АУЫЛ БАЛУАНДАРЫ БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕЛЕРДЕ ТОП ЖАРУДА

 

Киіктің асығындай қағылез, тұла бойы тұтас құйылғандай шымыр, желқақты өңі сәл қараторы бала өзінен бойы биіктеу, жас талдай солқылдаған денесі сомдана біткен сары шашты жасөспірімді алдымен тобықтан қақты. Бірін-бірі ала алмай тіресіп жүрген кезде орайына келтіріп, оң жамбасқа түсіргені. Жаттықтырушы Жұман Мұғжанов көзі шоқтай жайнаған қара баланың арқасынан қағып, ащы тері іркіліп тұрған самайын алақанымен сүртіп, оң қолын көтерді. Содан соң жағалай отырған, кілем үстіндегі белдесуден көз айырмай қарасқан жиырмадан астам жас балуандарға күрестің тағы бір тәсілін көрсетіп, қайталауды тапсырды да, жаттығу уақытына тап келген бізге бұрылды. Алғаш рет жүздесіп тұрсақ та, жатырқауды білмейтін жаттықтырушымен әңгімеміз бірден жарасып кетті.  
Ежелден жауырыны жерге тимеген атақты балуандармен аты шыққан Көкшетау мен Қараөткелді кең жайлаған ел ішіндегі өрендердің соңғы жылдары республикалық қазақ күресінен өткізіліп жүрген «Қазақстан барысы» сайысында бағы жанбай жүргені көп айтылады.
Сол күні таңертең Көкшетау қаласының іргесіндегі шоқ жұлдыздай ғана шағын Бірлестік ауылында қазақ күресі үйірмесінің жұмыс істейтіндігін естіп, жолға шыққан болатынбыз. Жай ғана үйірме емес, тәрбиеленген балалары облыстық, республикалық сайыс-тарда топ жарыпты. Тіпті, Азия чемпионы да шыққан. Оны айтасыз әлем кубогында бірінші орын, әлем чемпионатында үшінші орын алған балуан да бар екен.
Күрес үйірмесі Бірлестік ауылының дәл ортасындағы білім ошағына жапсарлай салынған спорт залында өткізіледі екен. Көзіміз үйренген қалалық жердегі бар жағдайы тудырылған жарық, жайлы, әрқилы спорт инвентарьларына толы күрес залы емес, жалғыз ғана кілемі бар. Бірақ, бұл жерде, осы ауылдың балаларында ұлттық өнер – қазақ күресіне деген ынта зор, ықылас алабөтен.
Балуан балаларды іздеген осы сапардың сәті Бірлестік ауылының тумасы, ұлтжанды азамат Жақсылық Ақтановтың жанашырлығымен түскен еді. Ауылдағы спорт залды жөндеуге аздап көмегі тиіпті. Мыңды айдаған бай, бақуаты зор бизнесмен емес, қарапайым зейнеткер. Енді зейнетақысынан там-тұмдап жинап, жүлде тігіп, үлкен күрес ұйымдастырмақшы. Ауыл балаларының намысын жанып, жігер отын жандыру үшін. Көптен бері көңілде жүрген Ақмола облысынан барыс бітімді балуан неге шықпайды деген сауалды ортаға тастадым:
– Әлде қайрат кеміп, қажыры азайды ма, анадан алыптар тууы кемшін бе?–деп сұрауым мұң екен Жақсылық ағам жосылта жөнелді. Айтуында қапы жоқ. Әрі өзі ұзақ жыл денсаулық саласында қызмет еткен тәжірибелі дәрігер. Ел орнында, ұрпақ өсіп, жаңарып келеді. Тек бір кезде қазақ күресіне деген оң көзқарас болмаған. Көзқарас дұрыс болмаған соң нешеме ғасыр ұлтымызбен бірге жасап, жау қашырған ержүрек батырлардың қапысыз қаруына айналған қазақ күресі өзге түгіл, қазақтың өзіне керек болмай қалған. Ащы да болса шындық. Мүмкін жарнамасы аз болған шығар, әлде жанашыры кем болды ма екен. Қалай болған күнде де ұмытылуға таяу. Оның үстіне шалғайдағы шағын ауылдарда, жергілікті ұлт өкілдері көп қоныстанған елді мекендерде спорттың бұл түрінен үйірме жұмыс істемеген. Тек Көкшетаудың Қызылту мен Көксеңгір өңірі сақтап қалған. Онда да аракідік, жыл аралатып жалғыз-жарым жарыс өткізілген. Кейінгі ұрпақ, өне бойында күш-қуаты тасыған айбарлы ұрпақ атадан балаға жалғасып келген асыл мұраның арқау жібін таратып әкете алмаған. Содан барып қазақ күресі дейтұғын ақсүйек өнердің басынан бағы тайған болуы. Жалпы, қазақ ұлтының осы бір өнері сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» жігіттерінің бойындағы бұла күшті толайым дамыту үшін, ұрпағының ержүрек, жауынгер болып өсуі үшін, елін қорғауға шамасы қаптал жетуі үшін, қыл аяғы өзін қорғауға қауметі келуі үшін керек-ақ дүние.
Ілкіден іркілмей келіп, кешегі кеңес заманында жолы тосылған, балуанның қолы бұғауланған ірі өнердің жұқанасы осы Бірлестіктегі жас балуандарды баулитын үйірмеде қалыпты. Көзге қораш көрінгенімен, құрыш білек балалары мықты. Белдескеннің белін үзердей, айқасқанды айбарымен-ақ жығардай. Айта кетелік, тер иісі аңқыған кішкентай ғана кілемде жаттыққандар арасында ағайынды Медет пен Әсет Сағындықовтардың атақ-даңқы жер жарады. Медет әскери самбодан үш мәрте Қазақстан Республикасының чемпионы, қоян-қолтық ұрыс түрінен облыста бірінші орын алған, әскери самбодан Азия чемпионы атанған, әлем кубогында бірінші орын иеленген, әлем чемпионатында үшінші орын алған, қазақ күресінен спорт шебері. Джиу-джитсу күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы. Ал, Әсет болса, әскери самбодан Қазақстан Республикасының чемпионы, Азия Чемпионы, әлем чемпионатына 57 килограмм салмақ дәрежесінде қатысып, үшінші орын алған.
Нұрбек Жандос Ақтөбе қаласында өткен республикалық сайыста топ жарып, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы турнирде үшінші орынға ие болған. Тараз қаласында өткен республикалық белдесуде жүлделі үшінші орыннан көрінген. Кеңес Қанатбек облыстық, республикалық сайыстардың жүлдегері. Жалғыз ер балалар емес, қазақша күреспен қыздар да шұғылданады. Олардың арасында да білектілер аз емес. Мәселен, Аружан Мұғжан, Сәния Теміркелер бірнеше рет  облыстық жарыста қарсылас шақ келтірмей, облыс чемпионы атанды. Аида Қойшыбай, Алуа Амангелді облыстық жарыста екінші орын алды. Аяжан Мұғжан мен Назерке Нығметтер де болашағынан үлкен үміт күттіретін балуандар. Осы лектен еркін күрестен облыс чемпионы атанған Асылтас Сағындықованы атай кеткен ләзім. Қазақстан Республикасының чемпионатында Жақсылық Қалдықожа екінші орын алса, Садетхан Азамат жастар арасында республика чемпионы атаныпты.
Таяуда жүзге таяу шаңырағы бар шағын ауылдың балуандары Қостанай қаласында әскери самбодан өткен республика чемпионатына қатысып қайтты. 52 килограмм салмақ дәрежесінде Қуанышбай Қабдырашев, 62 келі салмақ дәрежесінде Жансерік Алтынбаев, 82 келі салмақ дәрежесінде Азамат Бүркітовтер үшінші орынды алса, 90 келі салмақ дәрежесінде Ерік Қыдырғалиев бірінші орынға ие болды.
–Біздің ауылдың балуандары намысты қолдан бермейді,–дейді әскери самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Сағындықов,–әуел баста бірінші орыннан дәмелі емес едік. Әйтеуір, аруақ қолдап, абыройлы қайттық. Негізінде қазақша күреспен айналысқан спортшылар самбо күресімен де күресе беретіндігі белгілі. Ал, самбоны меңгерген соң, оның әскери самбо деп аталатын түрі оншалықты қиын емес. Ал, қазақ күресі – бекзат күрес. Шығыс жекпе-жегі тәрізді адамды мертіктіру, жаралау жоқ. Байыптап қарасаңыз, қазақтың бар қайсар мінезі, ғажайып тектілігі осы күресте жатқан тәрізді.  
Жүлдегерлер аз емес. Бәрін тізіп шығу, қатысқан жарыстарын атап-атап айту мүмкін де емес. Ең бастысы, ынта бар екен. Күрес өнерін үйренсем, боз кілемнің үстіндегі белдесуде алдымен ауылымның, содан соң күллі Ақмола облысының атын шығарсам дейтұғын ықылас бар екен. Ақмола облысының ғана емес, Алаштың атын шығару – арман! Онда да қазақтың өз күресінен, төл күресінен. Тек бір өкініштісі, Ақмола облыстық балалардың ұлттық спорт мектебінің Бірлестік ауылындағы филиалының көңілдегі көп ойға қаржылық қауқары келмей жатыр. Шіркін-ай, жалғыз кілемнің жанында әртүрлі тренажерлар, жаттыққан балалардың жуынып-шайынатын жерлері болса ғой дейсің. Кей жерде шетелден келген әншінің жалғыз әні үшін кең қалтасын толтырып жіберетін «атымтай жомарттардың» уысы, кең алақаны ауылға қарай жайылып, ауылдағы қазақ күресін жан-тәнімен жақсы көретін, сүйіп айналысып жүрген, сол жақсы көргендіктен де тәп-тәуір нәтижелерге қол жеткізіп жүрген осындай жеткіншектерге бұрылса ғой.
Қамырдан қыл суырғандай суыртпақтап отырып, біраз жайға қанықтық. Түгел емес, әрине. Боз кілемнің үстінде белдескенде қарсыласынан қаймықпайтын балуан інілер өз жандарын жеп жүрген жан жарасын толайым ашып айта алмады. Ұққанымыз, сапарға шығудың сиректігі. Қызық қуған серілік сапар емес, ерліктің сапары. Бір Бірлестіктің қотанында бір-бірімен алысып-жұлыса бергеннен не шығады. Балауса балуанның білегі қатайып, шеберлігі шыңдалуы үшін де облыстық, республикалық жарыстарға үзбей қатысып, тәжірибе жинағандары оң. Бірақ, ол үшін қаражат қажет. Облыстық жарыстарға өз қаражаттарымен барып жүр. Ал, ұзап шығуға жанашыр жанның демеуіне зәру.
Облыс орталығына барған сайын Бұқпаның баурайындағы баяғыда Балуан Шолақ аталары Корен балуанның қабырғасын қаусататын алаңқайда тұрып, Бірлестіктің балауса балуандары ойлайды: «шіркін-ай, бабымыз жетіп тұр-ау, бағымыз қашан жанады екен».

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Суретте:  ауыл балуандары шеберліктерін осылай шындайды; түрлі сайыстарда топ жарып жүрген Жансерік Алтынбаев (солдан оңға қарай), Азамат Бүркітов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әсет Сағындықов, Ерік Қыдырғалиев және Қуанышбай Қабдырашев.

Бірлестік ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар