Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атбасардағы жазушы музейі - АРҚА АЖАРЫ

Атбасардағы жазушы музейі

Өткен жылы қыркүйек айында қазақтың біртуар заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің Атбасар қаласындағы мемориалдық музейі күрделі жөндеуден өткеннен кейін жұртшылыққа есігін айқара ашқан еді. Бюджеттен 40 миллион теңге қаржы бөлініп, іші-сырты жөнделіп, жаңа мұрағаттармен толықтырылған музейдің сыртқы бейнесі тартымды  болып қана қоймай, мән-мазмұны да толыға түсті.

 

Ілияс Есенберлиннің Атбасардағы музейі 1999 жылы ашылған болатын. Заманның сол бір қиын кезеңінде қаладағы тұрғын үйлер мен түрлі ғимараттар қаңырап бос қалып жатқан тұста аудан әкімдігінің сәулетті жаңа музей салуы әлдекімдерге ақылсыздық болып та көрінген. Азын-аулақ жалақылары мен зейнетақыларын уақытында ала алмай қиналған кейбіреулердің жаңа ғимарат салғанша жалақыны бермей ме деп реніш білдіргендері де болған. Соның бәріне қарамастан, жазушының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған мемориалдық музей құрылысы 1999 жылы аяқталып, пайдалануға берілді. Осылайша жаңа музей қазақтың бес ғасырлық тарихын көркемсөзбен өрнектеген, соңында әдеби мол мұра қалдырған қаламгердің өмірі мен шығармашылығын халыққа, оның ішінде өсіп келе жатқан жас ұрпаққа танытуға және насихаттауға сүбелі үлесін қосып келеді.
Өткен жылы ұлы жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында әлемдік деңгейде аталып өтті. Міне, сол мерейтой қарсаңында көп жылдардан бері жөндеу көрмеген музей қайта жаңғыртылып, өмірге екінші рет жолдама алғандай болды. Музейдің директоры Ұлболсын Қамбатырова мұражайды аралатып, мұрағаттармен жан-жақты таныстырды. Бүгінде музейде төрт бөлім бар. Бірінші бөлімде жазушының балалық шағы мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмірі қамтылса, екінші бөлімде отбасы мен жеке кітапханасы, үшінші бөлімде шығармашылығы қамтылған. Оған қоса, лекциялық зал жұмыс істейді. Қазіргі күні мемориалдық музейде екі мыңнан астам мұрағат бар. Жыл сайын жаңа мұрағаттармен толыққан
музейдің мән-мазмұны баий түсуде.
Кіре берістегі фойеде Атбасар қаласының ертедегі көрінісін бейнелеген үлкен сурет көз тартады. Екі және бір қабатты ағаш, тас үйлердің арасында бала Ілиястың туып-өскен үйі де бар. Бұл үй бүгінге дейін сақталған. Сондай-ақ, жазушы оқып білім алған мектеп-интернат қазір кемтар балалар мектебі ретінде пайдаланылуда. Екінші бөлмеде қаламгердің жұмыс столы мен жазу машинкасы, жұқа ақ плащы,
басқа да тұтынған заттары
қойылған.
Өткен жылы жазушының туыстары бұрын ешкімге бермей жүрген, Ілияс Есенберлин кезінде жинаған минералды тастар топтамасын тапсырды, – дейді музей директоры. Шыны тақтаның астына қойылған минералдар көз жауын алады. Мамандығы геолог болған қаламгер минералды тастар топтамасын жинауды әдетке айналдырған екен. Музейде жазушының жеке кітапханасы түгел сақталған. Туыстары оны ертеректе толық тапсырған екен. Мұнда сондай-ақ, «Мұхиттан өткен қайық» романының қолжазбасы да бар.
Ұлболсын Қамбатырованың айтуынша, музейге сырттан келген қонақтардың ат басын бұрмайтындары кемде-кем. Қысы-жазы келушілер қатары тиылмайды. Мектеп оқушылары мен колледждердің студенттері де жиі келіп тұрады екен.
Атбасар қаласының орталық алаңында бұрын Ленин ескерткіші тұрған орында Ілияс Есенберлиннің еңселі ескерткіші бой көтерген. Мұнда Есенберлин көшесі және жазушы атындағы мектеп бар. Атбасардан түлеп ұшқан, қазақ халқын барша әлемге танытқан ұлы жазушының есімін ел есінде сақтау бағытында атқарылып жатқан игі істерге көңіліміз толып, разы болып аттандық.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Суреттерді түсірген Берік Ескенов.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар