Жеңістен үмітті

«Бурабай» спорт сарайында Ақмола хоккей федерация-сы мен «Арлан» хоккей клубының президенті, «Астық транс» акционерлік қоғамының президенті Рамазан Айғайбеков пен «Арлан» хоккей клубының директоры Игорь Горьков ерлер командасы арасындағы шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы чемпионатының аяқталуына орай баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Шараға «Арлан» хоккей командасының бас жаттықтырушысы Виктор Богатырев бастаған команда ойыншылары, жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ақмола хоккей федерациясы мен «Арлан» хоккей клубының президенті Рамазан Айғайбеков сөз сөйлеп, арландықтар алдарына қойған міндетін абыроймен орындап, ел чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алғанын атап өтті.
– Ойыншыларымыз жартылай финалда жақсы ойнады. Финалда бір-ақ жеңімпаз болады. Осы жолғы жеңіс Атырау қаласынан келген меймандарымызға бұйырды. Командамыз жеңіліп қалды деп айту қиын. Өйткені, чемпионат бойы үлгілі ойын өрнегін көрсетті. Өткен жылы Қазақстан Республикасы чемпионатының кубогін жеңіп алды. Облыс әкімі Сергей Кулагин спортқа көп назар аударады. Биылғы жылы хоккей клубының барлық қаржылық мәселесі шешілді. Команданы қолдаған жанкүйерлерімізге де алғысымды білдіремін. Команданың құрамында өзгерістер болады. Келесі жылы жанкүйерлерімізді қуантамыз. Бүгінгі таңда 200 бала спорт мектебінде хоккеймен айналысады. Олардың көбі биылғы маусымда медальдарға ие болды. Келешекте бұл ұрпақ жергілікті команданың ойыншыларын ауыстырады,– деді «Арлан» хоккей клубының президенті. Баспасөз мәслихатында хоккей командасының маусым айында жиналатыны, тамызда Қазақстан Республикасы кубогі үшін дәстүрлі турнир өткізілетіні және қыркүйектің басында Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған чемпионат басталатыны туралы да айтылды. «Арлан» хоккей клубының директоры Игорь Горьков өз сөзінде ойыншылар мен қызмет көрсету ұжымы жеңіске жету үшін бар күш-жігерлерін салғанын айтып өтті. Атырау мен Павлодар қалаларының ойыншылары көкшетаулық жанкүйерлердің белсенділігіне тәнті болыпты. Оны соңғы финалға жанкүйерлер көп келіп, билет жетіспегені айғақтай түседі. Жанкүйерлердің қолдауы команда ойыншыларына қосымша күш беріп, ойынның соңына дейін күресулеріне ықпал ететін сыңайлы. Жанкүйерлер тарапынан тактикалық қателіктер мен ойыншылардың демалысы жөніндегі мәселелер көтерілді. Алдағы уақытта атқару комитеті команданың құрамы мен ойыншының жасы жөніндегі мәселені шешпек. Өткен жылы легионерлер саны қысқартылса да чемпионат деңгейі төмен түспеген. Биыл шетелдік ойыншыларды  қазақстандықтар ауыстыруы мүмкін. Шара соңында қойылған сауалдарға тұшымды жауап берілді. Бұдан кейін көрермендер мұз айдынында болып өткен «Арлан» және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің «Арлан–2005» хоккей командаларының арасындағы жолдастық кездесуін тамашалады.
«Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар