Самарқаулық сан соқтырады

өңірімізде спорттың бұқаралық түрлері кенже қалып отыр

Көкшетаулық дойбышы, спорттың осы түрінен он мәрте республика чемпионы атанған, марқұм Қайырлы Қонақпайұлы Әбдірайымовтың есімінің кейінгі кезде ескерусіз қалып келе жатқандығы қынжылтады.

Ана бір жылы, өзіміз де ұмытуға айналдық, әйтеуір, облыстық дене тәрбиесі мен спорт басқармасындағыларға құлаққағыс етіп, түрлі басылымдарға мақалалар жариялап, Қажымұқан атындағы спорт сарайында Қайырлы Әбдірайымовтың жүлдесі үшін республикалық чемпионат өтіп еді.
Өкінішке орай, қолға алынған бұл жақсы бастама артынан аяқсыз қалды. Аяқсыз қалғаны сол, сонда жергілікті спорт басқармасындағылар: «жерлес дойбышы Қ.Әбдірайымовтың құрметіне мұндай біріншіліктерді алдағы уақытта жыл сайын өткізіп тұратын боламыз» дегендерімен, олар айтқан сөз, берген уағдаларында тұрып, жанкүйерлер қауымының көңілінен шыға алмады. Сондағы айтатын сылтаулары: «Қаржының жетіспеушілігі, қаржының жоқтығы»… Сонда дейміз-ау, қаншама мемлекет қаржысы көрінген көк аттының уысында кетіп жатқанында, өз топырағымызда туып, өз жерімізде спорттық жоғары белестерден көріне білген жерлес дойбышы Қайырлы замандасымызға арналған турнирді ұйымдастырып өткізуге құлқымыздың соқпағаны несі!?
Тағы да құлық дегеннен шығады, сонау бір жылдары басқасын қайдам, көкшелік дойбышылардың атақ-даңқы республиканы былай қойып, кешегі Одақ бойынша да кеңінен тараған еді. Сол уақытта Қайырлы болсын, қыздар арасынан спорт шеберлігіне кандидат Динара Самигулина, тағы басқалары болсын, КСРО бойынша өткізілген жарыстарға сан мәрте барып, қатысып қайтқан-ды. Одан қала берді, спорт шеберлігіне кандидаттар Жеңіс Темірбаев, Федор Бавин, Станислав Журавский, Иван Полинкеевич, марқұм болған Рыскен Қауынева, ағайынды Назбек және Бек Сәрсеновтер, Марат Жәмбеталин, оның інілері Бауыржан мен Ерлан Жәмбеталиндер, Вадим Ермаков, Фрад Самигулин, әкелі-балалы Таскен мен Қуаныш Исаевтар, Сағындық Кенжетаев, Алпыс Жұрын, Галина Костива, тағысын тағылар спорттың осы түрінің облыс көлемінде жандана түсуіне өзіндік үлестерін қосып, қалалық, облыстық, тіпті, республикалық деңгейде өткізілген талай біріншіліктердің жүлдегерлері қатарынан көрінген болатын.
Өкініштісі сол, бұл күнде дойбы спорты тоқалдан туған баланың күйін кешкендей тасада қалып, тіпті, кейінгі кезде оған еш көңіл бөлінбеуде. Тек жыл сайынғы ардагерлер арасында өткізілетін қалалық және облыстық біріншіліктерде ғана дойбыдан сайыс ұйымдастырылып, оған спорт шеберлігіне кандидат Марат Жәмбеталин төрешілік етіп жүргендігі болмаса, спорттың бұл түріне тиісті орындар тарапынан қолдау, көмектің жасалмай жүргендігін қынжыла айтпасқа болмайды. Ал, шаршылы тақта шебері саналатын әлгіндегі Марат ініміздің өзі бүгінде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы ретінде қаладағы бірнеше мектепте дәріс беріп, шәкірттерін тәрбиелеумен ғана шектелуде. Әрине, оған көрінеу көзге кінә тақпасақ та, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, дойбы спортын жандандырумен ешкім түбегейлі айналыспағасын, оның дұрыс жолға қойылып, «көгере қоюы» екіталай екендігі сөзсіз.
Рас, Көкше өңірінде кезінде сонау Балуан Шолақтардан бастап талай-талай саңлақ спортшылар ел мерейін тасытып, ердің даңқын асырғандығы белгілі. Солардың қатарында жерлес палуан Ахметжан Қазымбетов, ауыр атлетшілеріміз Жамал Панахов пен Сергей Копытов, шаңғышы Владимир Смирнов, шахматтан халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Серік Темірбаев, дойбышы, әлденеше мәрте Қазақстан Республикасының чемпионы атанған жоғарыдағы Марат Жәмбеталин, қаншама шабандоздарымыз, тағысын тағылардың  есімдерін қайтып тебірене еске алмасқа, қайтып мақтан етпеске!?
Жыл сайынғы дәстүрлі «Наурыз», «Сабантуй», тағы басқа мерекелерде осы тұрған қала, аудан-аудандарда, шағын елді мекендерде  ат жарыс ұйымдастырылып, жамбы ату, сырыққа шығу, палуандар күресі, каратэ, дзюдо, тоғызқұмалақ, гир көтеру, білектесу, бокс сияқты спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп жүрсе де, солардың арасында атағы дүйім елге тараған мықты-ау деген саңлақтарымыздың қатары әлі де болса аздау екендігін айта кетпеске болмайды.
Осы арада жасы ұлғайып, зейнеткерлікке шықса да әлі күнге шаршылы тақта үстінде күш сынасып, тіпті қалалық және облыстық біріншіліктерде намысты қолдан бермей, жүлделі орындардан көрініп жүрген шахматтан спорт шеберлігіне кандидаттар Тельман Мұқышев пен Сәкен Тәңірқұловтың, Петр Иванов пен Серік Құрманғожиннің, Валерий Причислов пен Тасжан Тайлақовтың, тағы басқалардың есімдерін қалай ғана атап өтпеске!?
Сондай-ақ, тұтастай облыста, қалада спорттың баскетбол, волейбол, суда жүзу, жеңіл атлетика, көркем гимнастика, триатлон, атбегілік, самбо күресі, көкпар, қыз қуу, садақ ату, қазақша күрес, тағы да басқа бұқаралық спорт түрлерінің кенжелеу қалып келе жатқандығына көңіл бөлінсе екен дейміз.
Жалпы айтар болсақ, біз бұл мақаламызды біреулерді мұқату немесе аяқтан шалу, әйтпесе барды жоқ ету мақсатында емес, көпшіліктің көкейінде жүрген ортақ ойларды ортаға салып, бұқаралық, соның ішінде ұлттық спорт ойындарын одан әрі жандандыра түсіп, дамытуды қалың қауым болып қолға алсақ деген ниетпен жазып отырмыз. Ләйім солай болғай да!..

Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
 ардагер журналист,
Қазақстан Республикасы
 ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар