Шығармашылық әлеуеті жоғары

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры ХІХ маусымын бастады

Жалпақ жұртқа эстетикалық адамгершілік пен ізетті ізгілік тәрбиесін беріп келе жатқан Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы жаңа маусымын аша отырып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Алаштың біртуар азаматы Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына орайластырылған «Батырлық жолы» қойылымының премьерасын ұсынып, ел басына күн туған уақытта Отан үшін қасық қандары қалғанша алысып, от кешкен майдангерлердің рухын асқақтатты. Сөз арасында бұған дейін Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына орай, облыста бірқатар шаралардың ұйымдастырылғанын сыналап айта кеткен ләзім. Көкшетау қаласындағы орталық парк-
те батырдың ескерткіші қойылды.  Туған өлкесі Зерендіде, туған ауылы Қойсалғанда еске алу кештері өткізілді. Облыстың оқу орындарында, еңбек ұжымдарында өмірі мен шығармашылығын қамтитын қаншама шаралар ұйымдастырылды. Ал, бүгінгі әдебиетте бұған дейін көркем бейнесі жан-жақты қамтылған ер Мәліктің майдандағы ерлігін сипаттайтын қойылым батырдың батырлық кескінін ашып көрсетуге ұмтылған талпыныс.
Алдымен, облыстық Мәлік Ғабдуллиннің қорынан алынған «Батыр туған ер Мәлік» тақырыбындағы деректі фильм көрсетілді. Фильмде аты аңызға айналған хас батырдың жарқын бейнесі әуелі Қойсалғанда, содан соң аудан орталығында, Целиноград қаласында қарсы алу, қауышу сәттері арқылы көрініс тапты. Жеңістің қуанышын, сол соғыста өз ұлдарының батыр атанғанына мәре-сәре болған жұрттың жүзінен алаулаған шаттықтың лебін аңғару қиын емес. Қимылдан да, жарқын жүздерінен де тайға таңба басқанындай көрініп тұр. Көркем әдебиеттегі жан-жақты сипатталған образ бір басқа да, таспадан көру өзгеше әсер етеді екен. Жаныңа соншалықты жақын, соншалықты таныс. Ішінде елмен бірге өзің де жүргендейсің. Тура батырдың дәл жанында тұрғандайсың.
Мұнан соң жерлес айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабековтың «Батырлық жолы» қойылымы сахналанды. Режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мұратбек Оспанов.
Соғысқа дейінгі көрініс. Жаймашуақ, бейбіт өмір. Жастардың ақсүйек ойнауы. Әлдеқашан ұмытылып кеткен ойын. Бірақ, сол бір дәуірдегі көне суреттің, ыстық бейнелердің қойылымның реңін үстеуге атқарып тұрған рөлі бар. Шымқай қара көк аспандағы тананың көзіндей жарқыраған жарық жұлдыздар. Әркім өз жұлдызын тым-тым шырқау биіктен көргісі келеді емес пе. Мәлік те көргісі келеді. Өз жұлдызын емес, елінің жұлдызын. Осы бір көркемдік шешім шығарманың өне бойында параллель сызықпен жүріп отырады. Майдан даласында да, қиян-кескі ұрыстарда да, кейінгі бейбіт өмірде де. Елінің жұлдызын биіктен көрсем деген арман, жалғыз көріп, тамсану ғана емес, сол жұлдызды биіктетсем деген мақсат-мүдде, жан дүниедегі алабұртқан ішкі сезім синтездік өнер арқылы, кейіпкердің іс-әрекеті, сөйлеген сөзі, тіпті, қимыл-қозғалысы майдандағы қиян-кескі соғыс барысындағы қаһармандығы арқылы танылады.
Батырдың жалғыз батырлығы ғана емес, адамгершілігін айғақтайтын штрихтар аз емес. Мәселен, соғыс алдындағы даярлық. Әскери киімді енді ғана киген жауынгерлерге командирдің дөрекі сөйлеуі, ожарлығы. Әрдайым кісілік қалыптан сынық сүйем шықпайтын Мәлік жауынгерлерді қорғап, командирмен де пікір таластырады. Жоқ, пікір таластыру дегеніміз сәл солғындау, өз көзқарасын дәлелдеп ащы да айтады. Бірақ, командир жоқ жерде оның қателігін айтып, сыртынан жамандау, беделін түсіру деген жоқ. Міне, осындай штрихтар сәтті қолданған.
Батыр бейнесін өз биігіне сай бейнелеу, образын сомдау барысында жалғыз ер Мәліктің ғана емес, кешегі Кеңес Одағына түгел мәлім болған, аттары аңызға айналған Алаштың жалаңтөс батырларының бейнелері де биіктей түскендей. Батыр Бауыржан, ер Төлеген, майдан даласында жүрсе де аузынан әзілі арылмайтын Рамазан тәрізді асыл ерлердің  қайтпас қайсар батырлығын танып, тәнті боласыз.
Қойылымның әлденеше жерінде майдан даласынан көріністер берілді. Кәдімгі қиян-кескі ұрыс, сартылдай атылған автомат, дүмпи жарылған бомба. Тек бірнеше қайталанған соң көптеу ме деп қалдық. Ұрыс даласындағы қасіретті көрермен былай да біледі ғой. Оның орнына өлшеулі уақытта өзгеше мазмұн үстейтін, образ ашудағы басқа бір штрихтарды қолданған жөн бе еді. Өкпесіне оқ тиген Төлегеннің «елім менімен мақтана ма?» деген сөзі де екіұшты ой туғызатын лепес. Оқ тиіп, өлім мен өмірдің ортасында жанталасып жатқан адамның аузынан осындай сөз шығуы мүмкін бе? Әрі есіл ерлер мақтаныш үшін соғысқан жоқ шығар. Тарихи сөз, өзі айтқан лебіз делінгенімен, шындыққа бір табан жақын болса, көркемдікке қиянат етпес еді.
Тұтастай алғанда «Батырлық жолы» қойылымы Алаштың айтулы ерлерінің қан қасап майдан даласындағы ерліктерін дәріптей отырып, кейінгі жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беретін қойылым деуімізге әбден болады. Мәлік рөлін сомдаған тәжірибелі актер Бағлан Иманғазинов, Бауыржан Момышұлын сомдаған Зүлкәпіл Батихан, Төлеген Тоқтаров бейнесіндегі Әлихан Қарабаевтарды бөле-жара айта кетуге болады. Сондай-ақ, неміс офицерлерінің кескінін бейнелеген Төлеубек Көңбай мен Қайрат Мырзаболатов та күткен биіктен көрінді.
Қойылымның соңында театр ұжымына, спектакльді сомдаған актерлерге облыс әкімі Сергей Кулагиннің ықылас гүлі табыс етілді. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева театр ұжымын жаңа маусыммен құттықтап, өткен маусымдағы табыстарын саралай келе, алдағы уақытта шығармашылық жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіре келе, режиссер Мұратбек Оспановқа, қаламгер Құдайберлі Мырзабековке, театр директоры Марал Жақыповаға, театрдың көркемдік жетекшісі Фархадбек Қанафинге «Қазақ хандығына 550 жыл» мерекелік медалін табыс етті .  
Көзі қарақты көрермендерімен қуана қауышқан театр директоры Марал Қажыкенқызы өткен маусымдағы атқарылған шаруаны тілге тиек етіп, жаңа маусымдағы жоспарларымен таныстырды.
Шынында да өткен жыл театр ұжымы үшін табысқа толы маусым болды десек артық айтқандық емес. Көрермен қауым Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылын», арыстан мінезді асыл ер, қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің ұлы ерлігін сомдайтын режиссер Ерсайын Төлеубайдың «Алдаспанын», басқа да көптеген қойылымдарды жақсы қырынан атап жүр. Алда жаңа маусым. Шығармашылық қуатты сарқа жұмсайтын мерейтой жылы. Сол жол әманда табысты болғай!

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар