Халқымыздың дәстүpлi қолөнеpi – өзінің көркемдік мән-мазмұнымен, бітім қасиетімен ғасырдан — ғасырға сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын асыл қазына. Ол эстетикалық тұрғыдан рухани мәдениетіміздің қалыптасуына өзіндік сеп болары анық. Бір әттеген-айы, қазақ қолөнер бұйымдары бұрынырақта алты қанат үйдің сәнін келтіріп тұрса, бүгінде тек мұражайлардың төрінен табылып жатқан жайы бар.
Осылайша ол өткен күннің еншісіне айналып барады. Заман ілгері жылжыған сайын тері иленбей, киіз басылмай, алаша, шекпен тоқылмай, күнделікті тұрмысымыздан сырт қалуда. Әжелерімізден күнделікті істеген жұмысын кітаптардан ғана оқуға болатын дәрежеге жеттік. Осы ретте, мен дәріс оқитын Көкшетау қаласының көркемсурет мектебіндегі оқушылардың ұлттық қолөнерге жүздерін бұруы көңіл сүйсінтеді. Кезінде халық өмірінің негізгі бөлшегіне айналған ою-өрнек түрлерін көпшілігіміз біле бермейміз. Сондықтан, жоғары сынып оқушыларына композиция пәнінен сабақ бере жүріп, көптеген ою түрлерін үйретемін. Көпшілігі оюды дипломдық жобаларының негізгі элементтері ретінде пайдалануда. Сан түрлі ұлт өкілдері білім алса да, өнер тілі бір демекші, оқушыларымның жасап жатқан жұмыс бағыттары ұқсас. Шығармашылық жұмысты орындау барысында байқағаным, оқушылардың көбі ұлттық нақышқа бет бұрып, майлы бояумен картина жазып жатқандары да бар.
Қыздар жағы сәндік-қолданбалы өнерді таңдап, түрлі-түсті, таңғажайып ою-өрнекке толы қазақтың ұлттық кілемдерін тоқуға ынталы. Әлбетте, өз қолымен кілем тоқып шығу оңай іс емес. Егер бұрын біздің апа-әжелеріміз киізді тек қана сәндік безендіру ғана емес, күнделікті өмірде қажетті зат ретінде қолдану үшін басқан болса, біздің міндетіміз – заманауи интерьерлерге лайықты тоқыма заттарын жасап шығару, әрі ұлттық мазмұнды да жоғалтпау. Шәкірттерімнің шығармалары қызықты әрі пайдалы болсын деген мақсатпен, әр оқушыға қазақ халқының қолөнері туралы көбірек мәлімет беріп, өзім біліп жасаған әдіс-тәсілдермен таныстырып отырамын. Оқу бөлмесінде бірі тоқыма өнерімен айналысып жатса, екіншісі киіз басып жатқанын көргенде ішім жылып, ұлттық қолөнердің маздаған оты сөнбесе екен деп тілеймін. Тек қана қазақ қыздары емес, орыс, поляк, ингуш ұлтының қыздары жүннен жайнатып ою-өрнек жайып жатқан көрініске көңіл қуанады. Барлығы да қазақ қолөнерімен танысып, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін өздерінің шығармаларында бейнелеуде.
Әлбетте, оқушыларға қойылатын өзіндік талаптар да қарастырылған. Шығармашылық жұмыс негізі, ізденістен басталса, әрі қарай ең қиыны, әрі ең қызығы картина жасау үдерісі басталады. Тақырып пен орындау әдісі таңдалғаннан кейін, эскизді сурет салу қажет. Қазіргі уақытта оқушылар гобелен, инелі кілем, ши тоқуды, жүннен киіз басу, былғары мен киізден панно, біз кесте, құрақ жасауда. Дипломдық жұмыстарды аяқтаған соң мамыр айының соңында жас шеберлер өздерінің туындыларын қаламыздың белгілі әрі беделді суретшілері мен өнертанушылардың алдында қорғайтын болады.
Иә, қол үзіп бара жатқан ата кәсіпке жанашырлық керектігі шын. Әйтпесе, ғасырлар бойы жинақтаған мәдениетімізден әп-сәтте айырылып қалуымыз мүмкін. Жасөспірімдерді ұлттық қолөнерге баулып, қыр-сырын үйреткенді өзімнің басты міндетім деп білемін. Бұдан білім мен өнерді ұштастырған өскелең ұрпақ жаман болмасы даусыз.
Данагүл РАҚЫМЖАНОВА,
балалар көркемсурет мектебінің мұғалімі.
Көкшетау қаласы.