Қоңыр күздің қарекеті

 Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде егін орағының, қысқы жылу беру маусымына  дайындықтың барысы және өңір тынысына қатысты басқа да өзекті мәселелер қаралды.

Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша барлық егін алқабының 62,7 пайызының астығы бастырылды. Былтыр бұл көрсеткіш 52,8 пайызды құраған еді. Келер жылдың егісі үшін қажетті тұқымның 80 пайызы құйып алынды. Әр гектардан орта есеппен 9,6 центнер өнім жиналуда. Жұмыс қарқыны былтырғыдан 150 мың гектарға артық болғанымен, облыс әкімі астық түсімінің ойлағандай болмай отырғандығын баса атап өтті.
Бірқатар аудандар тұқым құйып алу жұмысын кешеуілдете түсуде. Айталық, Бұланды ауданында бұл жоспар 49, Бурабайда 38, Зерендіде 51,6 пайызға ғана орындалған. Басқа аудандарда да жағдай аса мәз емес. Сондықтан да, бүгінгі таңда астық бастыру қарқынын арттыруға, гектар берекесін ұлғайтуға және азық-түлік корпорациясына өткен жылғы қарыздардың есебіне астық тапсыруды жеделдетуге бар күш-мүмкіндікті жұмылдыру қажет. Әзірге соңғы жұмысқа  облыс аудандары түгел кіріспеген.
Осыны міндеттей келе, өңір басшысы бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің орындалу барысына тоқталып, бұл істе кенже қалып отырған аудандарды да атап өтті. Сөйтіп, олардың алдына  бұл жұмысты тездету міндетін қойды. Жуырда 9 айдың қорытындылары қаралатын болады. Оның барысында осы жайлардың бәрі ескеріліп, әрбір басшының қабілет-қарымы сол арқылы бағаланбақшы.
Бұдан әрі әкімшілік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталған облыс әкімі салалар бойынша істің жайын баяндай келе, егер бөлінген қаржы игерілмесе, оны үкіметтің қайтарып алатынын және енді қайтып бөлмейтінін баса ескертіп өтті. Ал, енді теңгенің таргеттелуіне байланысты баға бағамына келсек, азық-түлік өнімдеріне ол өсіп отыр. Аудандарда да, қалада да осы жағдай анық байқалуда. Сондықтан, бұл мақсатта арнайы құрылған штабтар мүмкіндігінше ондай жағдайларды тез анықтап, тиісті жұмыстар жүргізулері қажет. Әлден кефирдің 20 теңгеге, қырыққабаттың
27 теңгеге қымбаттауы сияқты мысалдар халыққа оңай соқпасы белгілі.
Келесі сөз кезегінде Калачи мен Оразақ елді мекендеріндегі  жағдай тілге тиек етілді. Бұл орайда, тиісті орындарға жаңа жерге көшірілетіндіктері туралы мәселені Калачи елді мекенінің тұрғындарына тағы бір мұқият ескерту, мектептің жабылатындығынан құлағдар ету тапсырылды. Жақын арада Державинскіде осы мақсатта көп қабатты, тұрмысқа қолайлы жаңа үй пайдалануға беріліп, онда қоныстанатын калачиліктер жұмыс орындарымен, балалар оқумен толық қамтамасыз етілмекші. Ал, әлі де болса, осындай  үйге көшкілері келмейтіндерге билік тарапынан екінші қайтара мұндай үй берілмейді. Міне, кент тұрғындары осыны мықтап естерінде ұстаулары керек.  Оқушылардан бос қалған мектеп құр тұрмайды. Оған алдағы уақытта дәрігерлік
амбулатория, жергілікті әкімдік, полицияның тірек пункті, дүкен орналастырылатын болады.
Осы жуырда ғана облыс орталығында бірден бірнеше кәсіпорын, сауда және емдеу орны пайдалануға берілді. Жаңа мешіттің ашылуы үлкен оқиғаға айналды. Сонымен бірге, көктемде су тасқынынан зардап шеккен Оразақ ауылында салынуға тиісті 100 екі пәтерлі үйдің алғашқы 40 пәтеріне де тұрғындар қоныстанды. Ендігі міндет  – қыстың таяп қалғанын ескеріп, қалған барлық үйлерді де осылай тез арада пайдалануға беру.  Әрине, осылай істегенде оның сапасына да баса мән бермей болмайды.
Әкімдік кеңесінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін халықтың жер алу кезегі туралы да сөз қозғалып, осы мәселені алға жылжыту мүмкіндіктері қарастырылды. Күзгі ағаш отырғызу жұмыстары да назардан тыс қалмай, тиісті міндеттер жүктелді. Сол сияқты, Заозерный елді мекеніндегі құрылысы бірнеше жылға созылған цемент зауытының қазіргі жайына, Бұландыда салынатын құс фабрикасының кешеуілдеу себептеріне де алаңдаушылық білдірілді. Астрахан ауданында жер астындағы бұрынғы құбырларды қазып ала бастаған. Оның аудан меншігінде екені айтылып, бұл мәселенің анық-қанығына жету жөнінде де тиісті тапсырмалар берілді. Көмірдің ең кем дегенде екі-үш айлық қорын жасау да бүгінгі күннің басты міндеті.
Еліміздің велоспорт федерациясы өзі өткізген шарадан түскен 200 мың долларды біздің облыстың  мүмкіндігі шектеулі, науқас балаларына бөліп отыр.  Оны облысымыздың өз ішінде дұрыс бөлудің маңызы да зор. Тиісті  орындарға осыны қадап тапсырған облыс әкімі  іс басына жаңадан бірқатар тәжірибелі, білікті басшылардың келгендігінен хабардар етіп, ендігі арада олардың ел игілігі жолында  аянбай еңбек ететіндіктеріне сенім білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар