Мұқият көңіл бөлуді қажет етеді

Бүгінгі таңда септориоз ауруы егіс алқабына зиянкестігі жағынан бірінші орында тұр. Соңғы 12 жыл ішінде ол бес рет қайталанды. Оның өрши түсуіне өткен жылдың ауа райы да қолайлы болды. Әсіресе, бұл аурудың «Septoria nodorum» мен «Septoria tritici» түрлері жиі байқалуда.

Соңғы жылдары осылайша бұл егістік зиянкесі үлкен мәселе тудырып отыр. «Septoria tritici» жапыраққа түскенде сарғыш қоңыр жолақты дақтар немесе ортасы сұр-боз  болып келген қара-қоңыр дақтар түрінде байқалады. Дақтар баяу бірігіп некротикалық жолақтар құрайды. Ал, «Septoria nodorum» жапыраққа түскенде оның некрозы мен хлоротикалық дақтары аурудың ерекше түрінде байқалады. Өсімдіктің жапырағы, сабағы, масағы мен дәніне зақым келтіреді. Соның салдарынан жапырақтар өледі, сабақтың буынаралығы мен масақ қабыршығы зақымданады. Сондай-ақ, өсімдіктің фотосинтетикалық белсенділігін төмендетіп, вегетациялық кезеңін қысқартады. Ауруға шалдыққан өсімдік дәндері өнімділігінің нашарлауы негізінен масақ дәнділігінің төмендеуінен болады.
Бұл жұқпалы ауру аңыздық өсімдік қалдықтарында сақталып, келесі жылдың көктем мен жаз айларында пикнидалар мен пикноспоралар көп түзіледі. Ауру тұқым арқылы да жұғып, астық пен барлық өсімдіктерде сақталады. Септориоздың
жайылуына жоғары температура мен ылғалдың мол болуы көп әсер етеді. Нәтижесінде жапырақтарда некроздардың түзілуіне қолайлы жағдай туады. Астықтың вегетациялық даму кезеңінде жоғары температура мен жауын-шашын мөлшері көп болған жылдары септориоз ауруының жаппай таралуы байқалады. Егістік алқаптарындағы өсімдіктерде ауру ерте байқалса, эпифитотияның пайда болу қаупі жоғары болады. Сондықтан, ең төменгі зақымдану кезінде қорғау шараларын жүргізу керек.
Агротехникалық шараларды қолданғанда септориоздың биологиялық таралу ерекшеліктеріне және аурудың өршуіне назар аудару қажет. Аурудың негізгі қоздырғыш көзі сабан болып табылады. Топырақта ауру қоздырғышының сақталуы төмен болады. Демек, сабан топыраққа енгізілсе, жердің жұқпалы ауруды жұқтыруын азайтады. Тұқым мен топырақтағы ауру қоздырғышын тежеу үшін дәнді дақылдарды дәрілеу қажет. Өзге де аурулар сияқты септориозға қарсы бидайды химиялық жолмен қорғау оның өсуіне байланысты жүргізіледі. Алдымен, жапырақтың жағдайына назар аудару қажет. Оны алдын ала қорғау дәнді дақылдың жақсы толысуына мүмкіндік береді. Аурудың бастапқы белгілері пайда бола бастаған кезде егістік алқаптарын фунгицидтермен өңдеу керек. Қажеттілік туындағанда бұл жұмыс қайталанады.
Бидайдың ауруға қарсы төзімділігі мыс, мырыш және марганец сияқты микроэлементтердің жеткілікті болуына байланысты болады. Тамырдан тыс үстеме қоректендіру кезінде лайықты өсу реттегішін қолдану дақылдың ауруға қарсы тұруын қалыптастырады. Ауруларға қарсы химиялық күрес шараларын жоспарлағанда фунгицидтерді уақытылы қолдану жоғары экономикалық нәтижені қамтамасыз етеді. Өсу кезеңінде дәнді дақылдар септориоз, гельминториоз дақтарымен және қоңыр тат ауруымен зақымданады. Тұқымды дәрілеу оның өсуіне әсерін тигізбейді. Сондықтан, егістік алқаптарын фунгицидтермен өңдеу қажет. Аурудың әлсіз кезінде фунгицид қоспасын өсу реттегішімен немесе биопрепаратпен қолдану экономикалық жағынан тиімді әрі фунгицидтің шығын нормасын 50-70 пайызға төмендетеді. Алайда, егістік алқаптарының жоғары зақымданған жағдайларында химиялық препараттардың толық шығын нормасын қолдану тиімдірек.

Сандуғаш  БАБКЕНОВА,
А.Бараев атындағы ауыл шаруашылығы
ғылыми өндірістік орталығының зертхана
меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар