Алдағы міндеттер анықталды

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Степногорск қаласында әлеуметтік саланың жұмыстары бойынша көшпелі кеңес өткізді. Кеңес барысында өзекті мәселелер қаралып, 2015 жылдың екінші жартыжылдығындағы міндеттер анықталды.

  Облыстық ішкі саясат, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, дене тәрбиесі және спорт, дін істері жөніндегі басқармалардың басшылары, Степногорск қаласы мен Ақкөл, Астрахан, Еңбекшілдер және Ерейментау аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысқан кеңесті ашып, жүргізген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов әлеуметтік-идеологиялық бағытта бірқатар ұстанымдар бойынша үлгермеушілік бар екенін, әңгіме қол жеткізген табыстар жөнінде емес, проб-лемалар туралы болатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол бүгінгі жағдайды тереңірек түсіну үшін талдау жасап, проблемаларды шешетін шара қолдану қажеттігін, екінші жартыжылдықтың міндеттеріне түзету енгізу керектігін алға тартты.
Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова саланың бүгінгі жағдайы жөнінде айтып, 27 мақсатты индикатордың орындалуының нәтижелері мен білім саласының әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштерін алға тартты. Ең басты мақсат мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту, ҰБТ нәтижесімен бағаланатын білім сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны дамыту, оның ішінде жаңа үлгідегі кабинет санын көбейту болып табылады. Кеңеске қатысқан өңірлердің ішінде Еңбекшілдер, Ерейментау және Астрахан аудандары 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 71,4-82,8 пайызын мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамтуда. Бұл көрсеткіш Ақкөл ауданында біршама жоғары. Бүгінгі таңда осы аудандарда мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдарды дамыту мәселесі алға баспай отыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеуден Астрахан мен Ақкөл аудандары жақсы нәтиже көрсетсе, Степногорск қаласы мен Еңбекшілдер, Ерейментау аудандарының нәтижелері көңіл көншітпейді. Аталмыш қала мен аудандарда «Алтын белгі» мен үздік аттестаттан үміткер оқушылар білімін дәлелдей алмаған. Өтінім берген мектеп түлектерінің тек қана шамалы бөлігі үздік аттестат алыпты. Үлгерімнің сапалық көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Осы аудандар бойынша нәтижелердің көрсеткіші өткен жылдағыдан төмен. Баян-дамашы өз сөзінде жоғары балл алмаған мектеп түлектерін жұмысқа орналастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, ол тиісті басшыларға барлық жөндеу жұмыстарын 1 тамызға дейін аяқтауды, жаңа оқу жылына 10 тамызда, жылу беру маусымына 15 тамызда дайын болуды шегелеп тапсырды. Облыс бойынша мектептердің тек қана 42,2 пайызы жаңа үлгідегі кабинеттермен қамтылған. Бұл бағытта Степногорск қаласының мектептерін үлгі етуге болады. Ал, Ақкөл, Астрахан, Еңбекшілдер және Ерейментау аудандары облыстық көрсеткіштен төмен қалып отыр. Білім саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарында жаңа үлгідегі кабинеттермен мектептердің 53,2 пайызы қамтылуы керек. Осы орайда, білім басқармасының басшысы әлеуметтік серіктестермен жұмыс істеп, тапсырманы орындау қажеттігін жүктеді. 1 тамызға дейін мектептерге барлық оқулықтар әкелінуі тиіс. Бұл бағытта Астрахан, Еңбекшілдер
аудандары жақсы жұмыс істеген. Ал, Степногорск қаласы мен Ақкөл, Ерейментау аудандары мектептерінің бірде-бір кітап алмағандары алаңдатарлық жағдай. Аталмыш қала мен аудандарда 80 мұғалімнің жетіспеуі проблемаға айналуда. Сондай-ақ, Степногорск қаласы мен Ақкөл, Ерейментау аудандарында мұғалімдердің демалыс төлемақысы мен сауықтыру қаражатын төлеу кешіктірілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Иманқұлова өз саласының жағдайы жөнінде хабардар етті. Өңірде дәрігерлер мен медбикелер жетіспейді. Әсіресе, аудандардың жағдайы көңіл көншітпейді. Еңбекшілдер мен Ерейментау аудандарында баланың шетінеуі, Ақкөл мен Ерейментау аудандарында туберкулез ауруы, Ерейментау ауданында қатерлі ісік ауруы көбейген. Бүгінгі таңда үйлерді аралау жұмысы кенже қалды. Осының салдарынан балалардың шетінеуі көбейді. Бұл жұмысты дереу бақылауға алу қажет. Сонымен қатар, кредиторлық қарыз бен қаржыландыру мәселесі туындап отыр. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова мәдениет саясаты тұжырымдамасының басым бағыттарын орындау жөнінде айтып өтті. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру арқылы тарихи-мәдени мұраларды сақтау, оқыту және насихаттау қажет. Ол үшін елді мекендерде мәдениет мекемелері жүйесін дамыту керек. Ал, бүгінгі таңда көптеген елді мекендерде клуб жоқ. Степногорск қаласының іргесіндегі
4 мың адам тұратын Заводской кенті мен 1,5 мың адам тұратын Қарабұлақ ауылында мәдениет ошағы жұмыс істемейді. Көліктің жоқтығы жұмысты сапалы орындауға қолбайлау болуда. Бүгінгі күні Ақкөл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне көлік қажет. Степногорск қаласы мен Ақкөл, Ерейментау аудандарында облыстық шаралар мен халықаралық конкурстарға бару үшін жолсапар шығыны қарастырылмаған. Ал, Астрахан мен Еңбекшілдер аудандарының шығармашылық ұжымдары мүлдем ешқайда шықпаған. Сондай-ақ,
костюм тігуге, музыкалық аспаптар сатып алуға қажетті мөлшерде қаржы бөлінбейді. Ерейментау мен Астрахан аудандарының  кітапханаларына телефон тартылмаған. Компьютер мен Интернетке қосу мәселелері туындайды. Жаңа үлгідегі кітапхана аз. Кітап қорын толтыруға қаржы аз бөлінеді. Соңғы 3 жылда Ерейментау мен Еңбекшілдер аудандарына қаржы аз бөлінген. Әдебиет аз. Соның салдарынан кітапханаға адамдар бармайды. Сондай-ақ, газет пен журналдарға жазылуға қаржы аз бөлінеді. Еңбекшілдер мен Ерейментау аудандарының мәдениет үйлері күрделі жөндеуді қажетсінеді. Ақкөл ауданында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында клубтар жөнделуде. Облыс әкімінің орынбасары осы игілікті істі өзге аудандарда да жалғастыру қажеттігін тапсырып, мәдениет қашанда мемлекеттік идеологияның негізгі қайнар көзі, басты арнасы болғанын және солай болып та қала беретінін жеткізді.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Оксана Салахова мемлекеттік рәміздердің дұрыс қолдануына, әсіресе ғимараттардағы Мемлекеттік тудың дұрыс орнатылуына ерекше мән беру қажеттігіне назар аударды. Осы орайда, тұрғындармен жүргізілер идеологиялық жұмыстарды да жандандыра түскен абзал. Жаңа ұлттық стандарттың қабылдануына байланысты келер жылдың қаңтар
айынан бастап Мемлекеттік Елтаңбаның жаңа үлгісі қолданысқа енгізілмекші. Оксана Салахова өз сөзінде бұл атаулы шара да тыңғылықты дайындықты қажет ететінін атап өтті. Жұмыс барысында кездесер әттеген-айлар да болып тұрады. Мәселен, аудандарда құрылған баспасөз қызметтері өңір тынысы туралы жарық көрген жағымсыз материалдарға әлі де немқұрайлылықпен қарап келеді. Степногорск қаласы мен Ерейментау ауданы әкімдерінің жеке блоктарына тұрғындардан келіп түсетін өтініштердің саны да саусақпен санарлық. Бұл өз кезегінде билікке деген сенім деңгейінің төмен екендігін көрсетеді. Ал, Ақкөл мен Астрахан аудандарында баспасөз хатшысы мәселесі шешілген жоқ. Степногорск қаласында облыстық газеттерге жазылу жайы мәз емес.
Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина бұқаралық спортты дамыту және осы салада туындайтын мәселелер жөнінде баяндады. Спортты дамытуда Степногорск қаласы мен Еңбекшілдер ауданы артта қалуда. Ақкөл мен Астрахан аудандарындағы спорт мектептерінің жұмысы көңіл көншітпейді. Әрине, бұл көрсеткіштер саланың қаржыландырылуына, материалдық база мен білікті мамандарға және өткізілген шаралардың санына тікелей байланысты. Астрахан ауданында волейбол алаңы мен хоккей корты салынды. Еңбекшілдер ауданында бірде-бір әдіскердің жоқтығы алаңдатады. Соның салдарынан бұл аудан спорт жарыстарында көш соңында келеді. Сонымен қатар, бұл өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар спортқа тартылмай отыр.
Облыстық дін істері басқармасы басшысының орынбасары Еркін Көшкенов  жергілікті жердегі діни ахуал жайлы әңгімеледі. Бұдан кейін Степногорск қаласы мен Ақкөл, Ерейментау, Еңбекшілдер және Астрахан аудандары  әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат, білім, мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, дене тәрбиесі және спорт бөлімдерінің басшылары бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бо-
йынша атқарған жұмыстарына есеп берді. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов аталған алқалы
жиынды түйіндеп, айтылған мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Сіздердің жұмыстарыңыздың бас-ты көрсеткіші – нәтиже. Ақталып, сылтау іздеудің қажеті жоқ. Алға қойған міндеттерді орындап, жұмыста нәтижелілікке қол жеткізу сіздердің тікелей міндеттеріңіз, – деді ол.
Түс ауа облыс әкімінің орынбасары Степногорск қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Суреттерді түсірген
Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар