Науан Хазірет – тарихи тұлға

Науан Хазірет – ислам дінінде өзіндік орны бар тарихи тұлға. Бірақ, қалың жұртшылық осынау есімге қанық болғанымен,  діни өмір жолынан, осы тұрғыдағы қайраткерлік қырларынан аса хабардар емес. Жуырда Көкшетау қаласында пайдалануға берілген жаңа мешіт орынды түрде өңіріміздің  ірі дін ғұламасы Науан Хазіреттің есімін иеленді. Сөз орайында айта кетсек, облыс орталығындағы бұрынғы ескі мешіттің де осы тарихи тұлғаның атымен аталып келгендігі  көпшілікке жақсы мәлім.
Сондықтан, біз бүгін газетімізде Науан Хазіреттің өз заманында кім болғанын және әлеуметтік қайшылықтарға толы сол кезеңде туған халқы үшін қандай ізгілікті істерімен танылғанын кеңінен қамти түскен тарихшы ғалым Қадыржан Әбуевтің зерттеу мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

 Қазақстан Республикасында тəуелсіз мемлекеттіліктің қалыптасуы күн тəртібіне қазақ халқының тарихының көптеген өзекті мəселелерін шығарды. Солардың бірі – халқымыздың тарихи жəне мəдени қайраткерлерінің өмірбаяны, атқарған қызметі жөнінде ғылыми зерттеулердің болмауы.  Тарихы-мыздың өзекті мəселелеріне тоқтай келіп,  академик М.Қ Қозыбаев былай деген: «Қазақстан тарихнамасының тағы да біраз зерттелген бөлігі – өткен кезеңнің көрнекті қайраткерлерінің тарихи портретін жасау».
Қасиетті Көкше жерінде небір ел бастаған көсемдер,  күміс көмей шешендер, ақын-жыраулар,  батыр-билер,  ақылгөй даналар дүниеге келмеп пе еді!  Ендеше,  дəл сондай тарихи тұлғалардың бірі –
Наурызбай Таласұлы.  Оқымысты ғұлама болғандықтан,  ол əдебиетте де,  халық арасында да Науан Хазірет деп аталып кеткен.  Науан Хазірет –  рухы биік,  жан-жақты білімдар, ағартушы,  халқының қамын жеп,  болашағын болжаған,  оған мұсылмандықтың шапағатын жаюға бүкіл өмірін арнаған қайраткер.
Науан Хазірет турасындағы əдеби нұсқаларға, құжаттар мен деректерге тоқталсақ, ондай дүние баршылық.  Солардың ішіндегі ең құндыларының бірі –
Ақан Серінің Науан Хазіретке арнаған 28 шумақтан тұратын толғауы. Ақан ағаның бұл шығармасы үлкен əңгімеге арқау боларлық дүние,  бұл ретте,  біз бір-екі-ақ мəселеге тоқтала кетейік.  Біріншісі – Ақан сері өз шығармасында Науан Хазіреттің мұсылман дінінің шапағатын жаюдағы қызметін,  адамгершілік қасиетін өте жоғары бағалағанын байқаймыз.
Екіншісі – Науан Хазірет пен Ақан серінің бажа екендігі.  Хазірет екі рет некелі болған.  Алғаш Қарауыл Тінəлі қажының үлкен қызы Бəтимаға үйленген,  бірақ,  ол жастай дүние салған.  Ал, Тінəлінің екінші қызы Ұрқияға Ақан сері үйленген…
Сөз етіп отырған тақырыпқа жазылған екінші өте құнды дүние – ол халқымыздың ардақты ұлы,  алаш қозғалысының көсемі Əлихан Бөкейхановтың 1910  жылы Санкт-Петербургте жарық көрген  «Киргизы»  (Қазақ – Қ.Ә.) атты еңбегі. Бұл еңбегінде Əлекең Ресей патшалығы тарапынан қазақ жерінде отарлау саясаты жүргізіліп отырғанын айта келіп,  əсіресе,  орыс-тандыру,  қазақтарды мұсылман дінінен аластатып,  христиандандыру əрекетін əшкерелейді.  Осындай езгіге қарсы оянған халық наразылығы көптеген беделді адамдар қол қойған прокламация атты құжатта жарияланған.
Осы бір күрделі тарихи жағдайда мұсылмандық факторға үлкен қауіппен қарап,  оның отаршылдыққа қарсы күш екенін түсінген патша өкіметі мектеп-медреселерді құрту мақсатында үлкен шаралар қолданған.  Ә.Бөкейханов бұл еңбегінде Науан Хазіретке арнаған бірер ойларын жазған, оған кейінірек тоқталамыз.
Келесі əдеби деректі Шығыстың жарық жұлдызы атанған Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты очеркінен кездестіреміз.  Онда Ақан серінің Ұрқия,  Ақтоқты оқиғаларын бастан кешіп, Құлагер апатына кездіккенін айта келіп,  оның дінге,  сопылыққа ден қойғанын жазады. «Сол уақыттан былай Ақанның жанында үлкен өзгеріс болады. Бұқардан оқып қайтып, Көкшетауда дəріс айтып тұрған,  белгілі Науан Хазіретке анда-санда барып сабақ алады», –  деп жазады Мағжан Жұмабаев.
Сондай-ақ,  Науан Хазіреттей тарихи тұлға ұлы жерлесіміз,  қазақ əдебиетінің іргетасын қалаушыларының бірі Сəбит Мұқановтың да назарынан тыс қалмаған.  Оның Шоқан Уəлиханов жайындағы «Аққан жұлдыз»  романында мынандай жолдар бар: «…  Бір кезде Шұңғырша Қарауыл аталатын рудан Бұқара – Шəріпке оқуға жіберілген Талас баласы Науан табан аудармай он жыл оқып, «Он екі пəнді тəмам ғып»  туған еліне қайтып келеді.  Науан келгенге дейін «Хан мешітінде»  имамдық құру, бала оқыту міндеттерін Ғалиақбар есімді татар молдасы атқарған.  Ел екеуін салыстырып қараса, Науан – теңіз, Ғалиақбар – шұқанақ. Сондықтан, Шыңғыс имамдықты да, мүдəрістікті де Науанға берді… Ол «Көклəн»  медресесінің үлгісімен «Хан медресесінде»  ұлдармен қатар,  қыздарды да оқытуға ниет етті».
Сəбеңнің кітабынан алынған осы жолдарды белгілі жазушы Сарбас Ақтаев «Науан Хазірет жəне оның шəкірттері» атты очеркінде келтіре отырып,  былай деген: «Жоғарыдағы жолдарға қарағанда,  Көкшетау дуанының аға сұлтаны болып тұрған Шыңғыс (Уəлихановты айтады – Қ.Ə.)  оқу бітіріп келгенде Науанды əуелі ауылында молда етіп ұстап,  содан дуанның бас имамдығына көтерген сыңайлы.  Олай болса,  Хазіреттің ұстаздық жолы алдымен Сырымбетте,  Шыңғыс сұлтанның ауылында басталады емес пе».
Біздің пікірімізше,  Сəкеңнің,  Сарбас Ақтаевтың бұл болжамы негізсіз,  өйткені,  Шыңғыстың аға сұлтандық қызметі
60-шы жылдардың орта шенінде аяқталғаны белгілі.  Ал,  Науан Хазіреттің Бұхардан оқу бітіріп, Көкшетауға оралуы одан 20  жыл кейін.  Бұл – біріншіден.  Екіншіден,  Сəбит Мұқановтың шығармасынан алынған жоғарыдағы жолдарды көркем əдебиеттің дəстүрі ретінде қараған жөн сияқты.  Өйткені,  Сəбеңнің романында Шоқан Науан Хазіреттің жер аударылғанын естіп,  өкініш сезімін білдіреді.  Іс жүзінде ол оқиға Шоқан қайтыс болғаннан кейін 38  жыл өткенде болғанын Сəбеңнің білмеуі мүмкін емес. Олай болса, бұл оқиғалардың хронологиясын алмастыру Сəбеңе не үшін керек болды екен деген сауалдың тууы заңды.  Біздің ойымызша,  бұл Сəбеңнің көркем əдебиеттік тəсілді қолдануы,  Науан Хазіреттің тағдырын Шоқан өмірімен сабақтастыруы. Жəне бұл тектен тек емес.  Ол Науан Хазіреттің реакцияшыл молла емес,  керісінше,  оқымысты, артында мол мұра қалған қайраткер ретінде сипаттау үшін жасалған əрекет болса керек.  Осы мақсатта автор Хазіретті теңізге теңеген, оның түрлі миссионерлердің əрекетіне батыл қарсылық көрсеткенін жазған.
Науан Хазіреттің бейнесі қазақ əдебиетінің тағы бір классигі Ғабит Мүсіреповтың «Ақан Сері – Ақтоқты»  пьесасында,  сондай-ақ,  белгілі  жазушы Сəкен Жүнісовтің «Ақан сері»  атты дилогиясында да көрініс тапқан.  Өкінішке орай,  осы басылымдарда сол кездегі солақай саясат пен большевиктік идеологияның салқын лебіне сəйкес Науан Хазірет халық арасында қара түнек сепкен реакцияшыл молла ретінде сипатталған.  Əрине,  біз бұл ретте есімі халыққа танымал ағаларымызға кінə қоюдан аулақпыз.  Замана талабы мен таптық тар құрсаудан шыға алмаған туындылардың белгілі бір жүйеге қызмет етуге мəжбүр болғаны шындық қой.  Дей тұрғанмен,  Науан Хазірет оның сол замандағы тұстастары Ақан сері, Əлихан Бөкейханов, Мəмбетəлі Сердалин, т.б.  пікірлерінде ерекше тұлға,  қоғам қайраткері,  ғұлама ұстаз,  имандылық иесі ретінде көрінеді. Халқымыздың жадында да дəл осындай тарихи тұлға ретінде сақталуда.
Соңғы кезде Науан Хазіреттің өмірі мен тарихына қызығушылықтың артқаны байқалады. Оның айғағы ретінде мына авторлардың туындыларын айтуға болады:  көкшелік белгілі жазушы, публицист Сарбас Ақтаевтың «Науан Хазірет кім?», «Науан Хазірет жəне оның шəкірттері»  атты очерктері,  Өмірзақ Озғанбаевтың «Рух күрескері» кітабының «Хазіреттен – қарым,  ақыннан – ақыл алғанда…» атты тарауы,  Көкшетау газетінде жарық көрген Айдос Əбутəліпұлының «Науан Хазірет»  атты көлемді мақаласы.  Бұл еңбектерді Науан Хазірет тарихын зерттеу жұмысына қосыл-ған қомақты үлес деп атауға болады.  Сонымен бірге, осы жолдардың авторының екі очеркімен Астана қаласындағы «Ақ арман»  баспасынан жарық көрген «Науан Хазірет»  атты кітабын  айтудың да артықтығы болмас.
Осынау зерттеулерді жазуға ғылыми негіз болған деректер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА),  Омбы облысының мемлекеттік архивінен (ООМА)  алынған материалдар.  Міне,  біз сөз етіп отырған тақырыптың ғылыми тарихнамасы мен деректері осындай.
Ал,  енді Наурызбай Таласұлының өмірбаянына,  атқарған қызметіне көшелік.  Ол соңғы дерекке,  атап айтқанда,  қабір басына қойылған құлпытастағы жазбаға қарағанда, 1843  жылы Баратай ауылының маңындағы Жылкелді деген қарағай-қайың аралас Көкшетау қаласының іргесіндегі нулы да сулы  өңірінде Талас Құтболатұлының отбасында дүниеге келген.  Шыққан тегі Қарауыл руының Есембай-Шұңғырша тармағынан.
Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша,  əкесі Талас ауқатты,  ағайын арасында беделді кісі болған.  Жасынан зерек Наурызбай ауыл молласынан хат танығаннан кейін,  баласының қабілеттілігін аңғарған əкесі оны Қызылжар медресесіне оқуға берген.  Медресені үздік оқып бітірген соң ол ерекше дарынды түлек ретінде сол кездегі діни жоғары оқу орны болып саналатын Бұхар медресесіне жолдама алады. Еліне келіп,  Баратайға жақын Бесқарағай деген жерде мешіт салу жұмысын ұйымдастырып, бірер жыл сонда имамдық жұмысын атқарады. Əйткенмен білімге, оқуға деген құштарлық талабы Науанды одан əрі жетелейді. Ол азын-аулақ қаржы жинап,  Бұхарға бара жатқан керуенге ілесіп, Əлихан Бөкейханов айтқандай, «Кезінде Ломоносов Мəскеуге қалай барса,  бұл да Бұхарға солай барады».
Бұхар медресесі өткен ғасырда Орталық Азиядағы бірден-бір жоғары оқу орны болатын. Мұнда көптеген ғұлама оқытушылар болған.  Бұхарда оқып жүрген кезінде Наурызбай діни хадистермен қатар,  Шығыстың бай əдебиетін,  философиясын игеріп,  көне түрік,  парсы,  араб,  өзбек, татар тілдерін жетік меңгерді.
Он бес жыл оқып,  Бұхар медресесін үздік бітірген Наурызбайдың үлкен дарын иесі екендігін таныған медресе ғалымдары оны бүкіл мұсылман дінінің орталығы болған Бағдат шаһарына жібереді.  Ол жерде білімін сонша тереңдеткен Наурызбайды Бұхар медресесі өз қабырғасында ұстаз етіп қалдырады.  Бірақ,  көкшетаулық мұсылмандар қауымы Бұхарға арнайы делегация жіберіп,  Солтүстік Қазақстан өңірінде мұсылмандықты уағыздайтын бірде-бір жоғары білімді имамның жоқтығын тілге тиек етіп, Наурызбайды еліне қайтаруды өтінеді. Осы жағдайларды ескерген медресе басшылары көкшетаулықтардың талабын орынды деп тауып,  Наурызбайды еліне қайтарады.
Бұл жөнінде Əлихан Бөкейханов былай деп жазған: «Науан 15  лет учился в Бухаре, кончил там высшую школу и сделал блестящую карьеру,  исключительно благодаря своему необычайному дарованию.  В Бухаре Науан занимал место преподавателя в высшей школе,  откуда его вызвали кокчетавские киргизы (казахи –  Қ.Ә.),  послав особых делегатов».
Шығыс өркениетінің орталықтары болып саналатын Бағдат пен Бұхардың жоғары оқу орындарын тəмамдап елге оралғанда Науан Хазірет жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тəжірибелі ұстаз болып қалыптасумен қатар,  жəдиттік бағытты ұстанған қоғамдық қайраткер де болып үлгерген.  Міне, енді сол оқып-білгенін,  өз қызметін ел игілігіне жарату,  халқын отаршылдық бұғаудан азат ету жолдарын ойластырады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында түркі тектес халықтардың барлығы дерлік (Анатолия түріктерінен басқасы)  отарлық езгіде болды.  Түркі халықтарына отарлық құрсауын кигізген сол тұстағы екі алып империя –
Қытай мен Ресей мемлекеттері болды. Бұлардың біріншісінде сол тұста отарлық езгіге қарсы қарулы көтеріліс жүріп жатса,  екіншісінде ұлт-азаттық күрестің ондай түрі аяқталып, енді екінші кезеңі басталған болатын. Бұл кезең жəдиттік қозғалыстың дүниеге келуімен де сипатталады.
Жəдиттік қозғалыстың негізін қалап,  басқарушылар қатарында Ресейдің қол астындағы түрік халықтарының ұлтжанды зиялылары болды.  Олар – Шаһабуддин Багауиддинұлы,  Каюм Насири, Исмағұл
Гаспаралы, Садриддин Айни сынды ғұламалар еді.
Аталған қайраткерлердің жəдиттік көзқарастарының қалыптасуына ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында бүкіл əлемде ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуі,  Ресейдегі билеуші монархияға қарсы бағытталған демократияшылдық үрдістің етек жаюы, орыс емес халықтарда зиялы топтардың пайда болуы сияқты қоғамдық құбылыстардың зор əсері болды. Көптеген аймақтарда саяси партиялармен,  қозғалыстармен бірге жəдиттер (жаңашылдар)  деп аталған мəдени-ағартушылық бағыттағы қозғалыс та пайда болды. Бұл қозғалыстың түпкі мақсаты түрік халықтарын отарлық езгіден азат ету еді.  Ал,  оны іске асыру үшін дін-исламдағы жəдитшілдікті түрікшілдікпен ұштастыру,  түрік ұлтшылдығын насихаттау,  жаңа тəсілмен оқытатын мектептер ашу көзделді.
Сөз етіп отырған кезеңде Бұхар қаласы жəдиттік қозғалыстың негізгі ошақтарының бірі болып саналған.  Сондықтан,  жəдиттік идеяны көзі ашық,  көкірегі ояу Наурызбай бірден қабылдап, оны іске асыру жолындағы күреске дайын болды. Сол себепті де, ол Көкшетауға оралысымен бұл іске қызу кірісті.
1886 жылы көпшілік қауымның сұрауымен облыстық діни басқармасы Науан Хазіретті Көкшетау мешітіне имам қылып тағайындады.  Жаңа имам халық арасында оқу-ағарту мəселелерімен айналысып,  діни əдет-ғұрыптарды ретке келтіреді,  көршілес ояздардағы мешіттермен тығыз байланыс орнатады. Ол кісінің беделінің өте жоғары болғандығын мына бір дерек дəлелдей түссе керек. Халықтан жиналған қаржыға Көкшетау қаласында жаңа мешіт салынады.  Мешітте неке қию,  жаңа туған нəрестелерді тіркеу сияқты дəстүрлер кеңінен енгізіледі.  Архивтік бір деректе ояз бастығы Костырконың тұсында, ал, кейін Туполев, Коновалов, Селицкий, Кельцев секілді басшылар тұсында да осы тəртіп сақталды делінген. Заманының өте білімді адамдарының бірі Науан Хазірет халық ағарту саласына көп көңіл бөлді,  атап айтқанда,  қазақ балаларының білім алуын үнемі қадағалап отырды.  Мешіт жанынан қырдан келген моллалардың білімдерін одан əрі жетілдіру үшін оқу ұйымдастырып,  халықтан түскен қаржыға интернаты бар медресе ашады.  Өзіне мектеп жұмыстары бойынша көмекшілікке бұрынғы шəкірті,  Қотыркөл болысының тұрғыны Шәймерден Қосшығұловты алады.
Медреседе діни дəріспен қатар, зиялы білім беру ісі де айтарлықтай деңгейде болды:  шəкірттер оқу мен есептеуді, араб тілі мен орыс тілін қатар үйренді, Абай өлеңдерін жаттап, Біржан мен Ақан əндерін айтты.  Əсіресе,  шығыс əдебиетін оқып үйренуге көп ден қойылды.  Ол туралы мына бір деректі келтіріп кетуге болады:  мысалы,  ояз бастығының бұйрығымен мектеп-интернатта жүргізілген тінту кезінде,  оқушылардан шығыс ғұламалары Фирдоуси,  Науаи,  Саади,  Низами жəне т.б. кітаптары тартып алынған.
Бір айта кететін жəйт, ата-аналар балалардың оқуы үшін ешқандай ақы төлемеген, себебі, медресе жанында қосалқы шаруашылық болып,  шəкірттер қажетті азық-түлікті өздері дайындаған.  Мұғалімдік қызметті Науан Хазірет пен Шәймерден Қосшығұловтан басқа Ташкенттен келген өзбек Ингам Қари мен саяси жер аударылған, қазақ тілін жақсы меңгерген Петр Гарлишев атқарды.  Науан Хазіреттің қызмет атқарған тұсы Ресейдің Қазақстанда толық саяси үстемдігін орнатып, енді шаруашылық жағынан игеруге кіріскен кезеңіне дөп келеді. Осы мақсатта бірқатар əкімшілік, сот реформалары жүзеге асырылып, жергілікті өзін-өзі басқарудың қалдығы жойылып,  жер,  оның қойнауы,  ормандар мен өзен-көлдер Ресей мемлекетінің меншігі деп жарияланды.
Өзінің үстемдігін нығайту үшін патша үкіметі қазақ даласына орыс-казактарды,  шаруаларды,  шенеунік жаппай қоныстандыру науқанын жүзеге асырды.  Мысалы, 1896  жылы Ақмола облысында 99399 жаңа қоныстанушылар тұратын 132 село болды, ал, 1900 жылы селолардың саны 200-ге, көшіп келушілердің саны 160090-ға жетті. Іс жүзінде бұл саясат қазақ халқын орыстандыру, христиан дініне шоқындыру əрекеттерінен көрініс берді. Ол үшін білім беру-ағарту ісіне қатаң бақылау орнатылды. 1874 жылы үкіметтің шешімімен оқу-тəрбие ісі мұсылман діни мекемелер құзырынан алынып,  отарлық əкімшілік қарауына берілді.
Шоқан Уəлихановтың, Салық Бабажановтың үлгісімен орыс оқуының пайдасын көрген қазақтардың бірқатары өз балаларын Омбының,  Орынбордың т.б.  қалалардың оқу орындарына бере бастады.  Қазақ  жұрты балаларын орыс тілінде оқуға ынталандырудың шараларын ойластырады. Мəселен, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шормановтың баласы Сəдуақас Шорманов 1887 жылғы 25 ақпанда Г.Н. Потанинге жолдаған хатында былай деп жазған: «Қазіргі уақытта қазақ балалары əртүрлі оқу орындарында оқи бастады.  Гимназияда 19  адам,  кадет корпусында – 5, мұғалімдер семинариясында – 4, техникалық училищеде – 2 тəрбиеленуші оқып жүр.  Омбының оқу орындарында барлығы 30 қазақ баласы оқуда, біреуі Петербург университетінде білім алуда».
Сонымен бірге,  үкімет қазақ балаларының ана тілінде білім алуына түрлі шектеулер қоя бастады, тіпті, қазақ шенеуніктерінің балаларын орыс оқуына беру туралы арнайы нұсқау да шығырылды. Жергілікті ақсүйектер бұл əрекеттен секем алып,  қарсылық білдірді. Кейде тіпті, патша үкіметінің мынадай жағдайларға дейін барғандығын белгілі орыс зерттеушісі, публицист, Шоқанның досы Н.М. Ядринцев өз шығармасында былай деп жазады: «Қырғыз даласындағы бұратаналар кейбір интернаттар мен мектептерге өз балаларын оқуға беруге мəжбүр болғандықтан, одан қорқып,  кедей балаларын сатып алып,  жіберіп отырған. Орыстандыру мəселесі ұлттардың өткір проблемасына айналды,  бұл саясатты дөрекі, ойластырмай күшпен қолдану арқылы жүргізу бұратаналар арасында керісінше қарсылық пен жиіркеніш тудырды», – дейді. Ядринцев орыс тілін зорлап оқыту саясатын сынай отырып, «бұратаналардың өз тілінде білім алуы,  ғылыммен танысуы білімді бұратаналарды орыс тілінен,  ұлтынан бездірмейді» –  деп сенді.
Үкіметтің арнайы шешімімен жергілікті əкімшіліктің рұқсатынсыз ауылдық мұсылман мектептері мен қалалық мектеп-интернаттарды ашуға қатаң тыйым салынды.  Мектеп ашуға бас-ты шарт –  ол мектептерде орыс тілінің оқылуы еді. Сондықтан,  қазақ мектептерінің көпшілігі жасырын жұмыс істеді.  Үкімет саясатының рухани саладағы тағы бір бағыты мұсылман дінін шектеу болатын.  Патша үкіметі діннің маңыздылығын ескере отырып жəне халық наразылығын туғызбау мақсатымен қазақ жерінің түгелдей Ресей империясының құрамына енуі аяқталғанша,  яғни,  ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін ислам дініне ілтипатпен қарады.  Қазақ даласына сенімді татар молдалары жіберілді, мешіттер салуға қамқорлық жасалып,  Меккеге қажылыққа баруға кедергі келтірілмеді.  Алайда,  ХІХ ғасырдың ақырғы ширегінде үкіметтің исламға көзқарасы өзгерді, бұл жалпы отаршылық саясаттың күшеюінің нəтижесіне байланысты туындады. Қасиетті (Святейший)  Синодтың рұқсатымен 1881 жылы Омбы қаласында «Киргизская противоисламская миссия» құрылды. Миссионерлік орыс-қазақ мектептері салынды. 1897 жылы қыркүйекте Архиерей тарапынан православие дінін мұсылмандар арасында тарату жолдарын қарастыру туралы арнайы нұсқау берілді. Патша бодандарының барлығы патшамен бір дінде болу қажеттігі идеясын үкімет те қолдады. 1902 жылы 22 наурызда арнайы «Ереже» бекітілді, онда мұсылмандарды христиан дініне біріктіру, оны біртіндеп, күштеусіз, айламен іске асыру көзделді жəне бұл жымысқы əрекет жаңа дінді қабылдау өз еріктерімен болып жатқандай сипатта жүзеге асырылуы тиіс болды.
Осылайша жергілікті жерде жаңа тəртіптің негізін нығайтып алып, қазақтарды жаңа дінге сендіру үшін христиан миссионерлері жіберілді, оларды ақ патша ұсынатын дін ғұрыптарын орындауға көндіру қажет деген нұсқау берілді. Отаршылық саясат жергілікті халықтың наразылығын тудырмай қоймады. Сондай қарсылық күрестің бір түрі – петициялар мен шағымдар жазып,  жоғарғы əкімшілікке,  императордың өзіне дейін талап-арыз айту еді.  Мұндай петицияларда рух еркіндігімен қатар,  жер-су мəселелері де өткір қозғалып отырды. Ғасырлар тоғысында шығыстық дəстүрдегі ағартушылық идеясы үлкен маңызға ие болды. Осыған байланысты халық арасында шығыс əдебиет үлгілері, араб жазуы, Ресейдегі түркі халықтары тағдырларының бірлік идеясы кең тарады.
Науан Хазірет ұлттық дəстүрлерді сақтау ісіне халықты топтастыру үшін қазақ даласының беделді, белгілі адамдарынан көмек сұрады.  Оның өзі жəне көмекшісі Шəймерден Қосшығұлов Абай Құнанбайұлына ұлттың мəдени тəуелсіздігі үшін күресті басқаруға ұсыныс жасады. Үкімет Науан Хазіреттің жəне оның көмекшісі Ш.Қосшығұловтың əрекеттерін заңға қайшы деп тауып, жауапқа тарту жолдарын қарастыра бастады.
1901  жылғы 20  мамыр күні ояз бастығы келіп,  Таласовтың қызметіне тыйым салынады деп, іс қағаздарын алып кеткен.  Көкшетау уезінің бірінші учаскесінің крестьян бастығы,  подполковник Троицкий 1903 жылғы 2  сəуірде Ақмола облысының əскери губернаторы атына жазған мəліметінде былай дейді: «2  сəуірде молла Таласовтың мешітінде тінту жүргізілді. Тінту кезінде цензура рұқсат етпеген 164 кітап пен қолжазбалар табылды. Оның біразы мектептікі, өзгесі оқушылардікі екені анықталды, ал, Таласовтың өзінен 108 кітап пен жазған хаттары,  қырғыз тіліндегі гектограф, баспа əріптерінің қалыптары табылды». Онан əрі Троицкий Шəймерден Қосшығұловтың столынан гектограф пен сиясорғыш,  Ботовскідегі С.Шормановқа, Зайсандағы Кенишовқа,  Семейдегі Құнанбаевқа почта арқылы хаттар жолдағандығы туралы адрестерімен бірге қолхат қағаздар табылғанын хабарлайды. Сонымен бірге, Троицкий 1903 жылдың 3 сəуірінде Ш.Қосшығұлов оның бұйрығымен тұтқынға алынып, түрмеге қамалғандығын да мəлімдеген.
Болған жай туралы Ақмола облысының əскери губернаторы дереу дала губернаторына телеграф соғып, Көкшетау оязының бастығына мынандай нұсқау берген: «Тез арада Көкшетаудағы мешіт жанынан заңсыз ашылған интернатты жауып,  ондағы оқушыларды таратып жіберу,  молла Таласовтың үстінен жансыз бақылау жасау қажет». Кейін генерал-губернатор Семей облысының əскери губернаторына Ш.Қосшығұловтың Шыңғыстау болысының тұрғыны Ибрагим Құнанбаевқа жазған екі хаты туралы тексеріс ұйымдастыруды тапсырды. Əскери губернатор генерал-майор Галкиннің тапсыруымен Семей уезінің бастығы Навродский істің мəн-жайын тексеріп анықтауға Абай ауылына өзі келген.  Архивте уезд бастығының мəліметі сақталған екен, онда ол былай деп жазған: «Қыстау мен кигіз үйді тексеру барысында Құнанбаевтың атына жазылған хаттар табылды.  Екі куəгердің көзінше А.Құнанбаевтың барлық қолжазбалары алынып,  ерекше папкаға салынып, Əскери губернаторға тапсырылды». Ояз бастығы «Құнанбаевтан Көкшетаудан хат-хабар алып тұрасыз ба?»  деп сұрағанда,  ол: «Осыдан екі күн бұрын Зеит Башировтың атына жазылған арнайы хат алдым» деп жауап берген.  Хатта белгісіз адам Құнанбаевтан құрметті қазақ ретінде үкімет орындарынан қазақ мұсылмандары үшін жеке муфтият ашып беруге жəрдемдесуді сұрағандығын айтқан. Одан хаттарды өзіне беруді талап еткенде, Құнанбаев ол хаттарды осыдан 2  күн бұрын өз баласы Тұрағұлға бергендігін айтқан. Ал, ол хаттарды Шыңғыс болысы Рызықпай Құдайбердиевке бергендігін,  хат тінту кезінде болыстың бешпетінің қалтасынан табылғандығын,  бұл хаттардың Құнанбаевтың басқадай хаттарына қосып тігілгенін хабарлайды.
Бұл оқиғада екі елеулі нəрсе байқалады: біріншісі, хаттардың Ш.Қосшығұловтың атынан жазылғанымен шын мəнісінде хат иесі,  авторы,  жазушысы Науан Хазірет екендігі.  Осындай тұжырымға осы жолдардың авторы хат мазмұнын талдау барысында келіп отыр. Архивте екі хаттың біреуінің ғана мəтіні сақталған,  онда автор бес уезд қазақтарының атынан Абайға арнаған үнде-уінде жалпықазақтық мəселелерді,  яғни,  ұлттық рухани тұтастық, дін еркіндігі,  тіл мен ұлттық мəдениетті қорғау мəселелерін көтереді. Екіншісі, бұл хаттың авторы немесе авторлары Абайды ұлттың рухани көсемі ретінде бағалап,  жəрдем тілеуінде.  Осы орайда, хаттың басында жазылған мына бір сөздер айтылған жайдың сипатын аша түседі: «Ассалаумағалəйкүм!  Биік мəртебелі,  аса құрметті, жұрт ардақтайтын Ибраһим мырза!»
Хат Абайды орыстандыру мен ислам дініне қайшы отаршыл саясатқа қарсы наразылық күресіне басшылық етуге шақырғанымен,  күш көрсетуге,  бағынбаушылыққа үндемейді,  күресті бейбіт жолмен жүргізуді ұсынады. Бұл жерде Абай тек өз қандастарының арасында ғана зор құрметке ие болып қоймағанын баса айта кетуіміз керек.  Абайды орыс əкімшілігі мен интеллигенциясы зор құрмет тұтып, сыйлағанын Семей губернаторының 1903 жылғы 30  қыркүйекте Дала губернаторына жазған хатынан байқауға болады. «Сіздің,  жоғары мəртебелім,  осы жылғы
1  қыркүйектегі №12  ұсынысыңызға байланысты баяндайтыным:  Шыңғыс болысының қырғызы Ибрагим Құнанбаев 60 жаста (шындығында 59  жаста-К.А.),  салыстырмалы түрде үлкен дəулетке ие – 1000-ға жуық жылқысы, 2 мың қойы бар.
Құнанбаев өте сауатты,  білімді адам,  ол екі рет үш жылдан би, үш рет үш жылдан Шыңғыс болысының билеушісі болды.  Сонан соң үкіметтің тағайындауымен 3 жыл Мұқыр болысының басшысы қызметін атқарды. Қызметте Құнанбаев өзін ақылды басшы ретінде көрсетті. Құнанбаевтың барлық балаларының орысша сауаты бар. Оның орыс əдебиетінен хабары мол, үнемі кітап, газет, журналдар жаздырып алып оқиды.  Кезінде бұратана халықтың арасында зор беделге ие болған көрінеді. Қазіргі кезде қартаюына байланысты партияаралық тартыстарға араласпайды, бірақ та, кеңес сұрап келетіндер əлі де көп…» Құжатта бас штабтың генерал-майоры Галкиннің қолы қойылған.
Осы құжаттың авторы – жоғары лауазымды шенеунік Семей облысының губернаторы өзінің адамгершілігімен жəне тазалығымен көзге түседі.  Керісінше,  Н.Таласовқа тексеру жүргізген Көкшетау оязының бастығы, подполковник Троицкий туралы ойымыз мүлде басқаша. Оның Ақмола губернаторының атына 1902 жылғы 3 сəуірде жазған хатында былай делінген: «Сот ведомстволары қазақтардың зиянды істеріне тосқауыл қоюдың орнына, керісінше, бүркемелеп отыр.  Айталық,  Көкшетау мировой судьясы стат- кеңесшісі Кудровецкийдің бейжайлығы осыны дəлелдейді. Қазіргі кезде оның сыбайластары: М.Сердалин (бақылауда), оның бұрынғы аудармашысы, Зеренді болысының тұрғыны Балқожа Құдайбергенов, заңгер Айдархан Тұрлыбаев, молла Таласов, оның көмекшісі Қосшығұловтар болыс пен қалаларды аралап,  насихат жұмыстарын жүргізуде». Басшылардан «əбден көңілі қалған»  Троицкий тіпті өзінің əріптесі,  Петропавл ояз бастығын «Қазақтардың діни мұқтаждықтарына көмек беруде», –  деп,  одан əрі қынжылыс білдіреді. Сөзінің соңында ояз бастығы мешіт ислам дінін насихаттаудың орталығы болып отырғанын, ал, мешіт жанындағы мектептің заңсыз екендігіне тоқталып,  бұлар қоғамдық ортаға өте қауіпті деген қорытынды жасайды.
Православие шіркеуінің басқа діндерден,  ағымдардан басымдылығын,  артықшылығын тілге тиек ете отырып,  Троицкий мұсылман дінінің қызметіне шектеулі түрде ғана заңға сəйкес рұқсат беру керек дейді. Мына бір ойлары оның бетпердесін толық ашып берсе керек: «Пора покончить с игрой на почве религиозной,  мусульманской.  Пора разобраться в этих вопросах,  пора наложить руку на центры,  изъять их деятелей в места нейтральные,  а население поставить должными разъяснениями на надлежащий путь».
Ояз бастығының ұсыныстарын толық мақұлдаған дала генерал-губернаторы Ішкі істер министрлігінің атына Қосшығұлов пен Таласовты Дала өлкесінен аластату жəне қазақтар арасындағы сенімсіздік тудыратын адамдарды үнемі қадағалау үшін 155  сом жіберуді өтініп, хат жолдайды.
Тиісті орындардың жауабы көп күттірген жоқ.  Ішкі істер министрлігінің 1903  жылғы 17 шілдедегі арнаулы мəжілісі молла Таласов пен қамауда отырған оның көмекшісі Қосшығұловқа «өкіметтің қаулыларына қазақтарды қарсы қоюшылар» деп баға берді.  Ішкі істер министрі қол қойған бұл қаулыда былай делінген: «Аталған екі адам Шығыс Сібірге жер аударылып,  Иркутск генерал-губернаторының қарамағына жіберілсін.  Қосшығұловқа – 5 жыл, Таласовқа – 3 жыл мерзім кесілсін. Шешім 1903 жылдың 12  маусымынан күшіне енсін».
Халық арасында кең танымал Науан Хазіреттің жер аударылуы қазақ арасындағы жағдайды одан əрі шиеленістірді,  елдің ашу-ызасын тудырды.  Нақақтан-нақақ жала жабылып,  итжеккенге кеткен Хазіретті босатып алу туралы ел арасында петицияға қол жинау қозғалысы басталды. Осы орайда,  Əлихан Бөкейханов былай деп жазды: «Егер үкімет саналы түрде қазақ халқын орыс оқу-ағартуынан қасақана бөліп тастап,  панисламизм құшағына құлата салғысы келсе,  есімі елге мəшһүр Науан Хазіретті қудалаудан артық ештеңе де ойлап таппас еді».  Аталмыш дін қайраткерлерінің пиғылында не орыс халқына, не христан дініне деген қарсы көзқарас болған жоқ. Алайда,  патша үкіметінің христиан дінін,  шіркеуді өздерінің отаршылдық саясатында кең пайдаланғанын атап өткен жөн.  Айталық,  ғасыр басында эсерлік саяси бағыт ұстаған священник В.Рюминскийдің «орыс шіркеуі Ұлы Петрдің өзгерістерінен кейін өзінің алғашқы парызы –  Христостың өсиетіне сəйкес діншілдердің қауымы атағынан мүлдем айырылып қалды.  Ол рухани полицияның министрлігі мен полиция чиновнигінің дініне айналды» дегені тектен тек емес.
Наурызбай Таласов пен Шəймерден Қосшығұловты азат ету туралы министрлікке дейін өтініш жазған қазақ қауымы өкілдерінің петицияларын дəлелдейтін куəліктер мұрағатта бар.  Осы қозғалысқа белсене ат салушының бірі – кезінде Əлихан Бөкейханұлымен Омбы техникалық училищесінде бірге оқыған Мəмбетəлі Сердалин болатын. Жер аударылған жерлес ағаларын қамаудан босатуды көздеген Мəмбетəлі мыңдаған адамдардың қолдарын қойдырып,  Петербург қаласына өзі аттанады.  Петербургте Мəмбетəлі арқылы бүкіл жайға толық қаныққан Əлихан барлық байланыстары мен таныстары арқылы министрліктің табалдырығын тоздырып, Науан Хазірет пен Шəймерден Қосшығұловтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына қол жеткізеді.
Айдаудан келген соң Науан Хазірет Көкшетау қаласындағы мешіттің имамы қызметін жалғастыра отырып, жастарға білім-тəрбие беру жұмысын да қайра қолға алады. Сол тұста Науан Хазіреттің бастауымен халық қаражатына жаңа мешіт тұрғызылады.  Бірақ та, ол кейін кеңес өкіметі орнағасын тəркіленіп, əртүрлі қажеттілікке пайдаланады да, 30 жылдары мұнда тарихи өлкетану мұражайы жайғастырылады. Тек, еліміз көптен аңсаған тəуелсіздікке қолы жетіп,  халық имандылыққа бет бұрғаннан кейін ғана ол ғимарат қайра ислам дініне беріледі.  Бүгінде ол – Науан Хазірет атындағы орталық мешіті.
Ал,  Науан Хазіретпен айдауда бірге болған оның шəкірті Шəймерден Қосшығұлов болса, сая-сатпен айналысуға кірісті. 1905-1907  жылдарда Ресейде тұңғыш демократиялық революция бел алды. Ол жеңіліспен аяқталғанымен,  Ресейдің қоғамдық-саяси өміріне елеулі өзгерістер əкелді. Соның бірі – Мемлекеттік Думаның шақырылуы еді. Оған депутат сайлауға басқа «бұратана» халықтармен қатар қазақтардың да қолы жетті. 1906-1907 жылдарда шақырылған Мемлекеттік  І-ші жəне ІІ-ші Думаға депутат болып бес дуан Ақмола облысынан Шəймерден Қосшығұловтың сайлануына Науан Хазірет те ықпал етті. Думада Ш.Қосшығұлов мұсылман фракциясының жұмысына белсене қатысумен қатар, қазақ тілінде тұңғыш газет шығаруды ұйымдастыруға кірісті. Газет «Серке» деген атпен 1907 жылы наурызда Петербургте жарық көрді. Оның редакторы көрнекті қоғам қайраткері, ақын Міржақып Дулатов болды.  Басылым қазақ халқының мүддесін қорғап,  көптеген əлеуметтік-саяси мəселелерді өткір қойып отырды. Осыған байланысты патша үкіметі қазақ тілінде шығатын газетті қауіп көріп,  жаптыртты.
ХХ ғасырдың басында қазақ елінде озық ойлы,  халқының болашағы үшін еңбек сіңірген,  ел мүддесін қорғаған зиялы қауым өкілдері қалыптасқаны белгілі.  Санының аздығына қарамастан, қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясы зор əлеуметтік,  қоғамдық-саяси мəні бар мəселелермен айналысты. Атап айтқанда, олар Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышпаев, М.Дулатов, М.Жұмабаев,  Ж.Досмұхаметов, Ж.Аймауытов сынды қайраткерлер.  Солардың қатарында біз сөз етіп отырған көкшетаулық Науан Хазірет,  Мəмбетəлі Сердалин,  Айдархан Тұрлыбаев,  Шəймерден Қосшығұлов та болды.
Отаршылдар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлады, сөйтіп, халықты тілінен, дінінен айыру бағытында қатыгездікпен ойластырылған шаралар жүйесін жүзеге асырды. Бұл жөнінде М.Дулатов 1907 жылы «Серке» газетінде басылған «Қазағым менің,  елім менің!» атты мақаласында былай деп ашына жазған еді: «…Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тəуелді халық… Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады. Халықтан жиналатын қаражаттың көп бөлігі халыққа тіпті де керек емес нəрселерге жұмсалады… Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан əдет-ғұрпымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мəселелеріне араласа бастады,  діни кітаптарды тұтқынға алды…»
Науан Хазірет есімімен байланысты тағы да бір жəйт,  оның ел ішінде əділдігімен де аты шыққан адам екендігі.  Ел арасында дау-дамай туа қалса оған қатысты адамдар Науан Хазіретке келіп жүгініп, əділдігін айтуды сұраған. Осындай жағдайдың бір көрінісін Ғабит Мүсірепов өзінің атышулы «Ақан сері –  Ақтоқты»  пьесасында келтірген.  Сонымен қатар,  шешендігі мен парасаттылығы,  ақылгөй даналығы Науан Хазіретті қалың бұқара арасында сый-құрметке бөледі. «Науан Хазірет айтып еді» деген қанатты, ұлағатты, діни өсиет насихатқа толы сөздер елден елге тарады.
Қадыржан Әбуев,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор,  Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері.

(Жалғасы бар).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар