Облыс әкімі Сергей Кулагин және Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер «Көктем-2016» республикалық штабының оқу-жаттығуына қатысты.
Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін өңірімізде жыл сайын ұйымдастырылатын маңызды шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 150 адам мен 50 арнайы техника, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің облыстағы бөлімшелері, Көкшетау техникалық институтынан 340 қызметкер және 80 арнайы техника жұмылдырылды.
Тактикалық жоспар бойынша ауа райының күрт жылынуына байланыс-ты еріген қар суы мен ағын судың көптігінен Шағалалы өзенінің деңгейі көтеріліп, бұл өз кезегінде сол маңдағы тұрғын үйлерді су басу қаупін туғызды. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдар мен облыстық ішкі істер және төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері қауіпті аймақтардағы тұрғындар мен малды қауіпсіз жерге шығарды. Оған қоса, «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының тікұшағымен науқастарды тасымалдау да ұйымдастырылды. Арнайы тактикалық жаттығу жұмыстары ойдағыдай өтіп, тиісті қызметтердің оған үлкен жауапкершілікпен келгендігі байқалды.
«Көктем-2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын көзбен көріп, іс жүзінде бақылаған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер акмолалық құтқарушылардың дайындығына оң бағасын берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.