Белгілі бапкердің турнирі

Степногорск қаласында грек-рим күресінен Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бесбай Қайыповтың құрметіне республикалық турнир өткізілді. Турнирге Қазақстанның барлық аймақтарынан 150 балуан жиналды.
Алдымен, 16 жасынан бастап боз кілемде белдескен, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Бесбай Қайыпов туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Боз кілем үстіндегі белдесулерде талай мәрте жеңістің биік тұғырына көтерілген, 29 жасында КСРО спорт шебері атанған атақты балуан жаттықтырушылық жұмыста да асқақ абыройды еншіледі. Оның оқушыларының арасынан Сейіл Тәмпиев пен Павел Коротких спорт шебері атанса, Қанат Кенжетаев, Уәлихан Дәуренбеков және Қосжан Ақмағамбетовтер атағы алысқа жайылған балуандарға айналды. Ал, Жоламан Дәуренбеков халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бес мәрте Қазақстан чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы және көптеген халықаралық турнирлердің жүлдегері.
Олардан басқа да боз кілемнің үстіндегі белдесуде шеберлік пен өжеттілік, тапқырлық пен қайсарлық көрсетіп, күрес өнерінің жанкүйерлерін талай мәрте тәнті еткен талантты шәкірттері көптеп саналады. Өзі шыққан биікке шымыр да шапшаң, алғыр да алымды шәкірттерін тартқан тәжірибелі жаттықтырушының талай жылғы төккен тері, еткен еңбегі зая кеткен жоқ. Осы өңірдегі білегінде күш, жанарында жарқылы бар жастарды ерлердің ісі күреске баулып, шеберліктерін шыңдаумен қатар, елін сүюге, туған елінің патриоты болуға баулып келеді. Ел қорғайтын қаһармандық қажырлы жанның ғана бойында болмақ. Сан мәрте Азия және әлем чемпионаттарының жеңіс тұғырына көтерілген, өзі баулаған шәкірттерінің ортасында тұрып:
–Мен өзімнің шәкірттеріммен мақтанамын,–деді даңқты балуан Бесбай Қайыпов жанарындағы қуаныштың жасын әрең іркіп.
Екі күн бойы көрермен бойындағы сезімді жасыра алмай, қуанышы мен өкініші, әп, бәрекелдісі мен қап, әттеген-айы алмакезек астасып жатқан, қызуы жалын атқан жарыс өткізілді. Боз кілемнің үстінде бір-бірімен әдіс-тәсілдің саналуан түрін көрсетіп, найзағайдың отындай жарқылдаған кей сәтте көрермен орнында отыра алмай, айқұлақтанып тұрып та кетті. Құтты кілем үстінде қаржасқан балуандардың қажыры емес, намыс тәрізді. Сондықтан да, Алаш жұрты сан ғасыр бойы күрес өнерін жанына серік етіп келеді. Адалдығы көрініп тұрса жеңілгеніне де бәйге беретін ақсүйектік қанында бар дегдар жұрт осы жолы шын шеберліктің озық үлгісін көздерімен көрді.
Степногорлық спортшылар үздік нәтиже көрсетті. Бөгенбай батыр атындағы спорт мектебінің оқушылары грек-рим күресінен жеті бірдей медаль алды. Олардың ішінен бірінші орынға ие болған, елу келі салмақ дәрежесінде күрескен Нұрсұлтан Бедерді бөле-жара айта кетуге болады. Жасөспірімдер арасында өткен еркін күресте 15 жүлде болса, соның оны осы мектептің балуандарында қалды. Ал, барынша қызғылықты өткен қыздар күресінде Гүлмаржан, Эллада Махяддиновалар мен Альбина Қайыркелдиноваларды атай кеткен ләзім. Олардың талай тамаша құрбылары әдемі өнер көрсетті. Тіпті, қыздар күресін құптамайтындар да дәл осы жолы нәзік жандылар да боз кілемнің көркі екендіктерін көріп, көзайым болды.Бір адамды, яғни, күреске еңбегі молынан сіңген жаттықтырушыны марапаттау арқылы қаншама жасты өзіне тәнті етіп, сиқырлы сәтімен санасын баураған ізгі шара болды бұл.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.       
Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар