Зеренді аруы

Арнаған мәңгі өлмейтін әнін Ақан,
Армысың, Балқадиша, ару апам.
Әлемді ән боп шарлап кеттің, ойхой,
Елітіп әуеніңе күллі жаһан.

Сері Ақан сұлулыққа жан үзгенде,
Болар-ау сырлы сазын аңыз деуге.
Жайылған бар қазаққа ән-кейпіңді,
Әміре аңыратты-ау Парижден де.

Оралдың ескерткіш боп Зерендіге,
Алыстан ән-бейнеңді көрем, міне.
Өрлеттің төркініңді құзар шыңға,
Тербеттің тектіні де, тереңді де.

Қызы едің Ыбекеңнің Балқадиша,
Қараңғы көңілдегі таң Қадиша.
Мәуелеп Ақан аға жүрегінде,
Әуелеп аспан құшқан ән Қадиша.

Ән-апа, сағынышпен күткен едік,
Алғаусыз сен дегенде көктем едік.
Аққудай ән-мүсінің орнағанда,
Шаттықтың сел ағынын шектемедік.

Қуаныш көңілдерде шалқып ақты,
Көлі де Зерендінің толқын атты.
Айналып ғажайыпқа ән-апамыз,
Ажарын айдай елге жарқыратты.

Сылдырай сүйіншілеп бал бұлағы,
Тау-тасы Зерендінің жаңғырады.
Бауыры Жыландының дүр сілкініп,
Шат хабар лебізіне балбырады.

Шуақтап ару әнмен ел тілегі,
Сүйініш самалымен толқып еді.
Сүйінші сұрағандай шашақтары,
Зеренді қарағайы желпінеді.

Сырымбет сырлы сәлем жолдағандай,
Айыртау ән төресін толғағандай.
Назы мен нақышына құсни әннің,
Селт етпес сірә, бір жан қалмағандай.

Басынан Жыландының құлатқандай,
Кекілін Кербестінің сылатқандай.
Сұлудың қара басын ханға балап,
Ән туған Ақандағы жүрек қандай!

Аруы Зерендінің Балқадиша,
Арзуы асықтардың ән Қадиша.
Бір емес, барлық жеңгең шақырса да,
Төрінде туған ауыл қал, Қадиша…

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Зеренді ауданының құрметті азаматы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар