Облысымызда жылдың басында өңіріміздің салық төлеушілері үшін семинар өткізу игі дәстүрге айналған.
Осыған орай биылғы жылы да «Достар» мәдениет үйінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен салық, кеден заңнамаларындағы, азаматтық процессуалдық кодексіндегі, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексіндегі және басқа да заңнамалық актілердегі өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру аясында «Салық және кеден заңдарындағы өзгерістер туралы» тақырыбында семинар өткізілді. Аталмыш шараға Көкшетау қаласының үш жүзден астам салық төлеушісі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, үкіметтік емес бірлестіктер мен ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Семинардың басты мақсаты – үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген бірқатар заңнамалық құжаттарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды салық төлеушілер назарына жеткізу, салықтық және кедендік әкімшіліктендіру, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланыс-
ты өзгерістер мен басқа да жаңашылдықтар жөніндегі сұрақтарға жауап беру.
Департамент басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкенов өз сөзінде әлемдік экономикадағы дағдарыстарға қарамастан, бизнеске барынша қолдау көрсету мемлекетіміздің басым міндеттерінің бірі екендігін атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салық салу және кедендік әкімшіліктендіру мәселелері бойынша бірқатар заңдарға өзгерістер енгізді. Аталмыш өзгерістер бес институционалдық реформа бойынша Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды жүзеге асыруға, салық және кедендік әкімшіліктендіру жүйесін жетілдіруге, бизнес-процестерді оңтайландыруға, салық салынатын базаны кеңейту мен мемлекеттік қызмет көрсетулердің деңгейін арттыруға бағытталған. Ғимарат фойесінде салық төлеушілермен әңгімелесулер өткізіліп,
буклеттер мен жадынамалар ұсынылды.
Осы күні мемлекеттік кірістердің аумақтық аудандық басқармаларында «Ашық есік күні» өткізіліп, келушілер өздерін қызықтырған сұрақтарына толыққанды жауап алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.