Ереймен жерінде дара бабамыз ұлықталды

2001 жылдан бастап облыс көлемінде біртуар баба рухына арналған ересектер арасындағы ашық чемпионат өткізіліп келеді. Биылғы XIV турнирдің өзіндік тарихи ерекшелігі бар. Өйткені, ол балуан бабамыздың туғанына 145 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Айтулы жарыс өткізілген қасиетті Ереймен өңірі дүбірлі дода қонақтарын құшақ жая қарсы алды.

 

Боз кілем үстіндегі қазақ күресінен ересектер арасындағы Ақмола облысының ашық чемпио-натына жиылған қауым мәдени-спорт кешенінің ойын залында сап түзеді. Салтанатты сайыс пердесін аудан әкімі Ермек Нұғыманов ыстық ықыласты лебізімен ашып берді. Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары сазды сәлемін арнады. Аталмыш чемпио-натта Көкшетау, Астана, Петропавл қалаларының, Ерейментау, Қорғалжын, Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Сандықтау, Целиноград аудандарының жампоз жігіттері, 109 спортшы 8 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасты. Оның ішінде 18 түйе балуан, 11 спорт шебері, 2 халықаралық дәрежедегі балуан жігіттердің белдесетіні
белгілі болды.
Күрес өте қызғылықты өтті. Кілем үстіндегі белдесулер қажыр мен қайраттың, ұлттық рухтың көрінісі еді. Екі күнге созылған жарыс барысында күрестің әдіс-тәсілін жетік меңгерген, тұла бойларында күш-қуаты шиыршық атқан
балуандар «күш атасын танымайды» дегендей бірінен-бірі асырып өнер
көрсетті.
Сөйтіп, 55 келі салмақ дәрежесінде Наурызбай Нұржауов (Астана), 60 келі салмақ дәрежесінде Нұртілеу Қасымхан (Бұланды), 66 келі салмақ дәрежесінде Темірхан Ғайып (Аршалы), 74 келі салмақ дәрежесінде Батырхан Қайырбек (СҚО),  82 келі салмақ дәрежесінде Алтынбек Аусағытов (СҚО), 90 келі салмақ дәрежесінде Леонид Станеев (Көкшетау) 100 келі салмақ дәрежесінде Бекбол Нұрланұлы (Ерейментау), 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Мереке Тұрашев (Көкшетау) бірінші орынға ие
болды.
Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов және ауданның құрметті азаматтары түйе балуан атанған көкшетаулық Мереке Тұрашевқа аудан әкімінен тағайындалған бас жүлде – 350 мың теңгені табыс етті. Бірінші орынға ие болған балуандардың бәріне ақшалай сыйлық берілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі атынан абсолюттік салмақ дәрежесіндегі Қазақстан Республикасының чемпионы Бекбол Нұрланұлына спорт шебері куәлігі ұсынылды. Аудан әкімі Ермек Нұғымановқа айтулы жарысты ұйымдастырғаны үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы
Надежда Патюткинаның Алғыс хаты табысталды. Ел алғысы өз алдына бір бөлек.
Ұлт мақтанышы Қажымұқан бабамыздың жолын қуып, ұлт рухын асқақтатып жүрген спортшыларға қандай мақтау айтсақ та артық емес. Жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлғаның жолы, бүгінгі өскелең ұрпаққа дарыса нұр үстіне нұр!

Гүлдана ҚАНАПИЯНОВА,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар