Спид – ажал хабаршысы

Облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясында ХХІ ғасырдың індетіне айналған адамның иммундық тапшылығы вирусы мен жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромының адам өміріне қаупі мен оны жұқтыру жолдары туралы «СПИД – ажалдың хабаршысы» атты дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық СПИД-пен күрес орталығының мамандары, облыстық наркологиялық оңалту орталығының дәрігері мен жазылмас дертке шалдыққан науқас қатысты.

Тілші:
– Армысыз, бүгінгі қоғамда салауатты өмір салтын ұстауға шақырып жүрген ақ халатты абзал жандар. Әңгімені осы аурулардың қайдан келгенін, қандай дерт екенін тарқатудан бастасақ.
Айсұлу Асқар, облыстық спид-пен күрес орталығының дәрігер-эпидемиологы:
– Адамның иммундық тапшылығы вирусы – адам ағзасын ауруға қарсы күресуге дәрменсіз етіп, әлсіретіп, нәтижесінде өлімге соқтыратын қатерлі вирус. Ол ең алғаш 1981 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұратын қызтекенің ағзасынан табылған екен. Ол кезде бұл аурумен тек қызтекелер мен жезөкшелер ғана ауырады, басқа адамға жұқпайды деген түсінік болған. Ал, біздің елімізде алғаш рет 1987 жылы СПИД вирусы африкалық студенттің бойынан табылған.  Сөйтіп, небары 10 жылдың ішінде бұл қатерлі дерт еліміздің әр облысына таралып үлгерді. Аурудың тез таралуына нашақорлар үлкен үлес қосты.  Вирус 1996 жылға дейін көбіне инъекциялық жолмен таралып келсе, кейінгі уақытта жыныстық қатынас арқылы таралу да кең белең алып бара жатыр. Соңғы мәліметке сүйенсек, республика бойынша вирус жұқтырған адам саны 26690 болса, олардың  22427-сі Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады. Қалған 1705 адам шетел азаматтары. Ал, облыс бойынша СПИД жұқпасын жұқтырған  адам саны – 559 болып тұр.
СПИД-тің үш таралу жолы бар. Біріншісі қорғанусыз жыныс қатынасына түсу, екінші қан арқылы инъекциялық құралдарды қолдану кезінде, үшінші жолы СПИД жұқпасын жұқтырған анадан балаға жүктілік кезінде, босанған кезде және ана сүті арқылы жұғады. Қазіргі уақытта жыныстық қатынас арқылы вирустың таралуы басым болып тұр. Ол облыс бойынша осы жұқпаны жұқтырғандардың 76 пайызын құрайды. 15 пайызы инъекциялық жолмен жұқтырса, қалған 9 пайызы анадан балаға берілу арқылы таралғандар. Тағы бір айта кететін жәйт, бұлардың басым көпшілігі ер адамдар. Мысалы, біздің орталықта тіркеуде тұрған адамдардың саны 404 болса, солардың 246-сы ерлер, 158 әйел және 7 бала бар.
Тілші:
– Жеті балаға ауру аналарынан жұққан ба? Осы дертке шалдыққан адамның дүниеге сау ұрпақ әкелу мүмкіндігі бар ма?
Айсұлу Асқар:
– Иә, үш бала СПИД жұқпасын жұқтырған аналардан туған. Ал, қалған төртеуінің ауру жұқтырғаны әлі нақты белгілі емес. Олар бүгінгі күні дәрігерлердің тексерілуінде.
Дүниеге сау бала әкелуге болады. Бірақ, ол үшін аналар біздің орталықта антиретровирустық терапияны қабылдап, дәрігерлердің көмегіне жүгініп, үнемі бақылауда болуы керек.  
Тілші:
– Ал, өзінің ауру екенін біле тұра, дәрігердің көмегіне жүгінбей жүргендер бар ма?
Айсұлу Асқар:
– Бізде тіркеуде тұрған 404 адамның 154-і ғана антиретровирустық терапия қабылдайды. Қалғаны мүлде келмейді. Алда-жалда олар балалы болса, бұл балалары ауру болып туады деген сөз. Сондықтан, дені сау ұрпақ әкелу үшін олар осы препараттарды қабылдаулары керек.
Нұрлыбек Қонысбаев, социолог:
– Антиретровирустық препараттарды қабылдап жүрген адамның өзі  100 пайыз дені сау ұрпақ әкеледі деп айтуға болмайды. Бұл препараттар ауруды бәсеңдетіп, оның асқынуын тежеуі мүмкін. Бірақ, толық емдей алмайды.
Айсұлу Асқар:
– Кейде СПИД жұқпасын жұқтырған аналардан сау ұрпақ туып жатады. Қандай жағдай болмасын, ондай аналардан туған балалар үнемі дәрігерлердің назарында тұрады.
Нұрлыбек Қонысбаев:
– Бұл өте өміршең және бейімделгіш вирус. Жоғарыда айттық, оның үш таралу жолы бар деп. Соның жыныстық қатынас арқылы таралуын мысалға алайық. Бір адам жақын таныстығы жоқ адаммен жыныстық қатынасқа түсті дейік. Ол ертеңіне біздің пункттердің бірінде тексерілсе, оның ағзасында вирустың бар екенін анықтай алмауымыз мүмкін. Себебі, адам ағзасында ұзақ уақыт бойы СПИД-ке антидене табылмайды. Бұл 3 аптадан 6 айға дейін созылады. Сол үшін бір рет тексерілгенде табылмаған вирусты 3 айдан соң қайта тексерту керек. Бұл аралықты «сұр терезе» кезеңі немесе «серологиялық терезе» деп атайды.
Тілші:
– Біз қазір қазақ тілінде осы ауруға байланысты терминдерді АИТВ (ВИЧ) пен ЖИТС (СПИД) деп алып жүрміз. Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?
Нұрлыбек Қонысбаев:
– АИТВ – бұл адамның иммунитет тапшылығының вирусы. АИТВ-мен өмір сүретіндерді  АИТВ жұқпасын жұқтырған деп атайды. Ал, ЖИТС – жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы. АИТВ жұқпасын жұқтырған адамда бір немесе бірнеше басқа сырқаттар айқындалған жағдайда және иммундық клеткалар белгілі деңгейге дейін төмендегенде ЖИТС диагнозы қойылады. Яғни, осы вирусты жұқтырған адамның иммунитеті әбден әлсіреп, оған басқа да бір аурулар қосылып, сол аурулармен күресе алмайтын дәрежеге жеткенде ЖИТС диагнозы қойылады. Бұл – аурудың соңғы сатысы. Бұндай адамның өмір жасын ұзартуға, өлімнен аман алып қалуға қазіргі медицинаның қауқары жоқ.
Тілші:
– Сырқат адам нашақор болса, оның есірткі еккен инесінде вирус қанша уақыт сақталады?
Нұрлыбек Қонысбаев:  
– АИТВ ашық ауада өмір сүруге қабілетсіз. Бірақ, қолайлы ортада, үйде, жабық ылғалды жерде қолданылған инедегі қанда немесе басқа сұйықтықта вирус үш күн өмір сүре алады.
Тілші:
– Осы вирусты жұқтырған адам қанша жыл өмір сүреді?
Айсұлу Асқар:
– Егер АИТВ жұқтырған адам қан тапсырмай, яғни, тексерілмей жүре берсе, онда 7-10 жылдай өмір сүреді. Ал, вирус бар екені анықталып, ем-дом қабылдаса, 15-20 жылға дейін өмірін ұзартуға болады.  
Ғалия Мұхамедиярова, облыстық наркологиялық оңалту орталығының диспансерлік бөлім меңгерушісі, психолог, жоғары санатты дәрігер:
– Менің тәжірибемде мынадай жағдай болған. Ішкілікке салынған бір ер адам біздің мекемеде тіркеуде тұрды. Оның АИТВ жұқпасын жұқтырғаны белгілі болды. Ол өзінің ауру болып қалғаны үшін бүкіл әйел заты кінәлі деген көзқараста өмір сүрді. Бірақ, біздің онымен жасаған жұмыстың жемісі ме, бір жылдан соң ішуін қойды. Өз таңдауын жасап, жалғыз әйелмен азаматтық некеде тұрып жатты. Арада үш жыл өткен соң кенеттен кәдімгі тұмаумен ауырып бір ай ішінде қайтыс болды. Бұл оның иммунитетінің тым нашарлап кеткенінің кесірінен болған еді. Қарапайым адамдар жеңіл көтеретін аурулармен мұндай адамдар күресуге дәрменсіз.  
Тілші:
– Сіздерде тіркеуде тұрған қанша адам бар?
Ғалия Мұхамедиярова:
– Көкшетау қаласы бойынша 4 адам тіркеуде тұр. Бірақ, олар анализін бізге тапсырмайды.  ЖИТС-пен күрес орталығына тапсырады. Олардың бәрі де есірткі қабылдайтын адамдар. Жалпы, біздің наркологиялық оңалту орталығында тізімде тұрған адамдардың көбі есірткіні инъекциялық жолмен қабылдайтындар. Сондықтан, олардың АИТВ жұқтыру қаупі жоғары. Барлығы бір инені қолданады ғой.
 Тілші:
– Инені спиртпен тазалап, қолдануға болмай ма? Ондай жағдайда вирус жұқпайтын шығар?
Айсұлу Асқар:
– Шприцтерді тазаласа, ауру жұқтырмайды. Бұлар соны тазалауға ерінеді. Бірақ, біздің облыста осындай адамдар үшін арнайы 4 пункт бар. Ол жерде есірткі қолданушылар ескі инелерді әкеліп тапсырып, жаңа стирильді шприцтерді алып кетеді. Бұл қызмет сонымен қатар, жезөкшелерге де көрсетіледі. Олар да тегін өздеріне керегінше мүшеқап ала алады. Ол пункттердің екеуі Көкшетауда, біреуі Щучинск қаласында, енді біреуі Степногорскіде. Бірақ, олардың көбі бізге келуге қорқады. Сенбейді. Соған орай, олармен арнайы жұмыс жасап, шприцтерді апарып беретін
мамандар бар.
Тілші:
– Сөйтіп, сіздер оларға керек-жарағын беріп тұрасыздар. Ал, олардың кім екенін, қайда тұратынын тіркейсіздер ме?
Айсұлу Асқар:
– Жоқ, олардан жеке куәліктерін сұрап, кім екенін анықтап жатпаймыз. Арнайы кодтары болады. Соны айтып, шприцтерін алып кетеді. Жұмысымыз жариялы түрде емес, жабық түрде өтеді. Бұл оларға арналған стратегиялық жоба. Оларды бәрібір ешкім тоқтата алмайды. Ерік-жігерінен айырылған жандар. Аурудың алдын алу үшін қолданылып жатқан тәсіл деп ұғыңыз мұны. Сосын бізде жылжымалы сенім пункті бар. Біз тәнін саудалайтын жандармен келісіп, олар белгілеген уақытта, тиісті жеріне барып, жеделтест аламыз, шприцтер мен мүшеқаптар таратамыз. Аурудың алдын алу жолдары туралы дәріс береміз. Одан бөлек бізде достық кабинеті бар. Ол жерге кез-келген адам келіп, тегін тексеріле алады.
Тілші:
– Ал, аурудың алдын алу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр?
Нұрлыбек Қонысбаев:
–  АИТВ жұқпасын жұқтырған адам ешқашан толықтай сауығып кете алмайды. Қанша қорқынышты болса да, шындығы – бұл аурудың соңы адам өлімімен аяқталады. Антиретровирустық препараттар қабылдаса сәл ұзағырақ өмір сүреді, ал, қабылдамаса ғұмыры келте болады. Сондықтан, ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде деп, біз әркім осы кеселге шалдықпай, өз өмірін сақтауы үшін күресеміз. Біздің орталықта осы бағытта жұмыс істейтін арнайы бөлім бар. Ол бөлімнің жұмысы екі бағытта жүргізіледі. Бірінші бағыт жастармен жұмыс. Екіншісі, ересек адамдармен жұмыс жүргізу. Әр оқу орнына жоспарлы түрде барып, студенттермен, оқушылармен кездесеміз. Ал, ересектерге олардың жұмыс уақытына кедергі жасамайтындай уақыт таңдап, дәріс оқимыз. Жалпы, біздің жұмысымыз тек дәріс оқумен шектелмейді. Сонымен қатар, дөңгелек үстелдер, флешмобтар мен акциялар ұйымдастырамыз.  Әйел консультациялары мен Неке сарайларында, әскери комиссариатта да тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырамыз. Бірақ, біздің жұмысымызға кедергі келтіретін жай  – адамдардың өздерін ешқашан ауырмайтындай, бұл дертке шалдықпайтындай сезінетіндігі. Тіпті, бұл вирус
республикамызда алғаш тіркелген кезде, ол тек тәнін саудалайтын қыздар мен нашақорлардың ғана ауруы сияқты қабылданды. Ал, қазір онымен бай да, кедей де, кәрі де, жас та ауырып жатыр. Бірақ, біздің қоғамның көзқарасы әлі өзгерген жоқ.  Бізге мұны айтудың керегі жоқ, бұл бізге қатысты емес
дейтіндер көп.
Ғалия Мұхамедиярова:
–  Көп адам әлі түсінбейді, вирустың адам ағзасына енуі оп-оңай. Әсіресе, медбикелер, хиругтар қауіпті аймақта жұмыс істейді. Кез-келген ашық жарақат арқылы ауруды жұқтырып алуға болады. Манекюр мен құлақ тесу,  пирсинг пен тату жасағанда да жұқтыруға болады.
Нұрлыбек Қонысбаев:
– Қазіргі уақытта АИТВ және ЖИТС-пен күрестің екі атаулы даталары бар. Бірінші желтоқсан АИТВ және ЖИТС-пен халықаралық күрес күні болса, мамыр айының үшінші жексенбісі – ЖИТС-тен, яғни, СПИД-тен қайтыс болған адамдарды еске алатын күн болып белгіленген.  
P.S. Біз осы дөңгелек үстелден кейін Көкшетау қаласындағы АИТВ жұқпасын жұқтырған адаммен жеке сұхбаттасқан едік.
– Сіз бұл ауруды қалай жұқтырдыңыз?
– Мен құлақ тесуге, пирсинг жасауға құмар едім. Ине арқылы жұқтырып алдым.
– Ауырғаныңызды білгеннен кейін өміріңізде не өзгерді? Өмірге деген көзқарасыңыз өзгерді ме?
–  Әрине, көп нәрсе өзгерді. Қазір мен өмір сүріп жатырмын. Бірақ, ол баяғы өмір емес. Қазір әр ісімді, әр қадамымды ойланып жасаймын. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Менің ғұмырымның мөлшері де соған байланысты.
– Өкінішіңіз туралы айтып берсеңіз.
– Сүрінбейтін жерден сүрініп, опық жеп қалғаныма өкінемін. Ойланбай жүріп от басқаным өкінтеді. Неге ертерек салауатты өмір салтын ұстанбадым екен, неге осындай өз денсаулығыма кесірі тиетін әрекеттерге бардым деп қапаланамын.
– Осындай дертке шалдыққан достарыңыз бар ма?
– Иә, баршылық.
– Сіз дүниеге сау бала әкеле аласыз ба?
– Сау бала әкеле аламын. Қазір ондай мүмкіндіктер бар. Арнайы ем-дом қабылдау арқылы ұрпағымның осы дерттен ада болатынына сенемін.
– Маңайыңыздағы адамдар сіз туралы біле ме?
– Тек жақындарым ғана біледі.
– Жастарға айтар ақыл, тілегіңіз бар ма?
– Белгілі бір шешімге бару үшін алдымен ойланып алыңыздар. Алға қадам басу оңай, ал, кері қайту мүмкін емес. Опық жеп, өкініп қалу аяқ астында. Және қандай ауыртпалық болса да,  қандай дертке шалдықса да, қандай қиын жағдайға тап болса да жақындарыңызды тастамаңыздар. Көмек көрсетіп, жанынан табылыңыздар. Әсіресе, ата-аналарыңызды қадірлей біліңіздер.  

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар