«Шұбаркөл көмір» мерейтойда рекорд жаңартпақ

 Шұбаркөл кен орнында көмір тұңғыш рет осыдан 30 жыл бұрын өндіріле бастаған. Геолог мамандар «қара алтынға» бай бұл кен орнын кездейсоқ ашқан болатын.

Ол кездері ондаған жылдар өте келе Шұбаркөл көмірінің даңқы шартарапқа, бүкіл дүние жүзіне таралады деп ешкім де ойламаған еді.  Айтулы мерейтойдың құрметіне «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның қызметкерлері жылына 10 миллион тоннадан астам көмір шығарып, жаңа рекорд орнатуға бел буды. Отандық өндірістің көш басындағы Еуразиялық топтың (ERG) құрамына кіретін Шұбаркөл көмір кенішінің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі, қызуы күшті көмір өндірісінің жетістіктері мен құпиялары жайында «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның Президенті, құрметті шахтер және «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері – Төлеген Ақбаев бөлісті.

 

Көмірді қазір ешкім күрекпен қазбайды
– Төлеген Ашықбайұлы, бұл салада қызмет етіп жүргеніңізге 40 жыл болды. Өткеніңіз бен бүгініңізді саралап, салыстырып, не өзгергені жөнінде айтып берсеңіз?
–Бұл аралықта кәсіпорынды техникалық қамтамасыз ету жағынан елеулі өзгерістер орын алды. Кеңестік экскаваторлармен де жұмыс істеген кездеріміз болды. Ал, бүгінгі таңда өз қызметімізде өндірісті айтарлықтай жақсартып, пайдалануда анағұрлым ыңғайлы әлемдік брендтің озық техникаларын қолданудамыз. Осы күні ешкім де көмірді күрекпен қазып алмайды. Бір сөзбен айтқанда, заманауи кәсіпорынға айналып отырмыз.
Әрине, бұл уақыт аралығында барынша сапалы шикізат өндіру бойынша бірқатар маңызды шаруаларды жүзеге асырып, теңдессіз көміріміздің сапалық сипаттамасын бұрынғыдан да жақсарта түстік. Сонымен қатар, елеу және отынның түрлі сұрыптарын алу үшін бірнеше құрылғыларды орнаттық. Тұңғыш рет Қазақстанда белсендірілген көмір өндіре бастадық. Онсыз өнеркәсіптік және тұрмыстық суағарларды тазарту мүмкін емес. Бұған дейін ол Ресей мен Қытайдан әкелініп тұрған.
Атмосфераға парниктік газдардың шығарылуын төмендетіп, газ поршенді қондырғылардағы электр қуатын өндіретін ілеспе кокстық газды пайдалану арқылы табысты арттырдық. Бұл ТМД аумағында теңдесі жоқ жоба. Бүгінде «Шұбаркөл көмір» Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де көмірді ашық тәсілмен өндіретін кәсіпорындар арасында көшбасшылық орынға ие.

Заманауи техника мен сенімді қызметкерлердің арқасында жаңа рекорд орнатуға әбден болады
– 10 миллион тонна көмір өндіру мүмкін бе?
– Иә. Он бір айдағы көмір өндірісінің көлемі 9 миллион 191 мың тоннаны құрады. Кенішті игеру жылдарында мүдделес, ниеттес адамдардан құралған еңбек ұжымы қалыптасты. Тұрақты түрде қарқынымызды арттыра түсуге техникалық жабдықтау жағы да зор мүмкіндік беріп отыр. Жоғарыда бұл жөнінде айтып кеткен болатынмын. Біздің кәсіпорын экскаваторлардың, автосамосвалдар мен «Hitachi», «Caterpillar», «Dressta», «Atlas Copco», «БелАЗ» сияқты әлемдік брендтердің техникаларынан тұратын заманауи паркпен жабдықталған.
– Көмір өндіру – бұл сіздер атқаратын жұмыстардың бір парасы ғана болар? Оларды тұтынушыларға жеткізу керек қой…
– Өзімізге қарасты теміржол және жүк тиеу жолдарын дамыту бойынша арнайы жоспарымыз әзірленген. Оның жүзеге асырылуын вагондарды өңдеу және көмір тиеу үдерістері қарқын алуда. Құрлықтың дәл орталығында орналасқандықтан, көп жағдайда көмірді теңіз порттарына дейін тасымалдау құнына тәуелді болып келеміз. Еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі бұл мәселелердің шешімі жеңілдеді.

Шұбаркөл көмірі Еуропа мен
Жапонияда да сұранысқа ие
– Бүгінгі таңда «Шұбаркөл көмір» қандай өнім шығарады және отандық нарықтан өзге қандай елдерде сұранысқа ие?
– Біз өнімнің тұтынушылық ерекшеліктеріне қарай, көмірді үш түрге бөліп  өндіреміз. Яғни, өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған көмір (ол күлділігі төмен және энергетикалық болып табылады), экспортқа шығарылатын көмір және коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталған көмір деп.
Күлділігі төмен шикізат көмір қыртыстарын іріктемелі өңдеудің нәтижесінде алынады. Оның күлділігі 4-8 па-йызды құрайды. Күлділік – көмір массасының бастапқы отын массасына қатынасы. Энергетикалық көмір электр станциялары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналып тиеледі. Оның күлділігі – 10-17 пайыз. Экспортқа шығару үшін 0-25 және 0-50 мм фракциялы күлділігі төмен көмір тиеледі. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған шикізаттың күлділігі 6 пайыз.
Сонымен қатар, Шұбаркөл көмірі  ферроқорыту, глинозем, алюмний, цемент, түсті металдар мен электр қуатының өндірісінде кеңінен пайдаланылады. Қазақстан бойынша біздің шикізатқа деген сұранысты толығымен қамтамасыз етудеміз. Егер болашақта Шұбаркөл көміріне деген сұраныс көлемі арта түсетін болса, сөзсіз, оны да қамтимыз.
Коммуналдық-тұрмыстық отынға біз ерекше ілтипатпен қараймыз. Себебі, бұл халыққа арналған көмір. Күздің кезінде вагондар жетіспегендіктен аздап қиындау болды. Бірақ, біз алдымызға қойған міндетімізді жүзеге асырып, тапсырманы абыроймен орындай алдық деп білемін.
Қазақстаннан басқа, шамамен шикізаттың 50 пайызы таяу және алыс шетелдерге жіберіледі. Биылғы жылы біздің көмірге деген сұраныс Өзбекстан мемлекетінде пайда болды. Ал, егер алыс шетел жайында айтар болсам, Шұбаркөл көмірі Финляндия, Ұлыбритания, Италия, Румыния, Германия, Польша, Дания, Сербия, Украина, Литва, Эстония, Венгрия, Болгария және Жапония елдеріне жеткізіледі.
– Бұл Қазақстаннан мыңдаған шақырым қашықтықта жатқан елдер ғой! Мұндай сұраныстың сыры неде, сапасында ма, әлде маркетингтің дұрыс жолға қойылуында ма?
–Кәсіпорын мұндай табысқа сапалы өнімнің де, маркетингтің де арқасында қол жеткізіп отыр. Біздің байлығымыз – жаратқанның өзі берген көмір. Бұл қазақтың дархан даласының баға жетпес қазынасы. Оның құнарлылығы жоғары, күлділігі төмен. Осы көрсеткіштерін негізге ала отырып, Шұбаркөл көмірін экологиялық таза қуат көзіне жатқызуға болады. Өндіріс көлемі күн санап өсе түсуде. Әрине, бұл орайда акционерлеріміз бен басқарушы компания Еуразиялық топтың (ERG) еңбектерін ауыз толтырып айтуға болады. Олар Шұбаркөл көмірінің ішкі нарықпен қатар, әлемдік нарықта да алға басуына барынша қолдау көрсетуде.  

Толағай табыстар қажырлы еңбекті талап етеді
–Кәсіпорынның толағай табыстарға қол жеткізіп, көмір өндірісі саласында көшбасшы атануының құпиясы неде?
– Өмір деген – үздіксіз күрес, жанталас емес пе?! Сол сияқты өндірісімізді, нарықтағы орнымызды сақтап қалу үшін көп жұмыс атқарып, үнемі алға жылжып отыр-уымыз қажет. Естеріңізде болар, сүтке түсіп кеткен бақа аман қалу үшін тынбай секіріп, тырбаңдауын бір сәтке де тоқтатқан емес. Нәтижесінде сүтті қаймаққа айналдырып, құмырадан шыға алды. Әрдайым қозғалыста болып, көп еңбек еткен жөн. «Шұбаркөл көмір» мен бұл кәсіпорынның басшылығына келгенге дейін ұлттық брендке айналып үлгерген еді. Бүгінгі таңда өздерінің көмірлерін «Шұбаркөл» деп немесе біздің көмірмен өздерінің сапасыз басқа көмірлерін араластырып сататын адамдар да, кәсіпорындар да баршылық. Біз олармен күресуге тырысудамыз.
– Кәсіпорынның дамуында басшының орны қандай деп ойлайсыз?
– Басшы – ол бағыт-бағдар беруші. Дегенмен, командалық жұмыстың да  маңыздылығы ерекше. Осы жылдары біртұтас механизм сияқты жұмыс жасауды үйрендік. Әркімнің өз мақсат-міндеті бар. Кез-келген қызметкердің дауыс беруге құқы бар. Егер қызметкер өз пікірінің дұрыстығын дәлелдей білсе, әрине, мен онымен келісемін.
Біз вахталық режимде жұмыс істейміз. Кәсіпорында Қарағанды облысының ғана емес, Қазақстанның басқа да аймақтарынан келіп жұмыс жасайтын қызметкерлер бар. Олардың тұрмысы мен демалысына арналған барлық жағдайлар қарастырылған. Жыл сайын вахталық поселкіде жаңа нысандардың құрылысы жүргізіледі. «Шұбаркөл көмір» АҚ Еуразиялық топтың құрамына кірген үш жылдың ішінде ғана вахтааралық демалысқа арналған бірнеше тұрғын үйлер, қазандық, наубайхана, монша-кір жуу кешендері, су құбырларының қосымша желісі, электр жабдықтарын сақтауға арналған жаңа айналым қоймасы, орталық материалдық қойма пайдалануға берілді. Вахталық поселкінің тұрғын коттедждерінің, әкімшілік-тұрмыстық кешені ғимараттарының, Қарағанды мен вахталық поселкідегі спортзалдардың күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Қазіргі уақытта Батыс учаскесінде 120 орындық екі қабатты жатақхананың құрылысы жүзеге асырылуда. Ұжымда қызметкерлермен қатар, олардың балаларына арналған бос уақытты тиімді ұйымдастыру бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Біздің қызметкерлердің басты айырмашылығы – бұл олардың күнделікті еңбектері. Кәсіпорын күн-түн демей жұмыс істейді. Сондықтан, әр қызмет біз үшін қымбат.

Еңбек әулеттері –
кәсіпорын тірегі
– Кадр тапшылығы мәселесі бар ма?
– Бар, бірақ оны шешуге әбден болады. Жас қызметкерлер жеткілікті, олардан білікті мамандар тәрбиелеуіміз керек. Бізде өз деңгейлері мен біліктіліктерін арттырғысы немесе мамандықтарын ауыстырғысы келетін жұмысшыларды оқытуға арналған арнайы бағдарламамыз бар. Оларды Астана, Алматы мен Санкт-Петербург қалаларына оқуға жібереміз. Сонымен қатар, өз қызметкерлеріміздің балаларын бізге қажетті мамандықтар бойынша өз қаражатымызға оқытамыз. «Шұбаркөл көмір» АҚ-да әулет болып жұмыс істейтін отбасылар бар. Кейінгі ұрпақ ата-әкелерінің жолын қуып, олардың еңбек жолдарын жалғастыруда. Осылайша еңбек әулеттері пайда болуда.
– Төлеген Ашықбайұлы, кәсіпорын ұжымы қандай көңіл-күймен жаңа 2016 жылға аяқ басып отыр?
– Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!» деген еді. Біздің алдымызда нақты міндеттер тұр. Еуразиялық топ сияқты «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның ұжымы да Елбасы қойған зор мақсаттарды орындауға дайын.
Алтын НЫҒМАНОВА,
тілші.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар