Батыр ана

Жасы биыл 77-ге келсе де, жүріс-тұрысы ширақ, әрдайым жүзінен мейірлі күлкі табы кетпейтін Жамал әжемізбен бір жылдан бері құдай қосқан көршіміз. Бұрын өзен жағалауындағы жекеменшік жер үйде тұрған ол кісі де су тасқыны кезінде үйін су алып, мемлекеттік бағдарламамен жаңадан салынған көп қабатты үйден пәтер алған.

 

Қазақы мінезді қонақжай, кісіні жатырқамайтын ол кісімен де, вагон жөндеу зауытында еңбек ететін ұлымен де жақсы араласып кеттік. Баласы мен келіні, немерелері – бәрі де әжелерін өте қатты сыйлайтынын байқадым. Татулық пен береке ұйыған отбасында болған сайын көңілің өсіп, бір жасап қалғандай әсер аласың.
Өткен жазда оның үйі үлкен жиын-тойға айналды. Баспалдақта кездесіп қалғанда мұның жайын әжейдің өзі айтты. Сөйтсем, оның әр өңірде тұрып жатқан ұл-қыздары жиналып, бас қосқан екен. Сонда ғана мен көршімнің он бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана екендігін естіп білдім.
– Мен 1939 жылы Қорғалжын ауданында дүниеге келіппін. Бірақ, әкем жастай қайтыс болып, Бұланды ауданының қазіргі Острогорка селосында тұратын  ағасы Есімсейіттің қолына көшіп бардық. Жетімін жылатпаған, жесірін далаға тастамаған қазақы дәстүрмен анам әмеңгерлік жолмен қайын ағасына қосылды. Інім екеуміз сол кісінің тәрбиесінде болдық, –  дейді Жамал әжей алыста қалған балалық шағын есіне алып.  Жамал әженің әңгімесін тыңдап отырып, бүгінде кітаптан оқып, кинодан ғана көретін өткен ғасырдың басындағы ауыр кезеңді көзбен көргендей әсер аласың. Сондай қиын кезеңде өмір кешкен жандардың ауыртпалықтарға мойымай, Отан үшін, ел үшін жасаған жанкешті еңбектеріне қайран қаласың.
–Менде балалық шақ болған жоқ, – дейді Жамал әжей. – «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін барша жұрт уақытпен санаспай жұмыс істеді. Бастауыш сыныптық қана білім алдым. Одан кейін оқуға мүмкіндік болмады. Үлкендермен бірге таңсәріден қас қарайғанша жұмыс істедік.
«Қырсық қырық ағайынды» дегендей, көп ұзамай өгей әкесі де қайтыс болып, содан Жамал әжей інісі Аманжолмен сол кезде отау құрған ағалары Төлеубайдың үйіне барып тұрады. Оқудан қол үзген, ұжымшардың жұмысын істеп жүрген он алты жастағы қыз Қошқарбай деген сол ауылдың жігітіне тұрмысқа шығады. Сөйтіп, небары он алты жасында шаңырақ көтерген ол дүниеге он бала әкеліпті. Алланың рахымымен балаларының бәрі аман-есен ер жетеді.
Бүгінде Жамал әжей ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған бақытты ана, немерелеріне әже. Кеңес Одағы қирап, заман қиындап кеткен кезде ес білгелі тұрып келген Острогорка ауылынан Атбасар қаласына қоныс аударады. Осында тұратын вагон жөндеу зауытында істейтін үлкен ұлы қоярда-қоймай анасын қолына алыпты. Бүгінде Жамал әжейдің 11 немере, 6 шөбересі бар. Балалары Ақмола облысының әр өңірінде тұрып жатыр. Бәрі отбасылы. «Кейде мерекелерде жиналып бас қосқанда үйге сыймаймыз» – дейді әжей астарлы әзілмен мейірлене күліп.
Жамал әжей жас кезінде шаруашылықтың түрлі салаларында еңбек еткен. Бірақ, кейінірек бала тәрбиесімен болып, еңбектен қол үзіп кетіпті. Дегенмен, он баланы тәрбиелеп, жеткізу де үлкен еңбек қой. Оның бар бақыты да, байлығы да балалары.
– Мен бақыттымын, – дейді Жамал әжей. – Балаларымды жетілдіріп, немере, шөбере сүйдім. Олардың жамандығын көргенім жоқ. Бұдан артық бақыт бар ма?!
Биыл да 8 наурыз қарсаңында жақын маңайда тұратындар келіп құттықтаса, шалғайлау аудандарда тұратын балалары телефон соғып, ақ тілектерін білдіруде.

Өмірсерік ШАЙХИН.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар