Тастытау – құтты жер

Тастытау тауының баурайында қоныс тепкен Каменка селолық округында он үш ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Солардың бірі – «Каменка и Д» серіктестігі егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын дамытуды да қолға алуда.

Бұдан он жеті жыл бұрын «Каменка» серіктестігінің халі өте мүшкіл болды. Шаруашылық ішкі және сыртқы қарыздарымен есептесе алмай, бар мүлікті кепілдікке қойыпты. Осы жылы ауыл шаруашылығы құрылымы «Каменка и Д» серіктестігі болып қайтадан құрылады. Оның басшысы Алексей Джейранов инвестиция тартып, шаруашылықтың барлық қарызын өтейді. Еңбеккерлер көптен күткен жалақысын алады. Шаруашылықтың техника паркі ескіргендіктен, 11 шетелдік егіс кешені, 25 «Есіл-700» комбайны тәрізді өзге де жаңа техникалар сатып алынды. 1999 жылы серіктестікте 23 ірі қара мал мен 17 жылқы болыпты. Кейін серіктестік мал шаруашылығын дамытуды қолға алып, ірі қара мал басын жеті жүзге, жылқы санын мыңға жеткізді. Тек еттің бағасы арзандаған кезде, пайдасы аз болған соң мал басы азайыпты. Шаруашылық тауарлы сүт фермасын ашу  үшін 3 мал қорасын салды. Биыл 50 бас сиыр, жергілікті және асыл тұқымды жылқылар сатып алу межеленген.
– Шаруашылықты қайта құру жылдары қиын болды. Село тұрғындарының бірқатары өзге елді мекендерге қоныс аударды. Тек еңбекақы ала бастағанда, тұрғындар келешегіне сенді. Кейін Каменка селосына Александр Казанцев, Артем Клименко сияқты отбастары көшіп келіп, село тұрғындары көбейе түсті. Қазір мұнда Беликовтар әулеті жақсы жұмыс істейді. Сергей Зверев, Павел Титаренко мен Александр Сопов та өз еңбектерімен көзге түсіп жүр, – дейді серіктестік басшысы.
Егіншілікпен айналыспай, мал шаруашылығын дамыту қиын. Бірақ, елді мекенде тұратын адамдар мал ұстауы тиіс. Өйткені, мал өнімдері қосымша кірістің көзі. Оның үстіне осы бағыттарда жұмыс істейтін серіктестіктің еңбеккерлері қысы-жазы еңбек етеді. Бұл селоның іргесі сөгілмеуіне ықпалын тигізеді. Бүгінгі таңда тек қана егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар кездеседі. Мұндағы жұрт қыс бойы жұмыссыз отырады. Каменка селосында мұндай көрініс байқалмайды.
– Біз алғашқы жылдары жусан өскен алқаптардың бәрін игердік. Бұрын он мың гектар алқапқа дәнді дақылдар сіңірілсе, қазір бұл меже 21 мың гектарды құрап отыр. Оның жеті мың гектары парға қалдырылады. Алқаптарымызда арамшөп жоқ. «Агро центр» серіктестігі мен кейбір шаруа қожалықтары жер өңдеумен дұрыс айналыспайды. Осының салдарынан алқаптарын арамшөп басып кеткен. Арамшөп тұқымы желмен біздің алқаптарға ұшып келетіні көңілге қаяу түсіреді. Алғашқы жылы гектар берекесі 9 центнерден айналды. Кейін көктемгі егіс, еңбекақы мен техника сатып алу шығынын есептеп, тығырықтан қалай шығу керектігі жөнінде ойландық. Екінші жылы гектар берекесі 11 центнерден айналды. Соңғы жылдары гектарынан 18-20 центнер астық жинап жүрміз. Арамшөпсіз алқаптарда химиялық өңдеу жүргізбейміз. Тек тыңайтқыштар сіңіреміз. Нәтижесінде астық сапасы жақсарды, – дейді серіктестіктің бас директоры.
     Бүгінгі таңда шаруашылықтың кірісі біршама азайыпты. Керісінше шығын мөлшері артқан. Мәселен, егіс кешенінің құны бұрын 365 мың доллар болса, қазір  400 мың долларға дейін өскен. Ал, астықтың бағасы бұрынғы қалпында қалып отыр. Биылғы жылы компаниялар ауыл шаруашылығы техникаларын аз сатуы мүмкін. Өйткені, шаруашылықтар кіріске кенелгенше техника сатып ала алмайды. Тыңайтқыштар мен химиялық дәрі өндіретін отандық кәсіпорындар да өз өнімдерін шетелдік валютамен
саудалауда. Бұл жағдай да ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін серіктестіктерді алаңдатып отыр. Олар бұл тығырықтан шығудың жолын іздестіруде.   Облыс орталығында серіктестіктің диірмені жұмыс істейді. Мұндағы астық және ұн қоймалары, теміржол тармағы жөнделген. Биылғы жылы арнайы қондырғылар сатып алынбақшы. Шаруашылық майлы дақылдар алқабын кеңейтіп, өсімдік майын өндіретін цех ашуды межелеп отыр.
– Біздің серіктестік тұқым шаруашылығы болып саналады. Биылғы жылы тұқым сатып алуға өтінім көп түсті. Өзге шаруашылықтар әр жыл сайын тұқым сатып алады. Қамбада 5,6 мың тонна тұқым сақталуда. Өткен жылы тұқым тазалағыш техниканың барлығын ауыстырдық. Кейбір шаруа қожалықтары оны сатып алар кезде қаржысы болмай қатты қысылады. Сөйтіп, тұқым құнын болашақ астықтың есебіне жатқызуға тура келеді. Мұндай қарыз мөлшері қазір 798 миллион теңгені құрады. Биылғы жыл – біз үшін ауыр жыл. Техника жөндеу кезінде әр егіс кешеніне қосалқы бөлшек сатып алу үшін 110 миллион теңге қажет. Биыл диқандардың еңбекақысын 40 пайызға көбейттік. Бригада келісім-шарт бойынша соңғы нәтиже үшін жұмыс істейтін болды. Егер диқандар ылғалды жылы гектар берекесін 23 центнерден асырса, құрғақшылық жылы гектарынан 18 центнерден артық алса, ол өнімді өздері алады. Адамдарды еңбекке тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Олардың мал мен құс ұстауына, картоп өсіруіне көмектесеміз.   Қыс айларында аудан орталығына баратын жол уақытында қардан аршылмады. Жол наурыз айында үш-ақ күн ашық болды. Ауыл тұрғындары сыртқа шыға алмады. Облыстық маңызға ие жолды тендерді ұтып алған «ДЭУ» кәсіпорны қардан аршуы тиіс. Бірақ, олар міндеттерін дұрыс атқара алмай отыр, – дейді Алексей Джейранов.
Серіктестік басшысының басты мақсаты – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, село жастарын сыртқа кетірмеу. Мұнда еңбекақы уақытында беріледі. Еңбекақы есебінен кейбір еңбеккерлердің үй сатып алуына жәрдемдесіпті. Каменка селосында су құбыры жүйесі жоқ. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын жасаймын деген бәз біреулер ақшасын алып, із-түзсіз кеткен. Соның салдарынан серіктестік мәжіліс залы бар спорт кешенін де сала алмады. Әрине, бұл нысан жас-тар демалысы мен оларды спортқа тарту үшін қажет. Мәжіліс залында салтанатты шаралар мен жастар биі өткізілер ме еді деп армандайды ауыл тұрғындары. Дегенмен, серіктестік бұрынғы бала бақшаны жөндеп, жастардың «Батыр» спорт кешенін пайдалануға беріпті. Оған спорт жабдықтары, теннис столы сатып алынған. Сондай-ақ, «Одиссей» жастар орталығында музыкалық аппарат пен би алаңы бар дәмхана жұмыс істейді. Сөйтіп, серіктестік тұрғындардың тұрмыс деңгейін жақсартуға елеулі үлесін
қосуда.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар