Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Достыққа қылау түспейді - АРҚА АЖАРЫ

Достыққа қылау түспейді

Еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктерінің барлығы ең алдымен бірлігіміздің арқасында. Сол себепті, түсінген адамға 18 қазан күні атап өтілетін Рухани келісім күнінің мән-мағынасы зор. Облыс орталығындағы этно-мәдени бірлестік өкілдері де осы мерекенің маңыздылығы жайлы өздерінің пікірлерін білдірген еді.

Герихан ЯНДИЕВ, «Вайнах» облыстық шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің төрағасы:
–Ингуш халқында «Барт болча соц беркат» деген мақал бар. Оның қазақша мағынасы «Келісімсіз игілік жоқ» дегенді білдіреді. Қоғамда түсіністік, татулық болмаса, өркендеу жайлы әңгіме қозғаудың өзі бекер. Келісім бәрінен биік тұратынын бүгінгі заман дәлелдеп берді.
Несін жасырайын, қазіргі күні теледидардан берілетін жаңалықтардан шошитын болдық. Сирия, Украина мемлекеттеріндегі қақтығыстар жан түршігерлік жағдайларға бет бұра бастады. Содан қаншама отбасылар, жазықсыз балалар зардап шегуде десеңізші.   Құдай бетін аулақ қылсын, біздің еліміз мұндайдан аман. Мемлекетіміздің болашақта да тек осындай кейіпте болғанын қалаймын.  Тек, достығымызға ешқашан қылау түспесін деп тілеймін.  Бірлік бар жерде тірлік те болатынын дана қазақ халқы текке айтпаған ғой.
Осыны тереңнен түсіне білген біздің Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға Рухани келісім күнін арнайы мереке ретінде белгіледі. Бұл жүрек түпкіріне үңіліп, қоғамға қандай жақсылық жасай алғанымыз жайлы ойлантатын күн.  
Барша жерлестерімді шын жүректен мерекелерімен құттықтағым келеді. Аспанымыз әрдайым ашық, достығымыз болаттай берік, бірлігіміз бекем болғай.

 

 

 

Тожибуви МЕДЕТОВА, «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
–Рухани келісім ең алдымен, отбасынан басталуы керек деп ойлаймын. Өйткені, баланың келешекте қандай болып өсетіні, қоғамнан өзінің лайықты орнын таба білуі отбасында алған тәрбиеге тікелей байланысты.
Осы орайда, өзбек халқында отбасылық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған салт-дәстүрлерге тоқталып өтсем деймін.  
Ертеректе ауылда тұрғанымызда ақсақалдар, ағайын-туыс, дос-жарандар бәріміз жиналып, ортақ мәселелерді бірге талқылаушы едік. Ауыл тұрғындары бір-бірімен сөзге келіп қалса, үлкендердің ақылынан кейін реніштері тарқап, татуласатын. Халқымызға тән  жақсы дәстүр әлі күнге дейін сақталып келеді.
Сол сияқты, «Сүмәләк» деген салтымыз бойынша көрші-қолаңды дастарханға шақырып, өзіміз жасаған дәмнен ауыз тигіземіз. Осы салтқа сәйкес, келген қонақтар тамақ пісіп тұрған қазанға жақсы-жақсы  тілектерін,  ниеттерін айтады.  Осындай  ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан озық дәстүрлерімізді татулығымызды нығайту үшін пайдаланайықшы. Түрлі ұлттың өкілдері бір-бірінің жетістігіне қарап үлгі алса, жақсы қарым-қатынаста болса, рухани келісім дегеніміз осы ғой.

 

 

Назим Шихалиев, «Көкшетау қаласының әзербайжан ассоциациясы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы:     
–Адамдарды жақсылық жасауға, қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салып, татулыққа шақыратын, ізгілікке толы мерекелердің бірі – Рухани келісім күні. 1992 жылдан бастап 18 қазан елімізде атаулы күн ретінде атап өтіледі.
Қазақстан секілді көпұлтты мемлекетке халықтарды жақындастыра түсетін, татулығымызды нығайтатын осындай мерекелік даталар қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Жылдар мен ойлар» атты еңбегін оқып отырып, бірлік жайлы айтқан тағылымды сөздерінен ой түйдім. Президентіміз: «Тұрақтылық пен келісім жылма-жыл, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жүргізілуге тиісті күн сайынғы ауқымды жұмыс.  Ұлтаралық татулық пен келісім – қазақстандық ұлттық идеяның басты өзегі» деп атап көрсетеді.  
Бұдан шығатын қорытынды – біз келер ұрпаққа тарихымызды, халықтар достығын түсінікті тілмен ұғындырып, айтып отыруымыз қажет. Осындай мерекелерде ұйымшылдықпен шаралар өткізіп, оған жастарымызды да қатыстырсақ артықтық етпейді.   
Осынау мереке бірлігімізді нығайта түссін, әр отбасында ырыс-ынтымақ орнасын деп тілеймін.

 

 

Рузанна ДЕГОЯН, «Бари» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:  
–Қазақстандықтарды байланыс-тыратын негізгі фактор мемлекеттік тіл болса, достығымызды айшықтай түсетін мерекелеріміздің бірі – Рухани келісім күні.
Ол елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің өзара сыйластығының белгісі. Біздің өзге этностармен тату-тәтті тұруымыз үшін барлық жағдайлар жасалып келеді. Облыс орталығында сәулетті «Достық үйі» ғимараты салынғалы бері, осындағы этно-мәдени бірлестіктермен арамыз жақындай түсті. Кез-келген іс-шараны бірлесіп атқарамыз. Өзім өткізетін армян тілі сабақтарына да тек армян балалары ғана емес, орыс, татар, қазақ, украиндықтар секілді өзге ұлттың өкілдері де қатысады. Бұл түрлі ұлттардың бір-бірін сыйлағаны, салт-дәстүріне, тіліне құрметпен қарағаны деп білемін.  
Рухани келісіміміз қанат жайып, ынтымағымыз бекемделе берсін,  жұртымыз аман, Отанымыз тыныш болсын.   

Сауалнаманы жүргізген Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар