Білімдерін сынға салды

Көкшетаудағы №1 құрылыс-техникалық колледжінде жалпы білім беру пәндері бойынша екі күн бойы өткізілген облыстық олимпиаданың қорытындылары шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.

 

Облысымыздағы колледждер арасында қазақ және ағылшын тілдері, информатика, физика, тарих пәндері бойынша өткен білім додасына бірінші, екінші курстардан барлығы 180 оқушы қатысты. Қазылар алқасының мүшелері әсіресе, жастардың басым бөлігінің мемлекеттік тілді білу деңгейінің жоғары екендігін ерекше атап өтті. Сөйтіп, қазақ тілінде білім алатын оқушылар арасында тарих пәні бойынша жүлделі бірінші орынды №1 құрылыс-техникалық колледжінің шәкірті Марал Қамбарова, информатика, ағылшын, тарих пәндерінен Щучинск қаласындағы жоғары колледждің оқушылары Диана Айтжанова, Жұлдызай Махмұд, Қуаныш Жүкен иеленді. Білім көкжиегінде жоғары нәтижелер көрсетіп, олимпиадада биіктен көрінген Степногорск қаласындағы №2 индустриялды-техникалық колледжінің оқушысы Индира Бекежанова, Көкшетау жоғары колледжінің шәкірті Елизавета Емильянованың есімдерін де ерекше атап өткеніміз жөн.
Сондай-ақ, Көкшетау қаласы мен Бурабай, Зеренді аудандарынан бір топ қатысушыларға екінші, үшінші дәрежелі дипломдар табысталып, олар пәндерді меңгерудегі ерекше үлгерімдері үшін грамоталармен марапатталды.
Олимпиаданың салтанатты жабылу рәсіміне қатысқан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов колледждерде тәлім алып жүрген ұл-қыздардың спорттық, мәдени шараларда ғана емес, білім додаларында да белсенді болғаны аса маңызды екенін айта келе, өңірімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің тұрақты дамуына барлық жағдайлар жасалып отырғанын ауызға алды. Әсіресе, келер жылдан бастап жүзеге асқалы жатқан «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасына тоқталды.
Салтанатты шара соңында шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жеңімпаздар естелік суретке түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар