Жат ағымның жетегінде жүргендер бар

Облыстық терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысында түзеу мекемелерінде, сондай-ақ, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар мен алдағы міндеттер сөз болды.

Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы Кенжебек Өнербековтың комиссия отырысында келтіріп өткен мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда департаменттің түзеу мекемелері мен тергеу изоляторында  жат ағымды ұстанушы 61 сотталушы бар. Жыл басынан бері олармен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, Ақмола облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері діни экстремизмнің қалай алдын алуға болатыны жайлы  отыздан астам кездесу өткізген. Бұдан басқа жазасын өтеушілер жазушы Ы.Алтынсариннің «Мұсылмандық негіздері», басқа да танымдық, діни кітаптар арқылы білімдерін жетілдіріп отырады. Облыс түрмелеріндегі жалпы кітап қоры 2000-ға  жақын. Оның жыл сайын жаңа кітаптармен толығып отыруына «Насихат» кеңес беру-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі үлес қосып жүргенін, теріс жолға түсіп, жазаларын темір торда өтеп жүрген жандарды тәртіпке шақыруда оларды еңбекпен қамтудың маңызы зор екенін мекеме басшысы айтып берді. Сол себепті, бұл мәселе  департаменттің жіті назарында. Үстіміздегі жылы жат ағымды қолдайтын сотталушылар арасында 20 адам түзеу мекемесінің ішінде жұмысқа орналастырылып, білім алуда. Ал, тапқан табыстарын сотталған азаматтар өз отбасыларына көмек ретінде жөнелтіп отырады.
Жастарды жат ағымдардан сақтау мәселесіне қатысты баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ринат Галлямовқа комиссия мүшелері алдағы уақытта бұл іске басқаша қырынан келуді, жастармен флеш-моб, түрлі акциялар ғана өткізбей, діни экстремистік көзқарастағы ұл-қыздармен жекелей жұмыс істеу қажеттігін ескертті. Облысымызға алыс-жақын қалалардан қанша жастар келетіні, жыл сайын қанша түлек оқу бітіретіні туралы сараптама жасап отыру артық етпейді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар