«Ақмола медиа орталығы» баспасөз орталығында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаев баспасөз мәслихатын өткізді.
Қыста облыс аумағына қар қалың түсті. Бірақ, қар сәуірде еріп, жерге тез сіңді. Көктемгі су тасқынына қарсы ұйымдастырылған шаралардың арқасында тұрғындар өткен жылдардағыдай зардап шеккен жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаевтың айтуынша, қыс және көктем айларында облыстың елді мекендерінен 954 мың текше метр қар шығарылып, 52 мың тонна инерттік материалдар, 180 мың дана қап, 428 тонна жанар-жағармай дайындалған. Республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар көлік жолдарындағы 3,2 мың су өткізгіш құбыр мен 190 көпір тазаланған. Төтенше жағдайлар салдарын жою үшін екі мыңнан аса адам, 684 техника, 373 су сорғыш техника мен 73 қайық дайындалған.
Облыс аумағында су тасқыны екі кезеңде өтіпті. 31 наурыздан 6 сәуірге дейінгі кезеңде күн жылынып, қар суы өңірдің өзендерін толтырған. Осы кезеңде Сандықтау мен Бұланды аудандарының екі елді мекенінің 11 ауласын және облыстық және аудандық маңызы бар көлік жолының 21 учаскесін су алыпты. 7 және 15 сәуір аралығында Жабай өзеніндегі су арнасынан асып, Атбасар қаласындағы су бөгетін бұзды. Соның салдарынан 13 үйді су алды. Дегенмен, су тасқынының алдын алу шараларының арқасында тұрғындар мен мал-мүлік аман.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.