Ғалым. Қайраткер. Ұлт мақтанышы.

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы Абай айтқандай, соңында өлмес ісі қалған айтулы тұлғаларымыздың бірі – Қаныш Имантайұлы Сәтпаев. Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, республикамыздың геология саласын қалыптастырып, дамытуға зор үлес қосқан, Жезқазған өңіріндегі кен орындарын ашып, іске қосуға өлшеусіз еңбек сіңірген айтулы тұлғаның бүгін туғанына 117 жыл толып отыр.

 

Бүгінде егеменді ел болып, әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған республикамыздың Қаныш ағамыз аңсаған биіктерден көрінуіне мүмкіндігі жетерлік. Ең алдымен, бізде асты мен үсті қазынаға толы жер байлығы бар. Менделеев таблицасына кіретін барлық элементтер Қазақстанның жер қойнауынан табылып, қазір еліміз оның игілігін көріп отыр. Мұндай жетістікке жетуге ғалым, геолог, қоғам қайраткері Қаныш Сәтпаевтың сіңірген еңбегінің зор екендігін айтпауға болмайды. Жалпы, Қаныш Имантайұлының өмір жолы түгелдей бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-ұлағат бола алады.
Екі жылдық ауыл мектебінде оқып, білім алған бала Қаныш 1911 жылы Павлодар қаласындағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Білімге зерек бозбала оқу орнын үздік бітіріп, онан әрі оқу үшін Семейге аттанады. Осындағы мұғалімдер даярлайтын семинарға түскен ол тәнін меңдеген туберкулез ауруына байланысты оқуын тастап туған ауылына оралуға мәжбүр болады. Ауылда жайлаудың таза ауасын жұтып, қымызбен емделген ол сырттай оқып, семинарияны бітіреді. Білімге құштар жастың ендігі арманы Томскінің технология институтына оқуға түсу еді. Дегенмен, сол тұста емі жоқ дерт саналатын туберкулез ауруы бұған мүмкіндік бермейді. Осылайша  ауылында қалып, мұғалім болады. Осы арада айта кетерлік бір жай, мұғалім болып жүрген жас Қаныш қазақ тіліндегі тұңғыш алгебра  оқулығын жазған.
Кейінірек ол ақыры дегеніне жетіп, Томск технология институтына оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын геология мамандығы бойынша бітірген жігіт Жезқазған өңірінде еңбек жолын бастайды. Оның болашағына үлкен әсерін тигізген осы өңірдегі геологиялық зерттеулері және көптеген кедергілер мен қиындықтарды жеңе отырып ашқан жаңалықтары, үлкен ғалым атанып, Қазақстан Ғылым академиясын басқаруы – бәрі Қаныш Сәтпаевтың бойындағы табиғат сыйлаған таланты, еңбексүйгіштік және табандылық қасиетінің арқасында келген
жеңістер еді.
Кен орындарын ашуда елеулі жаңалық болған терең бұрғылау және бақылау, зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізудің тиімділігін дәлелдеу үшін оның сол тұстағы КСРО мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Г.Кржижановскийдің қабылдауында болуы, өз ұсынысын дәлелдеп, өндіріске енгізуі жәй айтуға ғана жеңіл, ол тұста жүректілікті, табандылықты қажет ететін тәуекелді ісі еді. Қаныш Имантайұлының бойында табандылық та, өз көзқарасын батыл айтып, соны қорғай алатын ерік-жігер де мол болатын.
Қаныш Сәтпаевтың сан салалы еңбектері бүгінде зерттеушілерді таңдай қаққызып, таңдандыруда. Ол бір-біріне қатысы жоқ көп салалар бойынша зерттеулер жүргізіп, ғылыми еңбектер, мақалалар жазды. Геолог, ғалым Сәтпаев 1927 жылы қазақ театрында тұңғыш сахнада қойылған Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасына қатысты мақала жазып, қазақ театрының алдында тұрған маңызды үш міндет барлығын айтады. Ол міндеттерді таратып айтсақ: театр алдымен халық өмірінің айнасы болуы керек, ұлттық мінездің кемшіліктерін түзеу үшін күресуі тиіс және халық мәдениетін, дәстүрін сақтаушы болуы қажет. Оның бұл пікірі қазір де өзінің маңыздылығын жойған жоқ.
Бар саналы өмірін халық, ел игілігіне арнап, соңында өшпес із қалдырған айтулы тұлғамыздың дүниеге келгеніне  биыл 12 сәуірде 117 жыл толады екен. Көкшетауда Сәтпаев атындағы көше және оның ескерткіші бар. Ұлы тұлғамыздың туған күні қарсаңында Сәтпаев оқулары сияқты көпшілік шаралар өткізіліп, барлық оқу орындарында еліне өлшеусіз еңбек сіңірген заңғар перзентімізді еске түсіріп жатсақ, бұл оған көрсетілген лайықты құрмет болар еді.

Мейрамбек ҚИЫҚОВ,
еңбек ардагері, облыстық
 «Қазақ тілі және мәдениеті»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар