Бағбандыққа неге енжармыз?..

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында Зеренді ауданы бағытындағы тас жолдың бойынан жер телімдері бөлініп, Көкшетау қаласының тұрғындары бағбандықпен айналыса бастады. Алғашқы кезде ынта зор, ықылас күшті еді…

 

Сол жылдары мұнда 21 мыңнан аса шағын үйлер салынып, жеміс ағаш көшеттері, картоп пен әртүрлі көкөніс  отырғызылды. Алыстан қарағанда саяжайлар үлкен қаладай болып көрінетін. «Светлый» саяжайлар кооперативінің төрайымы Галина Багрянцеваның айтуынша, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары жарық тұрақты берілмегендіктен, бағбандар суға зәру болып, көбі бұл игілікті істі доғаруға мәжбүр болған. Осы жылдары қалалықтардың кейбіреуі алыс және жақын шетелдерге қоныс аударып, саяжайлары иесіз қалды. Оның үстіне ұрлық-қарлық көбейіп, бағбандардың еңсесін түсірді. Осының салдарынан 14 мыңнан астам саяжай пайдаланылмай жатыр.  Дегенмен, соңғы жылдары қалалық әкімдіктің бастамасымен жұрт саяжаймен айналыса бастады. Мұндағы кооперативтердің жұмысы жанданып, бағбандар электр қуатымен және сумен қамтамасыз етілді. Саяжайларды атты полиция күзететін болды. Автобус бағыттары ұйымдастырылды. Сөйтіп, бағбандар үшін қолайлы жағдай жасалды.
Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ақбота Молдахметова бізбен әңгімесінде иесіз жатқан саяжайларды бағбандықпен айналысқылары келген қала тұрғындары алуға болатынын айтты. Ол үшін Көкшетау қаласы әкімінің атына өтініш жазып, қалалық жер қатынастары бөлімі арқылы құжаттамалар пакетін жинаулары қажет. Кейін саяжайлар кооперативіне тиісті жарнасын төлеп, саяжайдың жер телімін ала алады. Бүгінгі таңда зейнеткерлер азық-түлікке жұмсайтын қаржыны үнемдеу үшін жеміс-жидек, көкөніс өсіруді кәсіп етіп жүр. Бақшасында ешқандай химиялық қоспасыз қияр мен қызанақ өсіреді. Күз айларында едәуір өнім жинап алады. Артылғанын сатады.
– 1997 жылдан бастап, саяжайдан шықпайтын болдым. Алғашында  бес жүзден астам жеміс-жидек ағашын отырғыздық. Олардың өнімін жыл сайын  жинаймыз. Бүгінгі таңда үш саяжайым бар. Кейінгі екеуін Ресейге қоныс аударған көршілеріміз сыйға тартты. Қазір саяжайларымда алма, алмұрт, қара өрік, шие, құлпынай, әртүрлі қарақат пен жидек өседі. Сондай-ақ,  картоп пен қызанақ, ақ желкен, қырыққабат, қияр, сәбіз, сарымсақ, пияз сияқты өзге де көкөністер отырғызамыз. Күзде қызанақ, сәбіз, тұрып, қызылша сияқты көкөністерден тұқым алып, оны ақпан, наурыз айларында үйде өсіремін, бой көтерген соң далаға шығарамын. Көкөніс гүлдей бастағанда күнтізбеге сәйкес, өз уақытында саяжайға отырғызамын.  Құлпынай бұтасы жаз айларында 4-5 рет өнім береді. Күн жылы болса, қараша айында да құлпынай теруге болады. Қыс айларында қалың қар жаумаса, оның тамыры аязға шыдай алмайды. Ол жылы қатты қиналамын. Жалпы, құлпынай бұталары көп күтімді қажет етеді. Олардың түбін қопсытып, бұтақтарын қырқу керек. Әр жылда  өнімділігі әртүрлі. Қасымызда бірен-саран саяжай бар. Олар көктемде картоп отырғызса да, жаз бойы күтпейді де күзде өнім аламыз деп келеді. Арамшөп арасында қалған картоп өспей қалады, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Бақыт Ахметова бізбен әңгімесінде.
Саяжайдан мол өнім алу үшін көп еңбектенуге тура келеді. Мұнда кейбір қала тұрғындары таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істейді. Осының арқасында базардан жеміс-жидек пен көкөніс сатып алмайды. Оларды қыс айларында сақтайтын арнайы жертөлелері бар. Бағбандардың айтуынша, ылғал мол болуы үшін жерді күзде жыртқан тиімді. Картоп отырғызғанда топыраққа аздап көң мен ағаштың күлін араластырған жөн. Ал, химиялық тыңайтқыштар өнімнің сапасына кері әсерін тигізетін
көрінеді.
–  Көкшетау қаласында  өз ісінің хас шебері болатындай бағбандар бар. Бағбанды әлі бір кәсіп, мамандық дәрежесіне көтере алған жоқпыз. «Ерінбеген етікші болады» демекші, қазіргі біздің бағбан деп жүргеніміздің көбі зейнет жасындағылар. Бағбандыққа жастарды тартуымыз қажет. Егер саяжайлар шынайы бағбанның қолына тисе, өнім түрі мол болар еді. Өңірімізде өсімдіктің бірнеше түрі өседі. Бұл дегенің баға жетпес байлық. Біз саяжай мен бағбанның қадірін білмей жүрміз. Сондықтан, байлығымызды бағалауымыз қажет. Сонда ғана мол игілікке кенелеміз, – дейді  «Приборостроитель» саяжайлар кооперативінің төрағасы Юрий Агафонов бізбен әңгімесінде. Зеренді селосына баратын көлік жолы бойындағы он тоғыз саяжай кооперативі ұзындығы 17,5 шақырым үш су құбыры бойынша катлованның, он төрт саяжай кооперативі скважиналардың суымен қамтамасыз етілген. «Светлый» саяжай кооперативінің төрайымы Галина Багрянцеваның айтуынша, саяжайларды жастар алуда. Бүгінгі таңда мұнда үй салуды көздеген 30 отбасы тұрады. Бұдан басқа да пайдаланылмай жатқан саяжайлар бар екен. Бірақ, олар 20 жыл бос жатса да ешкімге бергілері келмейтін
көрінеді.
– Өткен жылы электр қуатын «Родник» саяжай кооперативінен алдық. Биыл олар бізден бас тартып отыр. 2 миллион теңгеге бағаланған трансформаторды сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ, – дейді саяжайлар кооперативінің төрайымы. Соңғы кезде Ғалым Омаров, Бақыт Исабаева, Ерлан Хасенов, Айман Ырысбаева, Гүлнәр Мүсіркенова және өзге де жастар игерілмей бос жатқан жерлерге көкөніс өсіруге шындап ден қоя бастады. Өңірдегі күн райы бағбандықпен шұғылдануға қолайлы. Оның үстіне бүгінгі ішкі нарықта көкөністің бағасы шарықтап тұр. Статистикаға сүйенсек, биыл қырыққабат, жуа мен картоп 12 пайызға қымбаттаған. Көкөністі өз саяжайында өсірген анағұрлым тиімді. Айнұр Ақышева «Локомотив», «Урожай» және «Жилищник» саяжайлар кооперативтерін басқарады. Мұнда да саяжай алған
Дидар Шоқпақов, Әделла Ералина, Асхат Ілиясов сияқты жастардың саны көбейген. Осында он шақты отбасы тұрады. Кооперативте техникалық және күзет қызметі ұйымдастырылған. Жол жөнделіп, жарық тартылуда. Су скважина арқылы беріледі. Жалпы, саяжай кооперативтерінде жол, су мен электр қуатына қатысты мәселелер баршылық. Олардың ең негізгісі –
пайдаланылмай жатқан саяжайлар мәселесін шешіп, бағбандар тарту. Сонда ғана бұл игілікті іс
алға басар еді.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар