Табандылығын тынымсыздығы толықтыратын

Газеттегі өміріміздің біразы кешегі кеңес дәуірінде өткендіктен, сол кездегі мыңғыртып мал өсірген, жайқалтып егін баптаған шаруашылық басшыларының бәрін бірдей біле бермесек те, көбін танушы едік. Ауданға іссапарға шықсақ, кемі бір-екеуімен жүздеспей қайтпайтынбыз. Осы күні кейбіреулер «қызыл директорлар» деп оларға да мін таққыш. Ал, сол жандар кезінде ел үшін қыруар жұмыс тындырды. Кей директорлар ескі «Волгамен» жүріп, не оған да қолы жетпей, күні-түні шаруашылық деп жарғақ құлақтары жастыққа тимеді. Үлкендеу үй салса, оны да бұйыртпай, бала бақшаға алып қойған жағдайларды да білеміз.

 

Осыны айтқанда, бұрынғы Көкшетау ауданының үш бірдей шаруашылығын басқарғанда жеке мүддесі үшін басы артық көлікті де, үйді де керек қылмай, бар жан-тәнімен  еліне аянбай қызмет еткен Нұрболат Шәріповтай азаматтар неге еске түсті демеңіз. Мұндай қажырлы басшылар ол кезде де халқымызға керек еді, қазір де зәру  екенімізге дау бар ма?!.
Анда-санда бірде жұмыс бабы, бірде басқа жағдайлармен кездесіп жүргенімізде шарболаттай құйылған денесімен жүзі нұрға толып, әнтек жымиып қоятыны есімізде біржола қалып қойыпты. Мінезінің қаттылығы, бірақ, соның бәрі халықты қызу еңбекке жұмылдыруға, темірдей тәртіптің болуына бағытталғаны әлі күнге бірге қызмет атқарған әріптестерінің
аузында жүр. Өкінішке орай, өмірден ерте кетсе де, соңында қалдырған жақсылығы сонардағы айқын түскен әр қадымыңдай жер бетінде сайрап жатыр.
Сол кезде Нұрболаттай директорлар шаршап-шалдықпай, қазақтың енді ғана кеңшар орталығына айналған қос бірдей ауылын тура мағынасында осы атқа сай етсе, ол үлкен еңбек, әркімнің қолынан келе бермейтін, тіпті пешенесіне де бұйыра бермейтін ерен қабілет екенін  ешқайсымыз жоққа шығармаспыз.  
Сонымен, өмірден озғанына осы жылдың 27 наурызында тура он жыл толған Нұрболат Шәріпов кім еді? Ол Көкшетаудың іргесіндегі бүгінде саусақпен санарлық қана үй қалған  Бұлақ ауылының тумасы болатын. Өздеріңіз аңғарып отырғандай жай ғана емес, жарқын тумасы. Соғыс өрті бұл шаңырақты да айналып өтпей, әкесі Шәріп алғашқылардың бірі болып  1941 жылдың күзінде-ақ майданға аттанады. Онда қырқынан да шықпаған Нұрболат бесікте жатқан бала екен. Құшырланып бір иіскейді де кете барады. Сол нәрестенің аман-сау, ержетіп, ел бағына үлкен азаматқа айналғаны да Алла тағаланың бергені-ау. Қайран әке болса, сол кеткеннен оралмады. Бертін қолға тиген бар дерегі – соғыс аяқталуға таяп қалған 1944 жылдың 11 қыркүйегінде зұлым жаумен шайқаста ерлікпен қаза тауып, Чехословакияның Краков облысы Красненский ауданының Сулистова селосында жерленгені.
– Тағдырдың жазуы ғой, анамыз Мәзен жылап-сықтап жесір қалғанда небары 28 жаста екен. Содан он жастағы Абдуахит, бес жастағы Абсауатпен соғыстың бар ауыртпалығын көріп, үшеулеп кішкентай Нұрболатты аман өсіреді. Бір айтарлығы, қайтсем де осы үш балапанын жеткізем деген ана үмітін есейе келе олар да ақтап, атына кір келтірген жоқ, – дейді бізбен сөз арасында Ғайни апай.
Иә, Нұрболат ағамыздың сол еңбекті қалай ақтап, қалай ел танитын азаматқа айналғанын сүйген жары осы кісіден  артық кім білер?!. Жетімдікпен жетілген сол кезеңнің балаларындай Нұрекең де ауыл аймақтың бар қамкөңілдері жиналған Көкшетаудағы қазақ пансионында оқып, ерте есейткен өмірдің  ащы-тұщысымен ер жетті.  Бойында бар алғырлық, намыс пен талап оты сол кезде-ақ бой көрсеткен болуы керек. Өйткені, Нұрболат Шәріповтың одан арғы өмірін бір ауыз сөзбен елге, халыққа қызмет етудің жарқын үлгісі деп түйіндесек, соның бәрі бала кезіндегі алғы күнге деген түзу талпынысынан бастау алғаны анық.
Кез-келген ауыл баласы сияқты оны да өмір бастапқыда ел ішіндегі қарапайым жұмысшы мамандығының көрігіне салды. Механизаторлық, одан әскер қатарындағы міндеті, шопырлық кәсіптің ыстық-суығы, кейін техникум бітіріп, «Молодежный» кеңшарында веттехник, Целиноград ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып бітірген соң «Краснояр» кеңшарында тауарлы-сүт фермасының бригадирі болып істеуі бірте-бірте аудан басшылығы сеніп тапсырар алдағы жауапты жұмыс салаларына өз-өзін даярлай түсуі, әрі  іс-тәжірибе жинақтауы еді.
Бұл сәт те туып, 1976 жылы жаңадан құрылған Көкшетау ауданаралық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігіне бас зоотехник болып тағайындалды. Етті мал шаруашылығын дамытуға тың бағыт ұсталып, әрбір ауданда алды екеу, соңы бір-бірден осындай бірлестіктер құрылып жатқан кез. Мақсат – бүкіл аудан көлеміндегі өгізшелерді бір жерде бордақылап, әбден күйі келгенде жоғары қоңдылықпен етке тапсырып отыру. Содан Ортақ ауылының фермасы да қара малға лық толсын. Қысы-жазы олардың күтімі, жа-йылымы, дұрыс салмақ қосуы зоотехникалық-мал дәрігерлік қызметтің мойнында. Бес жыл тапжылмай осы жұмыста іскерлік қабілетін көрсете білген бас маманға жаңа таңдау да бекерден-бекер түсер ме?!  
Енді Нұрболат Шәріпұлы осы ауданда құрылған осындай екінші кеңшар – Сарыөзек ауданаралық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің директоры. Көз көрген таныс  жұмыс. Бірақ, бұдан былай бір саланың емес, бүтін бір шаруашылықтың бар жауапкершілігі бір өзінде. Сол сенім, сол толассыз ой бірінен соң бірі кезек күткен сан шаруаға бойлата берген, бойлата берген. Бұрын бөлімше ғана болған ауылдың жағдайы бесенеден белгілі. Сол елді көтеруді енді бұған жазыпты. Тынымсыз күндерін, ұйқысыз түндерін арнай жүріп, көтерді де. Ауылға қосылған қос бірдей көше, қаншама мал қоралары, өзге құрылыстар осы елге жан жылуын берген Нұрболат еңбегінің жемісі еді.
Көктемгі егіс, егін орағы кездерінде өзін-өзі босаңсытпайтын  әдетімен түнде даланы аралауға шықса, кейде қасына Ғайниын салып алатын. Онысы күні бойы шаруашылықтың қат-қабат жұмысымен қалжырап жүргендіктен, алқаптың шетінде көзі ілініп кетсе, ерте өтетін лездемеге қалып қоймауы үшін Ғайни оятып жібере ме деген ой.
Тағдыр сөйткен Нұрекеңе өзі алғашқы қызметінде  жақсы із қалдырған Ортақ ауылына қайта оралып,  Ақан еліндегідей бес жыл  осы Көкшетау РСХО-сын басқару жауапкершілігін де жазыпты. Шаруашылықтың алғашқы директоры Дәрібай Ыбыраевтың тұсында мұнда негізінен, мал қоралары мен тұрғын үй құрылысы баса назарда ұсталған еді. Өзіне сыралғы жаңа жерде Нұрболат ағамыз енді сол құрылыс ісін мал шаруашылығы және егіншілік саласымен бірге  бірінші кезекке қойып, ауылды әрі қарай көркейтуді қолға алсын. Мұнда да жаңа көшелер, астық қоймалары, ЗАВ-40 механикаландырылған қырманы, мұнай базасы, таразы шаруашылығы, орталық кеңсе, тағысын тағылар бірінен соң бірі бой түзеген. Қысылып-қымтырылып бір үйде отырған талай отбасы шаруашылыққа толассыз түсіп жатқан құрылыс материалдарынан  өздеріне өз күштерімен үй салып алу сияқты жақсы бастамаға көшіп,  ауыл іші бір жаңарып еді-ау. Әр үйге жылу құбыры тартылып, жаңа қазандық та салынып қойған. Заманның қиындығы килікпегенде, ол да болар еді. Бірақ, осы Нұрекеңнің көшелерге төсеп үлгерген сапалы асфальтының өзі-ақ міне, жиырма бес жыл бойы әлі сыны кетпей, жа-уын-шашындарда аяулы есімін ризашылықпен жиі-жиі еске алғызатынын айтпау тіпті мүмкін емес. Сол тұста шаруашылықтың екінші бөлімшесі саналатын Қызылтаң мен Ортақ ауылдарында он мың басқа жеткен табын-
табын малды да бүгінде қай жерден табарсыз.
Өзіндегі екі айтқызбайтын құлшынысты өзгелерден де көргісі келіп тұратын ағамыздың кейде төбеден түскендей қойып қалатын қызық мінездері де ұмытылмаған. Бірде күнделікті лездемеде жұлдызшының болжауымен алдағы ауа райын аңғартпақ болған қол астындағы мамандарының біріне «жұлдызшылар айта береді. Давай, жұмыс істеуіміз керек» деп бір-ақ кессе керек.
Сол «жұмыс істеу» Нұрболат Шәріповтай азаматтың өмірлік басты ұстанымы болғаны айдан анық. Өзі тізе қосып, бірге қызмет атқарған Чапай Әбутәліпов, Рүстем Шериязданов,
Иосиф Егоров, Николай Кулешов сияқты жоғары жақтағы басшылар да іскерлік қасиетін әрқашан жоғары бағалап отырды. Айталық, Чапай ағамыздың облыс атынан Сібірге құрылыс саласына ағаш дайындау мәселесімен барғанында шаруашылық басшыларынан сенім артып, жанына  осы Нұрболатты алғаны да (суретте) тегін болмаса керек.
Кейін де Нұрекең жаңа басшылық қызметтерде уақыттың өзіне артқан  сан жүгін қайыспай көтерді. «Жидек» агрофирмасында вице-президент болып жүргенінде Моңғолиядан ата жұртқа қандастарымызды көшіріп әкеліп орнықтыруға көп еңбек сіңірсе, «Симферополь» кеңшарын басқарған кезінде құлазып тұрған ескі  мәдениет үйін ине-жіптен жаңа шыққандай етіп жөндеп беруімен, Наурыз мейрамын да кеңінен тойлап, көп қошеметіне бөленуімен ел алғысын арқалады. Басшы ретінде Қарағай астық қабылдау пунктінде де өзіндік із қалдырған абзал жан одан бері де  алмағайып заманның бір бел-белесінен өз ет тірлігін талай білдірер ме еді, қайтер еді. Бірақ, олай болмады,  «ел, шаруашылық» деп соққан жүрегі сыр беріп, отадан кейін көп ұзамай  өмірден озып кете барды. Алайда, жақсының аты өшкен бе?!. Нұрболат Шәріповпен де солай. Қалың көпшілікке үлгі тұтуға боларлық мәнді ғұмырын сүйген жары Ғайни апайы-мыз, балалары мен немерелері лайықты жалғастырып келеді. Үнемі табандылығы тынымсыздығымен ұштасқан осындай бір іскер басшының өз ауылдары үшін көп жұмыс атқарып кеткенін  бүгінде ел айтады. Өзі қызмет істеген жерлерде ырымдап, есімін Нұрболат деп қойған балалар да бар. Олар да қазір
білдей азамат.
Иә, ел айтса, ел ескерсе, Нұрболат ағамызды да бұл дүниеде жоқ деуге болмас. Өзін осы күні көрмегенімізбен, біздің ұғымымызда,  сол баяғыдай тірілер қатарында, арамызда!..

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар