасар қаласында өткен облыстық байқауға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп келді. Қазіргі күнде Приозерное ауылының «Қарлығаш» домбыра оркестрімен қосылып өнер көрсетуде.
Жастарға ұлттық аспап домбыраны үйретіп жүрген ұстазбен әңгімелескенімізде, ол бала кезінен домбыраға жақын екенін айтты.
–Нағашы әжем менің әнімді ұнатып, жиі тыңдаушы еді. Соның арқасында әнге деген сүйіспеншілігім одан сайын арта түсті. 12-13 жасымнан бастап домбыраның құлағында жатық ойнай бастадым. Менің ұлттық аспапқа деген қызығушылығымды оятқан жанның бірі – нағашы әжем, – деп өнер иесі ағынан жарылды. Оның айтуынша, өсе келе баланың домбыраға деген қызығушылығы бәсеңдей түсетіндіктен,  ұлттық аспапты меңгеруді ертерек, яғни, бала бірінші сыныпта оқып жүргенде бастаған жөн.
Кейіпкерімізден тәлім алған жастардың бірі  Әділхан Жақсыбаев Көкшетау қаласындағы  Ақан сері атындағы музыкалық колледжді тәмамдап, қазір сол оқу орнында жұмыс істесе,  Саят Жүзжасаров,  Әсел Құлахметова жайлы да мақтанышпен айтуға болады. 2005 жылы Бекежан Қайырбайұлы ауылдастары Болатбек Садықов және Кенжебай Жабикеев үшеуі қосылып, «Думан» ансамблін құрды. Сырнай, домбыра және тұяқ секілді үш аспаптың бірге үндескен үнімен көбінесе халық әндерін, термелерді нақышына келтіріп орындап, тыңдарманын шаттыққа бөлеп жүр. Сөз соңында, өнердің дамуына өзіндік  үлес қосып келе жатқан шынайы талант иесі  Бекежан Анапиннің жетекшілігіндегі «Қарлығаштың» қанаты талмай, алар асулары биік болсын де-мекпіз.                                                                                    

Айман АСҚАРОВА.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар