Орысшалағаннан бір, жарнамадан екі ұялып…

Тіл туралы тәуелсіздігімізді алмай тұрып бір Заң, егемен ел болғаннан кейін тағы екі Заң қабылданыпты. Алдағы екі онжылдыққа арналған бағдарламаларда да көп нәрсе қамтылған болатын. Солардың барлығы түбегейлі орындалып жатыр деп айту қиын.
Оның әртүрлі себептері бар сияқты. Заңдар мен бағдарламаларды қабылдай-қабылдай, оның орындалуы мардымсыз екеніне көз жеткізу қиын емес. Олай дейтініміз, мемлекеттік тілді меңгеруге келгенде басқа ұлт өкілдері былай тұрсын, өз ұлтымыздың қомақты бөлігі тым құлықсыздық танытуда. Заңдарымыз орыс тілінде қабылданып, содан кейін мемлекеттік тілге аударылып барып, көпшіліке жол тартады. Қазақстан мемлекеті бойынша бұқаралық ақпарат басылымдарының 70-80 пайызы ресми тілде шығады. Республикамыз бойынша қазақ ұлтының басымдылығы байқалса да баяғы жартас сол жартас күйінде қалып келеді.
Кешегі өткен қазақ зиялылары, соның ішінде Сәкен Сейфуллин айтулы ақын, қарымды қаламгерлігімен қатар, қазақ үкіметін басқарған тұстың өзінде «қырғыз» атауын «қазақ» деп түзетуді именбей көтерген болатын. Осы мақсатпен «Қазақты қазақ дейік» деген мақала жазып, ұлт атын қайтарып бергенінің өзін есіл ердің ұлылығы деп білуіміз керек. Сол кезде қазақ тілі туралы декрет қабылдауға ұйытқы болған арыстай азаматымыз Сәкен екенін ұмытпауымыз қажет. Сол аласапыран кездерде, өзінің басына қауіп төнсе де, «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс
қағаздары қазақ тілінде жүрсін, ол қазақ ауылдары мен болыстарында 1924 жылдың 1 қаңтарынан шілдеге дейін жүзеге ассын. Ал, 1 шілдеден әрі қарай қазақ пен орыс аралас отырған жердің барлығында да іс қағазы қазақ тілінде жүргізілсін» деген шешім шығарған еді. Осының өзінен-ақ оның өз заманының асылы, ұлты үшін ештеңеден тайынбайтын, басын бәйгеге тіккен жан екенін байқауға болады.
Әлем жаңа жиырма бірінші ғасырға аяқ басқанда қазақ тіліне деген жылымық байқалған сияқты еді. Қазір олай деп айту қиын. Екі мыңыншы жылдың басында мемлекеттік қызметте жүргенде қазақ тілінің қолданылу аясы біраз кеңіп, тынысымыз ашылып, «е, жаратқан ием осы жолдан тайдыра көрме» деп қуанып жүрдік. Соңғы кездері не көп, жиналыс көп, соның бірі – аудан, қала, ауыл әкімдерінің атқарылған жұмыстары туралы халық алдында есеп беруі. Сол жиналыстардан да мемлекеттік тілдің қолданылу аясы тар екендігі көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрады. Атқа мінер азаматтардың өзі ана тілімізге онша құлық қоймаса, ол қайдан дамиды?!. Қазақша сәлемдесіп алып, жиналған қауымға баяндамасын ресми тілде жасайтынын ескертіп, сыдырта жөнеледі. Ал, өзіміздің қаракөздер әй-шәй жоқ, ресми тілде сайрағанда алдарына жан салмайды.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Мәселен, «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауларында қазақ тілін одан әрі дамыту жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекеттік тіл саясатындағы алдағы уақытта орындалуы тиіс негізгі бағыттар айқындала түсті. БҰҰ-ның биік мінберінен де қазақша сөйлеп, өнеге көрсетті. Тек осыны одан әрі дамытсақ.
Ана тіліміз қоғамдық сананың ажырамас бір бөлігі екенін естен шығармасақ екен деймін. Соны кейбір әкім қаралар түсіне ме екен? «Айқайлай-айқайлай, қасқырдан да ұят болды» депті ғой бір атамыз. Сол сияқты «айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, ұлт зиялылары мен басшылары өздерін қамшылаулары керек болып тұр. Өз ұлтымыздың тілінен безгендерге, жерігендерге аяушылық болмауға тиіс.
Мемлекеттік тілді білу парыз дейміз. Ал, осы сөздің мәнісін терең түсінген адамға ол жүрек қалауы, отаншылдықтың бір белгісі болуы тиіс. Қазақ мемлекетіне құрметпен қарайтын азамат сол елдің тіліне де құрметпен қарауы керек. Өйткені, екеуі де біртұтас ұғымды білдіреді. Мұны терең түсінбейінше, тіліміздің мүшкіл қалпында қала бергені қала берген.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқығаным бар, батыс Еуропаның бір елінде тіл тазалығын сақтау үшін тілге қатысты заң мен ережелерді бұзғандарға арнайы шектеулер қолданылады екен. Ал, бізде айналаға қараңыздаршы. Айтудың өзі ұят. Толып кеткен сақау жарнамалар мен сауатсыз аудармалардан аяқ алып жүре алмайсың. Осындайда белгілі бір құзырлы мекемеден тіл тазалығын сақтау жөніндегі бөлім ашып, заңдастырса құп болар еді.
Елдігіміз бен келешегіміздің бір кепілі тіл болуы керек. Тілі мықтының елі де мықты болатынын естен шығармайық…
Амангелді ЕСТАЙ,
зейнеткер.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар